
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов металлургтерді кәсіби мерекесімен құттықтап, металлургия саласы өңір экономикасының жетекші бағыты екенін атап өтті. Ол осы салада еңбек етіп жүрген әрбір маманның қажырлы еңбегі мен табандылығының арқасында өндіріс көлемі жыл сайын ұлғайып келе жатқанын айтты. Бұл өз кезегінде отандық өндіріс саласының дамуына үлкен серпін беріп отыр. Аймақ басшысы бүгінде мыңдаған шығысқазақстандықтың металлургия саласында еңбек етіп жатқанын алға тартты. Әлеуеті зор өндірістік өңірде түсті металлургияның 60%-ы, мырыштың 100%-ы, тазартылған күмістің 70%-ы өндіріледі. Өскемен қаласында орналасқан ірі кәсіпорындар – «Казцинк» ЖШС, «ҮМЗ» АҚ, «Өскемен ТМК» АҚ және «Востокцветмет» ЖШС стратегиялық маңызы бар, сирек кездесетін металдарды өңдеумен айналысады.
Қазір облыстағы 70-тен астам өнеркәсіп пен зауыттың 80%-ы – өңдеуші кәсіпорындар. Мәселен, әлемде бар болғаны үш берилий шығаратын зауыт болса, ал ТМД елдері бойынша тантал өндіретін бес зауыттың бірі – Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты. Аталған кәсіпорын уран, тантал және берилий өнімдерін ірі көлемде өндіреді және Қазақстанда атом электр стансалары үшін жылына 200 тонна төмен байытылған уран отынын шығаратын жалғыз зауыт саналады.
«Металлургия саласын «индустрияның жүрегі» деуге болады. Бұл ретте, ел мүддесіне адал қызмет етіп, қажырлы еңбектің көш басында тұрған, өңірдегі металлургия саласының дәстүрін қалыптастырып, берік негізін қалап берген ардагерлерге алғыс білдіремін. Сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында біздің облыс өнеркәсіптік дамудың жаңа сатысына көтерілді. Еліміздің өндіріс саласы да осы еңбектің нәтижесінде қарқын алып келеді. Енді бұл дәстүрдің жалғасын тауып келе жатқаны қуантады. Бұл – сіздердің кәсібиліктеріңіздің, еңбекқорлық пен төзімділіктеріңіздің айқын көрінісі. Әр азаматтың әл-ауқатын жақсартып, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып келесіздер. Мерекелеріңізбен құттықтаймын!» деді облыс әкімі.
Мерекелік жиында сала ардагерлері мен үздік мамандарға мемлекеттік марапаттар мен облыс әкімінің атынан Алғыс хаттар табысталды. ШҚО Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының «Шығыс суқоймалары» КМК инженер-гидротехнигі Мирзан Иманжанов «Құрмет» орденімен, «Востокцветмет» ЖШС Артемьев шахтасының жерасты учаскесінің тау-кен шебері Серікқан Төлеубаев және «Казцинк» ЖШС мыс зауытының балқытушысы Казез Бекшентаев III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, «Казцинк» ЖШС, Малеев кенішінің жүк тиеу-жеткізу машинасының машинисі Руслан Карыкбаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сонымен қатар Уран өндірісінің 6-разрядты аппаратшысы («ҮМЗ» АҚ) Михаил Матрёнинге, Тантал өндірісі №58 цехтың 6-разрядты аппаратшысы («ҮМЗ» АҚ) Оразалы Жетеновке, №3 цехтағы титан мен сирек металдарды қалпына келтіру және айдау пешшісі («Өскемен ТМК» АҚ) Юрий Куликовқа, №12 цехтың балқытушысы («Өскемен ТМК» АҚ) Азамат Қожахметовке, Ертіс шахтасының өндіру учаскесінің скреперлік лебедка машинисі («Востокцветмет» ЖШС) Нұрлан Есімбековке, Артемьев шахтасының тиеп-жеткізу көлігінің машинисі («Востокцветмет» ЖШС) Архат Көпжасаровқа облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Жиын соңында аймақ басшысы марапат иелерін құттықтап, салтанатты іс-шараның қатысушыларымен естелік суретке түсті.