
Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
1995 жылы 30 тамызда еліміздің негізгі заңы, тәуелсіздігіміздің берік негізі саналатын Конституциямыз қабылданды. Содан бері Ата заңымыз халқымызбен бірге түрлі кезеңді басынан өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ата заң – мемлекеттілігіміздің мызғымас тірегі әрі еліміздің саяси және қоғамдық құрылысын, айнымас құндылықтары мен даму жолындағы стратегиялық бағыт-бағдарын айқындайтын басты құжатымыз. Жалпыұлттық референдум арқылы жаңартылған Конституциямыз ұлтты ұйыстырудың нағыз символына айналды. Сондай-ақ негізгі заңымыз елдің саяси жүйесін демократияландыруды, заң үстемдігін қамтамасыз етуді және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін ауқымды өзгерістің берік тұғыры саналады. Конституциялық Соттың құрылуы – осындай институционалды реформаның бірі. Бұл құрылым азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалатынына әрдайым кепілдік беретін Ата заңымыздың рөлін мейлінше арттырды», деген болатын.
2022 жылғы Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізілген конституциялық реформалардың нәтижесінде бұрынғы Конституциялық Кеңес Конституциялық сот болып қайта құрылып, жаңа субъектілер тізімімен толығып, жаңа өкілеттіктерге ие болды. Жаңартылған Конституциялық сотқа енді билік өкілдерімен қатар, азаматтар, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және Бас прокурор өтінішпен жүгіне алатын үрдіс қалыптасты. Бұл конституциялық бақылаудың аясын кеңейтіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған маңызды тетікке айналды.
Конституциялық сот заңдарды немесе олардың нормаларын тек Конституцияға сәйкес немесе сәйкес емес деп танумен шектелмей, оларға ресми түсіндірме бере алады. Яғни аталған заң немесе норма Ата заңымызға сәйкес келсе де, ол Конституциялық сот берген түсіндірмеде ғана қолданылуға тиіс. Бұл жаңашылдық азаматтардың құқықтарын қорғау мүмкіндігін арттырып, құқықтық мемлекет қағидаттарын бекіте түсті.
Мәселен, 2023 жылғы қаңтардан бері, яғни екі жарым жылдың ішінде Конституциялық сотқа 11 мыңнан аса өтініш келіп түсіп, судьялар осы уақыт аралығында 400-ден аса қаулы қабылдап, конституциялық тексеру нәтижесінде субъектілердің өтініштері негізінде 73 қорытынды шешім (нормативтік қаулы) шығарған. Оның ішінде 3 өтініш Президенттен, 1 өтініш депутаттардан, 2 өтініш Үкімет мүшелерінен, 2 өтініш Бас прокурордан, 65 өтініш жеке азаматтардан түсіп, 73 нормативтік қаулы өтініші негізіне қабылданған.
Сарапшылар Конституциялық сот қарапайым азаматтың құқығын қорғаудың тиімді құралына айналғанын, бір адамның өтініші арқылы ұқсас жағдайға тап болған жүздеген азаматтың құқығы қорғалатынын, Конституциялық соттың шешімі қоғам өмірінің барлық саласына әсер етіп, құқықтық жүйені жетілдіруге ықпал ететінін айтады.
Конституциялық сотқа жүгінген өтініштердің түгелге жуығы, яғни 99%-ы азаматтардан келді. Конституциялық соттың құзыретінен тыс өтініштер жалпы өтініштердің 95%-ын құрады. Бұл өтініштер конституциялық өтінішке қойылатын талаптарға сай келмегендіктен, азаматтарға оларды қайтару туралы шешім қабылданып, тиісті түсіндірмелер беріледі.
Десе де сала мамандары өтініштің қайтарылуы азаматты қайтадан өтініш беру құқығынан айырмайтынын, бастысы қайта жолданған өтініш Конституциялық сот туралы Конституциялық заңда нақты көрсетілген талаптарға сай рәсімделуге тиіс екенін тілге тиек етеді.
«Келіп түскен өтініштер Конституциялық соттың талаптарына сай келмеген жағдайда қайтарылуы бұл тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде қалыптасқан қалыпты құқықтық тәжірибе екенін атап өткен жөн. Конституциялық бақылау органдарының барлығында дерлік өтініштерге белгілі бір заңдық талаптар қойылады. Бұл талаптар өтініштің нысанына, мазмұнына, дәлелдеріне, жолдану мерзіміне және арыз берушінің құқығына қатысты болуы мүмкін. Мұндай талаптардың мақсаты – Конституциялық соттың тиімді және мақсатты жұмысын қамтамасыз ету. Сондықтан өтініштің талаптарға сәйкес келмегені үшін қайтарылуы – азаматтың құқығының шектелуі емес, керісінше, өтініштің сапасын арттыруға берілген мүмкіндік. Сонымен қатар Қазақстанда мұндай өтініштер азаматтарға нақты түсіндірулермен бірге қайтарылады әрі азаматқа барлық олқылықты түзетіп, қайтадан жүгінуге құқық беріледі», дейді Конституциялық соттың баспасөз қызметі өкілдері.
Конституциялық сот тек келіп түскен өтініштер шеңберінде әрекет етеді. Сонымен қатар орындауға міндетті құқықтық ұстанымдар мен шешімдер қалыптастырады. Конституциялық соттың қорытынды шешімдері заңнаманы жетілдіру процесіне де өз ықпалын тигізіп жатыр.
Мәселен, Конституциялық соттың қорытынды шешімдерін іске асыру нәтижесінде жеке тұлғалардан сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтініш хаттары бойынша алынатын мемлекеттік баж мөлшері оңтайландырылып, мемлекеттік бажды кейінге қалдырып төлеуге мүмкіндік туды. Үкімет, орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы деңгейлердің, мақсаттардың, міндеттердің және мемлекеттік саясат саласындағы өкілеттіктердің аражігі ажыратылып, министрліктердің тиісті салаларда мемлекеттік саясатты қалыптастыруы туралы норма бекітілді. Судьяларды тәртіптік жауаптылыққа тарту негіздері, оның ішінде «сот істерін қараған кезде заңдылықты өрескел бұзу» ұғымы нақтыланып, судьяларға қатысты тәртіптік істерді қарау рәсімдеріне өкілдердің қатысу мүмкіндігі енгізілді.
Әкімшілік сот ісін жүргізуде апелляциялық шағым мен прокурордың өтініш хатын беру мерзімдерін – сот шешімі түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап есептеу тәртібі нақтыланды. Көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған, оны басқаруға құқығы жоқ адамдар емтихан тапсыруға жеті жыл бойы жіберілмейді деп белгіленді. Кассациялық сатыда сот арқылы қорғалу құқығының кепілдіктері күшейтілді: шағымдарды алдын ала қарау рәсімінің күші жойылды, қылмыстық іс материалдарын талап етіп алдыру міндеті бекітілді, іс-әрекеттің саралануына және өзге де өлшем шарттарға қарамастан, процестің барлық қатысушысының кассациялық қайта қарауға тең қол жеткізуі қамтамасыз етілді. Бұрын өздері тартылған жауаптылық түрлері мен салдары ескеріле отырып, мемлекеттік және құқық қорғау қызметіне кандидаттарға қойылатын талаптар нақтыланды.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қысқартылған іс жүргізу тәртібімен қайта қарау мүмкіндігі кеңейтіліп, сот арқылы қорғалу құқығының кепілдіктері күшейтілді. Отбасы мүшелерімен әлеуметтік байланыстарды сақтап тұру бөлігінде өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандарға қатысты кемсітушілік алып тасталды. Бала асырап алуға кандидатқа қойылатын талап отбасын, ана мен әкені және баланы қорғау туралы конституциялық кепілдіктерге сәйкес нақтыланды. «Пара беруге арандату» ұғымы нақтыланды. Бір борышкерге қатысты бірнеше атқарушылық іс жүргізу жағдайында кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағуға алимент өндіріп алу шарттары нақтыланды. Біркелкілік құқық қолдану практикасын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органның бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламаларға заңда белгіленген ден қою алгоритміне Конституцияға сәйкес түсіндірме берілді. Әскери қызметшілердің ақшалай ризығына қатысты ведомстволық қағидалардағы конституциялық емес деп танылған нормалардың күші жойылды.
Сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы істерді соттардың қарау практикасына қатысты заңға тәуелді деңгейдегі актілердің конституциялық емес деп танылған нормаларының күші жойылды. Жазаны өтеудің қатаң жағдайларында және тәртіптік изоляторда ұсталған кезеңде білікті заң көмегін және медициналық көмек алуға қол жеткізу мақсатында сотталушының телефон арқылы сөйлесу құқығы бөлігінде Қылмыстық-атқару кодексінің нормаларына түсіндірме берілді. Қай аумақтың соттылығына жататынын айқындау тәсілдері, оның ішінде ұзаққа созылған қылмыстар жасалған жағдайдағы тәсілдер нақтыланды.
Кәсіпкерлік пен ұйымдасқан қылмысты саралаудың құқықтық тәсілдері тұжырымдалды. Конституция нормасына ресми түсіндірме беріліп, тұрғын үйден айыру мәселесінде прокурор санкциясы сот шешіміне балама ретінде қолданылмайтыны нақтыланды.
Жоғарыда келтірілген мысалдар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізілген конституциялық реформалардың нәтижесінде Қазақстанда конституциялық бақылау жүйесі жаңа деңгейге шыққанын байқауға болады. Бұл өзгерістердің игілігін алдағы уақытта қалың бұқара көреріне сенім мол.