Технологиялық дербестіктің өзегі
Алдағы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға шығарылып отырған жаңа Конституция жобасында ғылым мен білімді, адам капиталы мен инновацияларды дамыту басым бағыт ретінде алғаш рет нақты айқындалып отыр. Ғылым мен ғылыми-технологиялық даму мемлекеттің негізгі құндылықтарының қатарына енгізілуі инженерлерге болашақ ұрпақ алдында үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл – қолданбалы зерттеулерге жол ашу, жаңа технологияларды өндіріске енгізу және алдыңғы шепте жұмыс істей алатын кәсіби мамандар даярлау деген сөз.
Осылайша, ғылым мен инженерлік білім ел болашағының берік негізі ретінде қарастырылып отыр.
XXI ғасырда инженер елдің технологиялық дербестігін айқындайтын басты тұлғаға айналды. Энергетика, көлік, өнеркәсіп, байланыс, су және экологиялық жүйелер, цифрлық инфрақұрылым – осының бәрі инженерлік шешімдерге сүйенеді. Инженерлік әлеует әлсіресе, сыртқы технологияға тәуелділік күшейеді, бұл мемлекеттің экономикалық тұрақтылығына қауіп төндіреді.
Мемлекет басшысы Республика күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде: «Креатив пен инновация басты қозғаушы күшке айналатын білім экономикасын қалыптастыруға шұғыл кірісу қажет. Зияткерлік капитал – елдің бәсекеге қабілеттілігінің негізі болуға тиіс», деген міндет қойды.
Осы тұрғыдан алғанда, инженерлер ел қауіпсіздігіне, тұрақты дамуына және бәсекеге қабілеттілігіне тікелей ықпал ететін стратегиялық ресурсқа айналып отыр.
Инженерлердің жаңа буынын даярлауда Қазақстан Ұлттық инженерлік академиясының (ҰИА) алатын орны ерекше. Академияның негізін аса көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Жолдасбеков қалады.
Біртуар тұлға еңбек жолын еліміздің техникалық білім саласындағы қара шаңырағы саналатын Қазақ политехникалық институтынан бастауы – оның тағдырлы таңдауы еді. Сол кездегі Отанымыздағы іргелі білім ордасы, бүгінгі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, жас маманның кәсіби қалыптасу мектебіне айналды. Ғылым мен өндірісті ұштастыра білген, инженерлік ойдың темірқазығына айналған осы қасиетті шаңырақта Өмірбек Жолдасбеков доцент қызметіне қабылданып, бар қажыр-қайратын шәкірт тәрбиелеуге, ғылыми ізденіске арнады. Политехникалық университет қабырғасында жүріп, тек дәріс оқумен шектелмей, ғылыми жобаларға белсене араласып, жас мамандардың білімі мен білігін шыңдауға үлес қосты. Оның әрбір сабағы терең мазмұнға, өмірлік тәжірибеге, ұлт болашағына деген жанашырлыққа толы болды.
Уақыт өте келе, білімі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Өмірбек Жолдасбеков Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қызметке шақырылды. Бұл оқу орны – ел ғылымының алтын бесігі, ұлттық кадрлар даярлаудың көшбасшысы. Осында ол өзін білікті ұстаз, парасатты ғалым ретінде таныта білді. Университеттің ғылыми әлеуетін арттыруға, білім сапасын жетілдіруге, жаңа бағыттардың дамуына айрықша үлес қосты.
Өмірбек Жолдасбековтің бастамалары мен тың идеялары университеттің өркендеуіне, халықаралық деңгейде танылуына ықпал етті. Шәкірттері республика көлемінде ғана емес, шетелдерде де табысты еңбек етіп, ұстазының есімін абыроймен атап жүр. Осылайша, еңбек жолын политехникалық университеттен бастап, кейін ҚазҰУ-дың гүлденуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған Өмірбек Жолдасбековтің ғұмыры білім мен ғылымға адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Оның өмір жолы жас ұрпаққа бағыт-бағдар берер өнегелі тағылым.
Сондай-ақ Ө.Жолдасбековтің есімі бірегей ғалым және инженер ретінде Азия мен Еуропада кең танылды. Оның әлемдегі инженерлік қозғалыстың аса көрнекті ұйымдастырушысы ретіндегі бастамалары дүниежүзінің бірқатар елінде — АҚШ, Германия, Англия, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Пәкістан, Мысыр және басқа да мемлекеттерде кең қолдау тапқан еді.
Бүгінде Ұлттық инженерлік академиясы еліміздегі жетекші ғалымдар мен тәжірибелі мамандарды біріктіріп, ұлттық деңгейдегі күрделі міндеттерді шешуге қабілетті кәсіби орта қалыптастырып келеді. Академия стратегиялық мәселелерді талқылап қана қоймай, экология, геоақпараттық жүйелер, жаңа материалдар, өнеркәсіптік технологиялар бағытындағы нақты ғылыми жобаларға қатысады. Шын мәнінде, академия жүйелі функцияларды атқара отырып, мемлекет пен бизнеске есепке, модельдеуге және ғылыми болжамға негізделген шешімдерді қабылдауға көмектеседі. Ғылым мен өндірістің осындай өзара байланысы және оның нәтижесіне деген үлкен жауапкершілік елді жаңғыртудың нақты тетігіне айналып отыр.

Инженерлік мектеп пен инженерлік академия
Еліміздегі инженерлік мектептің негізін қалаған академиктердің еңбегі орасан зор, ал олардың есімі әлемдік ғылым мен ұлтымыздың тарихында алтын әріппен жазылып қалды.
Айталық, Қаныш Сәтбаев жер қойнауын игеруге жүйелі көзқарас қалыптастырып, іргелі ғылыми зерттеулерді ел өнеркәсібін дамытумен ұштастыра білді. Әбікен Бектұров химия ғылымы мен инженериясы саласы бойынша мықты мектеп қалыптастырды, оның ғылыми әзірлемелері жаңа материалдар мен технологияларда практикалық қолданыс тапты. Шапық Шөкин металлургия ғылымының дамуына және еліміздің тау-кен металлургия саласына қажетті инженер кадрларды даярлауға зор үлес қосты. Сонымен бірге Георгий Медоев, Ақжан Машани, Өмірхан Байқоңыров секілді ірі ғалымдар отандық геология және тау-кен ғылымын өркендетуге және геологиялық барлау жүйесін нығайтып, шикізат секторына қажетті мамандар даярлауға зор еңбек сіңірді. Ал Өмірбек Жолдасбеков қолданбалы механика мен машина тетіктері теориясын дамытты. Ол құрған
ғылыми мектеп болашақта машина жасаудың, автоматтық жүйелер мен заманауи инженерлік бағыттың негізін қалады. Инженерлік ғылым – қатаң ой есебіне, жүйелілікке және нәтижеге деген жауапкершілікке негізделетінін көрсетіп берді.
Инженер – қысқа мерзімдік нәтижеге емес, еліміздің ұзақмерзімді дамуына, әрі ел мүддесіне қызмет ететін, мемлекеттік маңызы бар тұлға деген ортақ түсінік пен ұстаным бұл ғалымдарды біріктірді. Олар еліміз өнеркәсібінің қалыптасуын біліммен және жоғары білікті кадрлармен ондаған жыл бойы қамтамасыз ететін ғылыми мектептердің негізін қалады.
1991 жылы, тәуелсіз еліміздің қалыптасу кезеңінің күрделі шағында инженерлік академия құрылып, кейін ол Ұлттық инженерлік академия мәртебесіне ие болды. Бұл ғылыми-техникалық әлеуетті сақтай отырып, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты қамтамасыз ететін жетекші ғылыми-әдістемелік және инженерлік істі үйлестіруші орталыққа айналды.
Академияның басында көрнекті ғалымдар мен инженерлер шоғыры тұрды. Алғашқы кезден бастап академия ғылым мен білімнің және экономиканың нақты секторы арасындағы көпір ретінде құрылды. Бұл ұстаным бүгінде Мемлекет басшысы айқындап берген міндеттермен толық үндесіп отыр: ғылыми зерттеулер тек академиялық мүдделерге ғана емес, сонымен қатар елдің стратегиялық даму мақсаттарына да қызмет етуге тиіс.
Бүгінде Ұлттық инженерлік академия еліміздің ғылыми-технологиялық саясатын жүзеге асыра отырып, мемлекет пен бизнеске өндірісті технологиялық жаңартуға көмектесуге, ғылым мен өндіріс арасына «көпір» салып, ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізуге үлес қосып келеді.
Ұлттық инженерлік академия 35 жыл ішінде іргелі зерттеулерден бастап, қолданбалы инженерлік шешімдерге дейін шамамен 3,5 мың ғылыми жобаны жүзеге асырды. Олардың елеулі бөлігі өндірісте қолданыс тауып, ел экономикасына қызмет етіп отыр.
«Академия – ғылым – өндіріс» байланысында ұлттық техникалық зерттеу университеттерінің атқаратын рөлі ерекше. Олардың міндеті – дайын шешімді қолданып қана қоймай, жаңа технология жасай алатын зерттеуші-инженер мамандарын қалыптастыру.
Cәтбаев университеті мен Ұлттық инженерлік академия арасындағы серіктестік – жылдар бойы қалыптасқан жүйелі ынтымақтастық байланыс. Бұл байланыс ғылымды, білімді және өндірісті бір мақсатқа жұмылдырады. Академия техникалық университеттер үшін ғылыми-әдістемелік орталық әрі инженерлік дамудың стратегиялық бағыттары айқындалатын алаңға айналды. Академияның қолдауымен Cәтбаев университеті білім беру бағдарламаларын жаңартып, дуалды оқытуды дамытуда, әрі қолданбалы зерттеулерді кеңейтуде. Мұндай ықпалдастық студенттердің өндірістегі нақты үдерістерге еркін араласуына, сөйтіп білім беру шеңберін кеңейтуге жол ашады.
Біздің бірлескен ортақ жұмысымыз инженер кадрларын даярлау жүйесін тиімді жетілдіруге, заманауи үрдістерді дер кезінде меңгеруге және ғылыми мектептерде ұрпақ сабақтастығын сақтауға мүмкіндік береді.
Қазіргі кезең мен ғылыми мектептердің сабақтастығы
Инженерлік ғылымның басты ерекшелігі – ғылыми мектептердің сабақтастығы. Дәл осындай ғылыми мектептер инженерлік ойлау мәдениетін, нәтижеге деген жауапкершілікті және өндіріс тәжірибесіне деген құрметті қалыптастырады.
Ұлттық инженерлік академия осы дәстүрді жаңа кезеңде жалғастырып, зерттеулердің қолданбалы сипатын күшейтіп келеді. Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, энергетика, экология, машина жасау және цифрлық технологиялар бағыттарына басымдық береді.
Академиктердің жинақталған тәжірибесі мемлекет пен бизнес және ғылыми қауымдастық арасындағы өзара ықпалдастық пен қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік береді. Осы орайда ҰИА президенті Бақытжан Жұмағұловтың инженерлер жеке жауапкершілік пен азаматтық ұстаным арқылы жұмысшы мамандығының беделін арттырып, оларды ұлттық мақтаныш пен экономикалық өркендеудің тірегіне айналдыруға тиіс деген сөздері өте маңызды екенін айта кету керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев университеттерді ғылыммен және өндіріспен тығыз байланыстырудың, инженерлік білім беру бағдарламаларын жаңартудың және зерттеу мәдениетін қалыптастырудың маңызды екенін үнемі айтып келеді. Осындай университеттер мемлекеттік ғылыми-технологиялық саясатты іске асыратын негізгі тірекке айналады.
Бүгінгі инженер – мемлекеттік деңгейдегі тұлға. Оның шешімдері еліміздің технологиялық дербестігін, қауіпсіздігін және тұрақтылығын айқындайды. Инженерлік ғылыми мектептерді сақтау мен дамыту, Ұлттық инженерлік академияны, университеттерді және өндіріспен байланысты қолдау – мемлекеттің стратегиялық басымдығы. Ғылым мен инженерді қолдау – қуатты, тәуелсіз әрі бәсекеге қабілетті Қазақстанды таңдаумен тең.
Мейрам БЕГЕНТАЕВ,
Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ректоры