Ғылым • Кеше

Тиімді органикалық егіншілік

5 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары әлем­де органикалық егіншілік­ке сұраныс артып келе­ді. Жапония, Еуропа, АҚШ нарығы экологиялық таза өнім­дердің өндірістік тиімділігіне көз жеткізіп, осы саладағы ғылыми зерт­теу жұмысын күшейте бастады.

Тиімді органикалық егіншілік

Қазақ егіншілік және өсім­дік шаруашылығы ғы­лы­ми зерттеу институты органи­ка­лық егінші­лік зертхана­сы­ның меңгерушісі, ауыл шаруашы­лығы ғылымдарының кан­дидаты, қауым­дастырылған про­фессор Назира Слямова қазір орга­никалық егінші­лік ауыл ша­руа­шылығының бір бағы­ты ғана емес, ұлт денсаулығын сақтау­дың негізі ретінде қарастырылып отыр­ғанын жеткізді. Осы мақсатты іске асыруға ғылыми зерттеу жұмыстары барысында тың жобалар әзірленіп жатыр.

– Зертханада органикалық ауыл шаруашылығы дақылдары мен дәрілік шөптерді өндіруде инновациялық технологияларды қолдана отырып, дақылдарды заманауи зерттеу әдісі іске асырылады. Бүгінде азық-түлік қауіпсіздігі өндірілген өнім көлемімен емес, оның сапасы мен қауіпсіздігіне байланысты әлемде жыл сайын шамамен 4 миллион тоннаға дейін пес­тицидтер қолданылады. Химиялық тыңайтқыштар мен пестицидтерді тұрақты қолдану салдары азық-түлік құрамына кері әсер етеді. Ағзада жиналып қалған зиянды заттар жүйке, эндокриндік және иммундық жүйелердің жұмысына әсер етуі ықтимал. Әсіресе балалар ағзасы мұндай әсерлерге өте сезімтал келеді. Сонымен қатар қазіргі таңда азық-түлік өндірісінде түрлі жасанды қоспалар, консерванттар мен бояғыштар кеңі­нен пайдаланылады. Бұл да тағам­ның табиғилығын төмендетіп, денсаулыққа қосымша қауіп тудырады. Кейінгі  кезде химиялық препараттарды көп пайдалану салдарынан бұл көрсеткіш елімізде 10,6 мыңнан 18,3 мың тоннаға дейін өскен. Сонымен бірге елімізде 6 мың тоннадан астам ескірген және қауіпті пестицидтер қалдығы бар екені алаңдатады. Күнделікті тұтынатын тағам сапасының төмен­деуінен үлкендер мен балалар арасында аллергия, асқазан-ішек аурулары, иммунитеттің әлсіреуі жиілеп барады, – дейді профессор.

Қазір институт ғалымдары кли­матқа бейімделген, экологиялық қауіп­сіз агротехнологияларды дамы­­туға басымдық беріп отыр. Мақ­саты – қауіпсіз азық-түлік және тұрақты ауыл шаруашылығы жүйе­сін қалыптастыру.

– Органикалық өнімдердің бас­ты ерекшелігі – өндірісінде син­те­тикалық химиялық заттардың қол­данылмайтындығы. Оған қатаң шектеу қойылған. Қазіргі таңда көпте­ген импорттық өнімнің құрамын­да, әсіресе соя, жүгері, рапс негізін­дегі өнімдерде ГМО компонент­тері болуы мүмкін. Көбінесе қайта өңделген тағамдардың құрамын­да кездеседі. Тұтынушы әрдайым өнімнің құрамын толық түсіне бермейді. Таңбалау жеткілікті дең­гейде айқын емес болуы мүм­кін. Ғылыми тұрғыдан алған­да, қазіргі рұқсат етілген ГМО өнім­дері белгілі бір деңгейде қауіп­сіз деп есептеледі. Алайда олар­дың ұзақ мерзімге сақталуы мен бір­неше буынға әсері толық зерт­те­ліп болған жоқ. Сондықтан азық-түлік сапасы мен табиғилығы бас­ты назарда болуға тиіс. ГМО өнім­дері көбінесе өндірістік тиім­ділікке бағытталған. Бұл жағдай­да тағамның биологиялық құн­ды­лығы мен экологиялық тазалы­ғы­на қатысты сұрақтар туындай­ды. Сондықтан бұл бағытта бір­неше негізгі қадам маңызды: им­порт­тық өнімдердің құрамына қатаң бақылау жүргізіп, ГМО бар өнімдерді міндетті әрі түсінікті түрде таңбалау, тұтынушылардың ақпараттану деңгейін арттыру мен отандық, экологиялық таза өнім өндірісін дамыту қажет, – дейді профессор.

Қазіргі кезде зертханада ғалым­дар дақылдарды өсірудің зама­науи, экологиялық қауіпсіз техно­ло­гияларын әзірлеу мен өнді­ріс­ке енгізумен айналысады. Зертхана базасында орналасқан 23 гектар сертификатталған көп­жыл­дық тәжірибелік алаңда өсі­рілген өнімдер жоғары сапасымен ерекшеленеді. Су ресурстарын үнемдеуде ақылды суару технологияларын енгізу де зертханадағы басым бағыттың бірі. Сонымен қатар селекция саласында да ұтымды нәтижелер бар.

Зертханада дәрілік өсімдік­тер бағыты белсенді дамып келеді. Дәрі­лік өсімдіктерді өсіру – органи­калық егіншіліктің ажырамас бө­лігі. Мұнда дәрілік шөптердің 23 түрін өсіру қолға алынған. Бұл – фармацевтика, косметология және табиғи (нутрицевтикалық) өнім­дер өндірісі үшін құнды шикізат көзі. Сонымен қатар бұл өсімдіктер­дің агроэкологиялық маңызы жоға­ры. Олардың кейбірі зиянкес­терді табиғи түрде үркітетін фитонцид­тік қасиетке ие, яғни химиялық пестицидтерді қолдануды азайту­ға мүмкіндік берсе, кейбірі, керісін­ше, араларды, басқа да пайдалы жәндіктерді тартып, санын арттыруға ықпал етеді. Бұл өз кезе­гінде егістік алқаптардағы био­алуантүрлілікті сақтауға, эко­жүйенің табиғи тепе-теңдігін ны­ғайтуға көмектеседі. Бұдан бөлек, дәрілік өсімдіктер топырақтың жағдайын жақсартуға, эрозияны тө­мендетуге және агроландшафттың тұрақтылығын арттыруға оң әсер етеді. Кейбір шөптер сидерат ретінде қолданылып, топырақты органикалық заттармен байытады. Қазіргі кезде жоғары сапасы мен бәсекеге қабілеттілігінің нәтижесінде отандық органикалық өнімдерге ішкі нарықпен қатар көршілес елдерден, сондай-ақ Жапо­ния, Еуропа елдерінен де сұраныс түсіп отыр. Ендігі кезекте органикалық егіншілікті дамытуға басымдық бере отырып, зертхана мамандары заманауи ғылыми тәсілдерді жетілдіруде. Десе де ұлт денсаулығына жағымды әсері мол органикалық өнімдерді өндіруде мемлекеттік қолдау және білікті мамандар қажеттігі айқын көрініс беріп отыр.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар