
Сурет: sputnik.kz
Рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастау қоршаған ортаға зиян келтіріп қана қоймай, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Акция басталғалы бері дронның көмегімен 14 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталды. Анықталған әрбір факт бойынша тыңғылықты жұмыс жүргізіліп, нәтижесінде
32 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды.
Жалпы, жыл басынан бері полиция департаменті әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау, олардың алдын алу бағытында белсенді жұмыс жүргізді. Аймақтағы қалалар мен елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуын қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген жұмыс нәтижесінде бірқатар құқық бұзушылық, атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 505-бабы (қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу) бойынша 999 құқық бұзушылық анықталды.
Сонымен қатар қоғамдық орындардағы тазалықты сақтамауға бағытталған әрекеттерге де қатаң шаралар қолданылып жатыр. Мәселен, ортақ пайдаланылатын орындарды ластап, тазалыққа немқұрайды қараған 317 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Коммуналдық қызметтердің жауапкершілігі де ұдайы назарда. Айталық, «Сәт тазалық» мекемесі өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін 12 рет жауапкершілікке тартылған.
Құқық бұзушылықтарды анықтауда бейнекамералар ұтымды қолданылып келеді. Заманауи технологияларды пайдалану құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға, олардың алдын алуға мүмкіндік береді. Полиция департаменті қала мен елді мекендердің тазалығы мен тәртібін сақтау мақсатындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырады.
Ұлытау облысы