Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Премьер-министр Шахбаз Шарифке алғыс айтып, қазақ делегациясын қонақжайлықпен қарсы алған Пәкістан халқына ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ тарихы терең, мәдениеті бай, халықаралық сахнадағы беделі биік бауырлас Пәкістанға келгеніне қуанышты екенін жеткізді.
«Пәкістан – Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы және одан тысқары жерлердегі сенімді әрі маңызды серіктесі. Халықтарымызды Ұлы Жібек жолынан бастау алған тағдырлы байланыс пен мәдени-рухани сабақтастық жалғап келеді. Біздің құндылықтарымыз бен дәстүрлеріміз үндес, ниетіміз бен тілегіміз ортақ, мұратымыз бір. Үкіметтеріміз бен іскерлік орта деңгейінде сындарлы саяси диалог, орнықты экономикалық қатынастар қалыптасып, жүйелі түрде нығаюда. Бүгін қадірлі Премьер-министр мырзамен тарихи құжатқа – Қазақстан мен Пәкістан арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойдық. Бұл құжат өзара байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге, сондай-ақ екіжақты және көпжақты күн тәртібінің барлық спектрі бойынша ынтымақтастықты кеңінен дамытуға жол ашады. Елдеріміз арасындағы достық қатынастарды және өзара тиімді ықпалдастықты тереңдетуге Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф айтарлықтай зор үлес қосты. Сол үшін оған алғыс айтамын», деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шахбаз Шарифті елін алға батыл бастаған көреген көшбасшы деп атады. Оның келешекке бағдарланған салиқалы саясат жүргізуінің арқасында Исламабадтың аймақтағы және әлемдегі беделі жылдан жылға артып келеді.
«Былтыр Пәкістан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Елдің сындарлы әрі жауапты қадамдары аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға септігін тигізді. Пәкістанның экономикалық әлеуеті зор, өнеркәсіптік базасы дамыған, көлік-транзит мүмкіндіктері мол. Пәкістанның ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсібі, медицина өнімдері халықаралық нарықта кеңінен таралған. Әскери-өнеркәсіптік кешенінің серпінді дамуы әлемдік деңгейде танылған. Достас халықтың түрлі салалардағы әрбір жетістігіне шын жүректен ризамыз, сіздерге әрдайым тілекшіміз», деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Премьер-министр Шахбаз Шарифпен мазмұнды әрі нәтижелі келіссөздер өткізгеніне тоқталды.
«Ынтымақтастығымыздың түрлі бағыттарына серпін беретін маңызды үкіметаралық құжаттар қабылданды. Сауда, көлік және логистика, өнеркәсіп, энергетика, ақпараттық технологиялар, мәдени-гуманитарлық мәселелер жан-жақты талқыланды. Сауда-экономика саласындағы алыс-беріс күшейіп келеді. Былтыр екіжақты сауда көрсеткіштері алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе артты. Бұл бағытта елдеріміз арасындағы «Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жол картасы» (2025-2027 жылдарға арналған) тиімді іске асырылып келеді. Біз тауар айналымын арттыру үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде уағдаластық. Алдағы жылдары оның көлемін 1 миллиард долларға жеткізу туралы өте өршіл мақсат қойдық. Кәсіпкерлеріміздің арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру үшін қолайлы жағдай қалыптастырудың маңызын атап өттік. Әсіресе алыс-берісті кеңейту мақсатында көлік-логистика саласындағы жобаларға басымдық беретін болдық», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөздер барысында Премьер-министр Пәкістанның транзиттік және логистикалық мүмкіндіктері кеңейіп келе жатқанын, бұл Қазақстанның халықаралық нарықтарға шығуына балама жол бола алатынын атап өткен.
«Бұл тұрғыда, Пәкістанның Карачи және Гвадар порттарының әлеуетін талқыладық. Басым міндеттердің бірі ретінде Транскаспий көлік дәлізін дамытуды, Ауғанстан арқылы өтетін транзиттік бағытты ілгерілетуді қарастырдық. Осы орайда Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан бағытындағы темір жол бағытын іске асыру перспективасын талқыладық», деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы 3 ақпан күні Пәкістан Ислам Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Пәкістан Премьер-министрінің резиденциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өтті. Президент Пәкістан Премьер-министрімен шағын құрамда келіссөз жүргізіп, соңғы жылдары Қазақстан мен Пәкістан арасында көпжоспарлы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Кейін, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шарифтің келіссөздері екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты.