
«Атом энергиясы жөніндегі агенттік стратегиялық құжат әзірлеп жатыр. Онда энергия тапшылығы бар өңірлерге шағын модульді реакторлар орнату қарастырылуы тиіс», деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге Президент Дубай мен Бакуде өткен климаттық саммиттерге қатысты пікірін ашық жеткізді.
«Бұл кең ауқымды алаяқтыққа ұқсайды. Бұл сөзімді Премьер-министр Олжас Бектенов те растай алады. АҚШ Президенті Дональд Трамп та климаттың өзгеруін «жаһандық алаяқтық» деп атаған болатын. Сондықтан Қазақстан ресми түрде 35 жылдан кейін ғана карбон көздерінен толық құтылады деген ұстанымын жариялады», деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы еліміздегі энергия өндірісіне де тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанда жылына шамамен 118 миллиард киловатт энергия өндіріледі, бұл – жеткіліксіз. Цифрландыру мен жасанды интеллект дамыған сайын тұтыну көлемі арта түспек.
«Барлық энергетика көздерін тиімді пайдалануымыз қажет. Ең алдымен – көмір. Қазақстан жылына 113 миллион тонна көмір өндіреді және бұл көрсеткіш бойынша әлемнің он ірі елінің қатарына кіреді. Көмір – біздің активіміз. Озық технологиялар оның зиянын азайтып отыр, ал бағасы жел, күн және газға қарағанда әлдеқайда тиімді», деді Президент.