Алматы • Бүгін, 15:06

«Апорт» алмасын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр  

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Апорт» алмасының сортын қалпына келтіруге бағытталған жүйелі жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2024 жылы басталғаны мәлім. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың тапсырмасымен 2025-2028 жылдарға арналған аталған алма сортын қайта жаңғырту жөніндегі Жол картасының жүзеге асырылуына мониторинг жүргізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Апорт» алмасын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр   

Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Президент Іс Басқармасына қарасты «Астана 20» мемлекеттік қорының белсенді қолдауымен сапалы көшет материалын өсіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, көшет материалы – болашақта «Апорт» сортын отырғызатын жаңа бақтардың негізіне айналмақ.

2024 жылы Жоңғар Алатауының таулы аймақтарынан Сиверс жабайы алмасының тұқымдары жиналып, олар себіліп, көшет питомнигі құрылған. 2025 жылғы ақпанда сапалы көшеттер дайындау мақсатында 10 гектар алқапта қысқы көзтаңба (окулировка) жұмыстары жүргізілген.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше ведомство өкілдерінің Алматы облысына жұмыс сапары Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың төрағалығымен өткізілген кеңеспен аяқталды. Кеңеске салалық құрылымдар мен ғылыми қауымдастық өкілдері қатысып, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының «Талғар» өңірлік филиалы басшысының есебі тыңдалды. Сонымен қатар жобаны іске асыруға кедергі келтіріп отырған мәселелер талқыланып, оларды шешудің нақты жолдары айқындалған. Тиісті құрылымдарға нақты тапсырмалар берілді.

Айта кетелік, 2027 жылдың соңына дейін 110 гектар бақ отырғызу көзделіп отыр.

Сонымен қатар, «Апорт» алмасын ұлттық бренд ретінде кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нақты атағанда, биыл қыркүйекте Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының помологиялық бағы базасында «Бақ күні» шарасы өтеді.

Сала министрлігі тарапынан Жол картасын іске асыру шеңберінде жобаның ғылыми негізі мен сабақтастығын және орнықты дамуын қамтамасыз ету жалғаса бермек.