
Жуырда облыс орталығында «Қазақстанның үздік тауары – 2025» көрмесі өтіп, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында жасалған өнімдер көпшілікке ұсынылды. Аудан орталықтары мен ауылдан келген кәсіпкерлер көрмесіне жиналған елде есеп жоқ. Солардың арасынан Сырдария ауданының Айдарлы ауылының тұрғынын көзіміз шалды. Ауылында кәсіп ашып, талай адамды жұмыспен қамтып отырған таныспен аз-кем әңгімелесіп қалдық. «Көрме болатынын естігенмен қатысуға уақытым жоқ еді. Бірақ әкіміміз «ауылда бизнестің түрлі саласын дамыту керек. Оның мүмкіндігі – осындай көрмелер» деп ертіп келді», деді ол. Айдарлыны басқарып отырған Нұрбол Жұмабековтің атына осылай қанықтық.
Әкім болып сайланғанына екі жылға жуықтаған жігіт ешкімді жатырқамайтын жан екен. Отыз алты жастағы әкім Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін «Агроинженерия» мамандығы бойынша 2010 жылы үздік бітіріп, еңбек жолын «КСМ и К» серіктестігінің слесарі болып бастапты. Мүмкіндігі бола тұра қызметін ең ауыр жұмыстан бастаған Нұрболды қатарластарының «біздің қызыл дипломды слесарь» деп қалжыңға іліктіргені де осы кез. Мұнан кейінгі жол мұнай саласында, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында, Сырдария ауданы әкімі аппаратында жалғасты. Осы аудандағы ауыл шаруашылығы бөлімін басқарды.
Жастай көргенін көңілге тоқып отыратын Нұрболдың мемлекеттік мекемелердегі бюрократияға көңілі толмайтын. Ауданға қызметке келіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және жер қатынастары салаларына жетекшілік еткен жылдары осы саладағы сірескен сеңді бұзудың алғашқы қадамын жасады. Елдегі кәсіп иелерінің бағдарламалардың шарты мен жиналатын құжат санын, оларды кімнен аларын, дайын болатын мерзімін білмей сабылып жүргенін талай көргендіктен осы мәселелерді жинақтап, кітапша әзірледі. Ауыл әкімдеріне таратып, елдің жұмысын жеңілдетті. Ауыл шаруашылығы бөліміне барғанда сала бойынша берілетін субсидиялар мен көмектерді де осы жүйемен түсінікті тілде дайындап, келушілердің қолына ұстатып жіберетін.
«Қазір әкім болуды оңай деп ойлайтындар көп. Егер жоғарыдан берілген тапсырманы ғана орындап, «Бетегеден биік, жусаннан аласа» болсаң, жеңіл болуы мүмкін. Бірақ әкімдікті қызмет емес, міндет деп ұғатындар ондайға бара қоймаса керек. Сайлау алдында осы ауылда бір айдай жүрдім. Әр тұрғынмен танысып, жағдайын білдім. Сонда маған «Аудандағы беделді бөлімді басқарып отырып аядай ғана ауылға әкім болуға неге қызықтың?» деп сауал қойғандар көп болды. Ал мен үшін бұл қызмет ел жағдайын жақсартудың мүмкіндігі еді. Соны сөзбен емес, іспен дәлелдегім келді», дейді әкім.
Журналистік сапармен Айдарлыға бұрын да талай барғанбыз. Кезінде егін еккенмен кейінгі жылдары ол кәсіптен қол үзіп, азын-аулақ малдың жайын күйттеген бұйығы ауыл болатын. Теміржолдан да, күре жолдан да қиыс жатқан елді мекеннің мәселесі жыл сайын көбейіп келе жатқан еді.
Әкім болып сайланған жылы инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, соның нәтижесінде 30 жылдан кейін 100 гектар жерге күріш егілді. Былтыр ауыл әкімінің бастамасын қолдаған демеушілер көмегімен ауылды аяқ сумен қамтамасыз етіп отырған Уәлихан және Тораңғылды каналдары толықтай қазылып, ауылдың аяқ су мәселесі шешімін тапты. Осы каналдарды қаза бастағанда «15 жыл су келмеген арнаны қоя ғой, бұдан ештеңе де шықпайды» дегендер болыпты. Демеушіден 4–5 күнге сұрап алған техника жұмысты 16 күнде бітіріп, ауылдағылар бақша егуге мүмкіндік алды.
Өткен жылы Айдарлы тағы бір белестен көрінді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Үздік елді мекен» аталымын жеңіп алды. Жас әкімнің демеуші тауып, балалар ойын алаңының жобалық-сметалық құжаттарын дайындаған еңбегі де еш кеткен жоқ. Жоба қаражаты биыл бөлініп, қазір ойын алаңын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде ынтымағы жарасқан Айдарлы ауылының дамуы қарқынды. Елді мекенде әлеуметтік нысандар жаңарып, жолдар жөнделді. Электр желісі толық жаңартылды.
«Осының бәрі – ауыл халқының ауызбірлігінің арқасы. Әсіресе жастар қандай қиындықтан да қашпайды. Ауылдың дамуына өз үлесін қосып отырады. Қайырымдылық жұмыстарды ұйымдастырып, қиналған жанға көмек жасауда да тез жұмыла қалады», дейді Нұрбол Баянәліұлы.
Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінде өңірде 146 кент және ауылдық округ әкімі бар. Олардың 143-і – ер, 3-еуі – әйел. Кейінгі үш жылда 120 әкім сайлауы ұйымдастырылған. Биылғы 6 айда облыс тұрғындары 49 ауылдық округ әкімін таңдады. Оның 23-і партиядан болса, 26-ы – өзін-өзі ұсынғандар. Осылайша, ауылдық округ әкімдерінің корпусы 42 пайызға жаңарып отыр.
Президент пәрменімен биылдан бастап аудандар мен облыстық маңызы бар қала әкімдері де тікелей сайлау жүйесі арқылы қызметке келеді. Бұған дейін Қызылорда өңіріндегі Сырдария және Шиелі аудандарында қанақтақты режімде өткен сайлау науқандарының нәтижелері тұрғындардың бұл бастамаға да жауапкершілікпен қарайтынын дәлелдеген.
Жергілікті атқарушы биліктің басшысын сайлау ең алдымен халыққа тиімді. Өйткені сайланған әкімге сенім де ерекше, жауапкершілік де жоғары. Халық тікелей таңдау арқылы биліктің елді мекендегі тікелей өкілі өздері екенін сезініп, ел шаруасына елгезек келетін біздің кейіпкердей басшыларды көбейте бермек.
Қызылорда