Ашылу салтанатында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаев отырарлық әріптестеріне алғыс айтып, көрме жұмысына сәттілік тіледі. Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығының бас қор сақтаушысы Нұрсұлтан Бекешев мұндағы жәдігерлер көне қаланың дүниежүзілік өркениетке қосқан үлесінің дәлелі екенін атап өтті.
Көрме барысында Отырар өркениеті, қаланың өркендеуіне Ұлы Жібек жолы мен Ислам дінінің әсері туралы айтылды. Әр дәуір жылнамашылары гүлденген шаһар деп баға берген байырғы қоныстағы қалалық мәдениет, егіншілік, сауда, өндіріске қатысты заттар қойылған көрмеде сонау XIII ғасырдан қалған мақта, бидай қалдықтары, XIV ғасыр мұрасы саналатын темір кетпен ел назарын ерекше аударады.
Отырардың ғылым мен мәдениет, өндіріс пен сауданы қатар дамытқан үлкен орталық болғанын айғақтай түсетін сырлы, өрнекті қаптамалар, шыңылтырлы ыдыстар, керамикалық және шыны бұйымдар, әшекейлер, мыс теңгелер тарихи танымды кеңейтетін құнды жәдігер болып отыр.
Қызылорда