Жалпы, 1925–1929 жыл аралығында қаланың қарбаласқа толы болғаны байқалады. Осы кезеңді зерттеп жүрген тарихшылар әр күні мәжіліс өтіп, хаттамалар тізіліп отырғанын айтады. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғалым-хатшысы Асхат Сайлау Орталық архивтен алынған сондай құжаттар көшірмесінің бірнешеуін көрсетті. Сарғайған парақтардан 1937 жылдың оқпанына жұтылған сол Алаш зиялыларының тынымсыз еңбегін, «елге болсын» деген елгезек ниетті байқайсыз.
Сонымен, 1926 жылы 13 қаңтарда мемлекеттік ұлт театрының шымылдығы Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасымен түрілді. Осы істі ұйымдастырған мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Садуақасұлы мен театрдың тұңғыш директоры Дінше Әділұлының бастамасы қазақ үшін таңсық өнердің өріс алуына жол ашты. Театр туының тіктеліп, көрермендер жаңа өнерге бой үйретуі үшін сол тұстағы саяси-әлеуметтік, тұрмыстық жағдайларды арқау еткен пьеса жазған қаламгерлер еңбегін де ұмытпаған жөн.
Ендігі бір мәселе – мемлекеттік театрдың тұңғыш қойылымы төңірегіндегі жаңсақтық. «Еңбекші қазақ» газетінің қаңтар айындағы бірнеше нөмірінде театрдағы алғашқы қойылым хабарландыруы басылады. Онда ұлт руханияты тарихындағы үлкен бір белестің алғашқы баспалдағы – Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақинасымен» басталатыны тайға таңба басқандай жазылып тұр. Тарихи оқиғадан кейін Смағұл Садуақасұлы «Еңбекші қазақ» газетіне алғашқы қойылым туралы жазған мақалаларынан да, заманның беті бері қарағанда жарыққа шыға бастаған естеліктерден де театрды ресми түрде ашқан Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақинасы» екенін көреміз. Бірақ сол тұстағы биліктің отызыншы жылдары басталған саяси-қуғын сүргін топалаңында жазықсыз жалалы болған Смағұл, Қошке, Діншелердің есімін тұмшалағысы келген әрекеті салдарынан алғашқы ресми қойылым есебінде Мұхтар Әуезвтің «Еңлік-Кебегі» аталып, жаңсақтыққа жол ашып берді. Ал ақиқатты алғашқы болып айтқан белгілі театртанушы, профессор Бағыбек Құндақбайұлының, сол кезеңді жете зерттеген белгілі ғалымдар Рәзия Рүстембекова, Дихан Қамзабекұлы мен жас ғалым Қайырбек Кемеңгердің осы бұрыстықты дұрыстағанын ескеретіндер аз болып тұр. Былтыр Ақмешіттің астана болғанына 100 жыл толуына байланысты жергілікті өлкетанушылар осы мәселеге тағы бір назар аудартты. Бірақ сол баяғы үйренген ізден ауытқып, ақиқатқа аяқ басқымыз келмей тұр.
Айтпақшы, биыл Қошке Кемеңгерұлының туғанына 130 жыл толады. Жергілікті азаматтар ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан қайраткер есімін жаңғыртуды қаперде ұстар деген үмітіміз бар. Кейінгі жылдары өңірдегі тарихшылар мен өлкетанушылар тарапынан оқта-текте «облыс орталығында Қызылорданың астана кезеңінде еңбек еткен Алаш қайраткерлерін ұлықтайтын орындар ашылса» деген орынды тілек те естіліп қалып жүр. Бұған өз жанымыздан қосарымыз – сол тұстан немесе қазіргі облыстық драма театры айналасынан ұлт театры бастау алған күн мен алғашқы қойылымды ұмыттырмайтын ескерткіш тақта орналасса. Сонда ғана тарихи дерек қалпына келіп, жаңсақ мәліметтің жолы кесілер ме еді?
Астана болған төрт жыл дария жағалауындағы шағын қалаға көп өзгеріс әкелді. Осы қалада ұлт тарихындағы маңызды шешімдер қабылданды. Қазақтың атын қайтарған шаһарда ұлт санасына сілкініс берген ірілі-ұсақты оқиғалар өтті.
1929 жылы астана мәртебесін Алматыға берген Қызылорда тек тоғыз жылдан кейін ғана облыс орталығына айналды.
Қызылорда