Қоғам • Бүгін, 08:20

Қызылордада лимон пісті

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жалпы, қысы қатал, жазы аптап Сырдың топырағында сырттан келген көшеттердің жерсіне қоюы оңай емес. «Өз елімізде өсе­тін тал-дарақты көгерте алмай отырғанда табиғаты жайлы аймақта ғана тамыр жаятын тропикалық жеміс ағаш­тары туралы сөз ету қиын шығар», деп ойлайтынбыз. 

Қызылордада лимон пісті

Суретті түсірген – Нұрболат Нұржаубай

Бірақ осы күні өңірде ондай ағаштарды да жайқалтып отырғандар бар. Солардың бірі – Ақерке Тәжекеева. Қазір Ақерке қызмет ететін «Болашақ» университетінің жылыжайында лимон пісіп, папайя, банан, кумкват ағаштары жеміс салып тұр.

Ақеркенің осы кәсіпті қолға алғанына 22 жыл болыпты. Бастапқыда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің, кейінгі жылдары «Болашақ» университетінің жылыжайын­да қызмет етіп келеді. Қала іргесіндегі «Сабалақ» саяжайын­да­ғы 3 жылыжайда лимон, қияр, қызанақ, түрлі көшет егіледі. Шағын бақ ретінде бастаған үйдегі жылыжайда қазір жеміс пен гүл түрлерін өсіріп, жан-жақты зерттейді, керекті күтімді жасап, университеттегі жылыжайға көшіреді.

Тәжірибелі маман Қызылорда күн сәулесі молынан түсетін өңір болғандықтан, жылыжайға өте қолайлы екендігін айтады. Біздегі басты мәселе – қысы-жазы тоқтамайтын жел ғана. Осыны ескермегендіктен де сырттан келгендерге жылыжай салдырған талайлар сан соғып қалды. Қазір Ақерке мен күйеуі облыста осы кәсіпті бастағандарға кеңес беріп, бір маусым бойы көмек көрсетеді. Қолынан талай іс келетін азаматының жергілікті табиғатқа бейімдеп соққан жылыжайы 10–15 жылға дейін сыр берген емес. Бұлардан кеңес сұрап келетіндер де көбейіп келеді.

Сарыағаштан лимон көшетін әкелгенде бұл іске күмәнмен қара­ғандар аз болған жоқ. Апель­синмен будандастырылған бұл сорт ыстықты «жақсы көре­тін» болып шықты. Күтім­нің ар­қасында екінші жылы жеміс берді. Банан, папайяны да жергілікті топыраққа егіп, тынымсыз ізденіс пен еңбектің арқасында жерсіндірді. Соңғысының емдік қасиеті көп. Жапырағы мен түйнегі қант диабеті мен жоғары қан қысымын қалыпқа келтіреді.

Бұл іспен айналысқандардың көпшілігі жаздың аптабында жылыжайды тоқтатып қояды. Кейіпкеріміз күннен қорғайтын торды тұтып, жұмысын жал­ғас­тыра береді. Қажет кезінде ауаны қолдан ылғалдатады. Көп жылғы тәжірибеден түйгені – Сырда ештеңе өспейді деген бекер сөз. Бабын жасаса, бар өсімдікті жайқалтуға болады.

«Дүкенде сатылатын топы­раққа әуес болмаған дұрыс. Мен қолдан жасалатын биогумус пайдаланамын. Сосын бір топырақта өнгенмен, әрқайсысының ерек­ше­лігі бар. Мысалы, бір түп банан 30–40 кило өнім береді. Бірақ бір салғаннан кейін оны шауып тастап, жан-жағынан шыққан көшетін баптауға кірісеміз. Бізге таңсық папайяның да, мангоның да өздеріне тән «мінезі» бар», дейді Ақерке.

Қазір жылыжайда 4 түп банан, 4 түп папайя, 10 шақты лимон, апельсин, кумкват ағаштары өсіп тұр. Жеміс ағаштарының да будандастырылған түрлері де бар. Жақында киви өсіруді бас­тап кетті.

Жылыжайды жайқалтып отыр­ған кейіпкеріміз Алматы қала­­сындағы зоотехникалық-мал­дәрі­герлік институтты біті­ріпті. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде еңбек жолын бастаған оны жаңадан салынған жылыжайға агроном етіп жібе­ре­ді. Кейін екінші жоғары білім алып, қазіргі мамандығын игерді. Қазір ауыл шаруашылығы ма­гистрі дәрежесін иеленген ол «Болашақ» университетінің аға оқытушысы әрі жылыжай меңгеру­шісі. Осы істі қолға алғалы бері өңірде қызанақ, қияр өсіру технологиясы жайында әдістемелік нұсқаулық жазыпты.

«Елімізде ботаникалық бақты қолға алған қала аз. Бұл ең алдымен жақсы демалыс орны болар еді. Біздің қалада да Тұңғыш президент паркін жаңғырту барысында ұсынымыз ескеріліп, қысқы бақ салынып жатыр де­генді естідік. Экологиялық өңір саналатын біз үшін қақаған қыста құстары сайрап, бағы жай­­нап тұратын мұндай орын сырт­тан әкелінген өсімдіктерді жерсіндіріп, олардың өсіп-өнуін зерттеуге таптырмас мүмкіндік берер еді», дейді маман.

 

Қызылорда 

Соңғы жаңалықтар

Соғыс болмаған ел

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:20

Нағыз қыс – Шанағатыда

Ауыл • Бүгін, 09:15