Мәліметке сәйкес, инфекциялық стационарлар мен алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысы жыл сайын өсіп отырғанына қарамастан, жедел жәрдем қызметі мамандары арасында жалақының төмендігі мен еңбек жағдайының күрделілігіне қатысты әлеуметтік резонанс сақталып отыр. Аталған мәселе Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында және Қарағанды облысының Теміртау қаласында байқалады.
Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі жалақыны арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныс әзірледі. Атап айтқанда, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ерекше еңбек жағдайлары үшін үстемақы енгізу арқылы аталған қызметтерде жұмыс істейтін 37 мыңға жуық қызметкердің еңбекақысын көбейту көзделіп отыр. Бұл мақсатқа жыл сайын шамамен 32,4 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы қажет болады.
Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде ауылдық жерлердегі дәрігерлер тапшылығы да 16 пайызға қысқарған. Сонымен қатар, 2025 жыл алғашқы медициналық-санитариялық көмек мамандарының біліктілігін арттыру жылы болып жарияланды.
Бұл шешім базалық медициналық көмектің сапасын арттыруды көздейді. Өйткені алғашқы медициналық-санитариялық көмек бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің іргетасы саналады.
Қазіргі уақытта дәрігерлер мен мейіргерлерді жаппай оқыту жұмыстары жүргізіліп, жаңа білім беру бағдарламалары мен заманауи практикалық оқыту әдістері енгізіліп жатыр.
Сонымен қатар медициналық қызметкерлерді қорғау мақсатында кәсіби жауапкершілікті сақтандыру институты енгізілді. Бұдан бөлек, медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін Қылмыстық кодекске жеке бап енгізу мәселесі бойынша заңнаманы жетілдіру жұмыстары қолға алынған.