Сурет: syrboyi.kz
Министрлік бұл көрсеткішті «еліміздің өндіріс саласыдағы тарихи белес» деп бағалап отыр, өйткені балмұздақ өндіру саласында алғаш рет экспорт импорттан басым түскен.
Елдегі балмұздақ өндіруші ірі кәсіпорындардың бірі «Шин-Лайн» компаниясының корпоративтік мәселелер жөніндегі вице-президенті Омарбек Жұлдыздың айтуынша, қол жеткізілген нәтиже – ұзақмерзімді жаңғырту стратегиясындағы экспорттық экспансияның жемісі. «2005 жылы еліміз небәрі 12 тонна балмұздақ экспорттап,
12 мың тоннадан астам өнім импорттаған. Қазір жағдай түбегейлі өзгерді: отандық балмұздақтар әлемнің 10 еліне экспортталады. Тәтті өнімнің дәмін көрген мемлекеттер сұранысты да өсіріп жатыр. Бұл отандық өнімнің бәсекеге қабілетті сапалы екенін айшықтайды», дейді ол.
Оның сөзінше, отандық балмұздақ өндірісі қазір қарқынды дамып келеді. Осы саланың өндірушілері бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін өнімдерін түрлендіріп, классикалық дәмнен бөлек, түйе сүтінен де балмұздақ пен йогурт жасауды қолға алған. Бұған қоса, саладағы заманауи технологиялар мен отандық кәсіпорындарды мемлекеттік қолдау балмұздақ өндірісін табысты ете түскен.
Балмұздақ экспортының негізгі үлесін қамтамасыз ететін кәсіпорындар енді халықаралық нарықтағы позициясын нығайтуды жалғастырып, «Қазақстанда жасалған» деген брендті әлемдік нарықтарға таныта түсуді көздеп отыр.
Жалпы балмұздақ өндірісі жыл сайын өсім көрсетіп келе жатқанын атап өткен жөн. Нақтырақ айқанда, 2023 жылы өсім – 22%-ды, 2024 жылы 24%-ды құраған. Соның ішінде ішкі нарықтағы сату көлемі 31%-ға өскен.
Елімізде тұрғындар қанша балмұздақ тұтынатыны жөнінде ресми статистика жүргізілмейді. Дегенмен де осы саладағы ірі кәсіпорын «Шин-Лайн» өздеріндегі сатылым бойынша орташа тұтыну көлемін есептеп шығарыпты. Олардың дерегінше, ел азаматтары жылына шамамен 20 мың тонна балмұздақ тұтынады. Демек, бір адамға жылына шамамен 3 кг балмұздақтан келеді деген сөз.
Тәтті өнімді қысы-жазы сатып алатын отандастарымыз да балмұздақтың ішкі нарықтағы өтімділігіне үлес қосып отыр. Ең қызығы, тұтынушылар көбіне өзімізде өндірілген балмұздақтарды сатып алады екен.