
«Демография және еңбек нарығындағы үрдістер зейнетақы жүйесіне қатысты ұстанымдарды қайта қарауды қажет етеді. Азаматтардың, әсіресе, өз-өзін жұмыспен қамтып отырған адамдардың зейнетақы жинағы аз екені байқалады. Үкімет Ұлттық банкпен, сондай-ақ Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесе отырып зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту, зейнетақы төлемдерінің ұзақ уақыт бойы теңгерімді және лайықты деңгейде болуын қамтамасыз ету шараларын ойластыруы керек», деді Президент.
Елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай нығайған сайын халықтың тұрмысы жақсарып, өмір сүру ұзақтығы артады. Бұл ретте денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалғаны, саламатты өмір салтын ұстанатын тұрғындардың көбейгені шешуші рөл атқарады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде өмір сүру ұзақтығы 2023 жылы 75,09 жас болса, 2024 жылы 75,44 жасқа артқан. Ел азаматтарының тұрмыс сапасы жоғарылаған сайын, өмір сүру жасы да ұзарып келеді. Былтыр елімізде 365,9 мың бала дүниеге келгенін ескерсек, туу көрсеткіші де жоғары деп айтуға болады. Балалар ертең-ақ есейіп, еңбекке араласады.
Бүгін өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың көбінің қордағы жинағы тым төмен. Жастар мұның салдарын қазір ескермегенмен, келешекте қиналып қалуы әбден мүмкін. Егер адам зейнетке шыққанда осыған дейінгі жалақысының 40-60%-ын зейнетақы ретінде алып отырса, «еңбегі лайықты бағаланған екен» деп ауыз толтырып айта аламыз. Халықаралық ұйымдардың есебі осыған саяды. Әзірге бұл көрсеткіш біздің елде 41% шамасында ғана. Ең төменгі шекте деcек, жаңылмаймыз.
Ең төменгі зейнетақы жарналары еңбек нарығына кеше келген, уақытша жұмыспен қамтылған жастарға тиесілі. Көлік жүргізушілері, курьерлер, басқа да жеке кәсібі бар тұлғалар қанша табыс тапса да зейнетақы жинағына ең төменгі салым аударумен шектеледі. Қазір жүргізуші болу отбасылардың тұрақты табыс көзіне айналып бара жатқанын ескерсек, осы жұмыста жүріп зейнетке шыққандардың зейнетақысы төмен болатыны белгілі. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаева тақырыпқа қатысты мынадай пікір білдірді:
– Әлемде, соның ішінде біздің елде жұмыспен қамту құрылымы өзгеріп, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен платформа арқылы жұмыс істейтіндер саны күн санап артып жатыр. Сондықтан көптеген елде мұндай санаттағы азаматтарды жинақтаушы жүйемен қамтуды кеңейту басым бағытқа айналған. Дегенмен өзін-өзі қамтып отырған азаматтар зейнет жасына жеткенде лайықты зейнетақы алу үшін жарналарды тұрақты, өздерінің бүгінгі таңдағы шынайы табысына барабар көлемде аударуға мүдделі болуы керек. Өйткені олардың болашақта алатын зейнетақысы қазір аударған жарналарына тікелей байланысты. Сондықтан олардың әлеуметтік жауапкершілікті сезіне отырып, зейнетақы жүйесіне белсене қатысқаны, өз болашағына ерте бастан қамқорлық жасағаны абзал. Әдетте, ең төменгі зейнетақы төлемдерін еңбек өтілі аз, зейнетақы жарналарын тұрақсыз әрі толық аудармаған азаматтар алады. Егер жинақ жеткіліксіз болса, қартайған шақтағы өмір сүру деңгейін төмендетіп, мемлекеттік қолдауға тәуелділікті арттырады, – дейді С.Егеубаева.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі жанындағы Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елімізде жұмыспен қамтылған халық саны 9,2 млн адамды құрайды. Оның ішінде 7,05 млн адам – жалдамалы қызметкер, 2,15 млн адам – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Былтыр зейнатақы жүйесіне белсенді салымшылар саны 7,2 млн адам болған. Жалдамалы қызметкерлер арасында белсенді салымшылардың үлесі 92%-ды құраса, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарда бұл көрсеткіш небәрі 33%-ға тең. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың зейнетақы салымы төмен екені осы статистикадан көрініп тұр.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің басты қағидаты «қанша көп жинасаң, сонша мол аласың» дегенге саяды. Елімізде ең төменгі зейнетақы алу қаупі зейнетақы жүйесіне толыққанды қатыспаған немесе ұзақ уақыт бойы міндетті жарналарды төлемеген адамдарға қатысты. Осы қатарға еңбек өтілі жеткіліксіз азаматтарды, ресми жұмыс істемеген немесе бейресми табыс тапқан адамдар, яғни жеке кәсіппен, маусымдық жұмыспен айналысып, бірақ зейнетақы жарналарын төлемегендер, бала күтіміне байланысты ұзақ уақыт жұмыс істемеген немесе декреттен кейін ресми еңбекке шықпаған әйелдер, ерікті жарна салмаған азаматтарды қоса аламыз. Осы санаттағы адамдар зейнет жасына жеткенде тек ең төменгі базалық зейнетақыны, зейнетақы қорында жинақталған қаражатының аз болуына байланысты ең төменгі төлемді алуы мүмкін. Зейнетақы жүйесі міндетті жарналардан ғана қалыптасады деп ойлайтындар әлі күнге кезігеді. Ерікті зейнетақы жарналары туралы мүлде естімегендер бар. Жарнаның осы түрін салымшылар өз қалауымен аударып отыра алады. Бұл да болса, зейнетке шыққанда зейнетақының ең төменгі мөлшерін ғана алып отыру қаупін азайтады.
– Кез келген отандасымыздың жинақтаушы жүйеден алатын зейнетақысының мөлшері көңілге қонатындай болуы үшін ресми түрде рәсімделетін жұмысқа орналасқаны абзал. Яғни бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында міндетті зейнетақы жарналары ай сайын, яғни жылына кем дегенде 12 рет аударылатын жұмыспен қамтылуы маңызды. Бұған қоса, жарнаның ерікті түрін де аударып отыруды әдетке айналдырғаны жөн. Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің 40 жылдық толық циклін әр азамат ұтымды пайдаланғаны абзал, – дейді С.Егеубаева.
Бұл ретте халықтың қаржылық сауатын арттырып, әрбір азаматтың өз зейнетақысына деген жеке жауапкершілігін күшейту аса маңызды. Әрбір адам зейнетке шығуды алдын ала жоспарлап, жарналарды тұрақты түрде аударып отырғаны жөн. Осы мақсатта БЖЗҚ-да арнайы құралдар қарастырылған. Болжамды калькулятор мен дербес зейнетақы жоспары бар. Бұл – келешекте төлемдерді бағалауға, жинақ қалыптастыру стратегиясын құруға көмектеседі. Мемлекет басшысы Жолдауда Үкіметке Ұлттық банкпен, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірге зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту туралы тектен-тек тапсырма берген жоқ. Жоғарыда айтқандай, зейнетақы төлемдерін ұзақ уақыт бойы теңгерімді, лайықты деңгейде қамтамасыз ету шаралары да маңызды. Жолдауда айтылған тапсырмаларға қатысты шешімдер көп кешікпей қабылданады деп үміттенеміз. Әзірге Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бұл туралы нақты тапсырма түскен жоқ.