02 Сәуір, 2015

Талайды тәнті еткен түрік елі

905 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
туркия-1 Жуырда түріктің «ТурМеда» медициналық агенттігі бір топ қазақстандық журналистерді Анадолы жеріне, Ыстамбұл шаһарына алып барды. Мақсатыбүгінгі дамыған түрік медицинасының жетістіктерімен таныстыру, түріктің шипагер ғалымдарының кеселді жою әдіс-тәсілдерін қазақ даласына жеткізу. Сапар басы Алматы әуежайынан көтерілген «Пегас» әуе компаниясының ұшағы ара­ға бес сағат салып Анадолы жері­не барып қонды. Сапарды ұйым­дастырған «ТурМеда» агент­тігінің Түркиядағы өкілі, тү­рік­ жігіті қазақстандық топты жар­қын жүзбен қарсы алып тұ­рып «Қош келдіңіздер! Сіздер Қазақстанның, Алматының қарын өздеріңізбен бірге Анадолы жеріне алып келдіңіздер!» деген жылы әзілмен автобусқа бастады. Расында да, далаға шықсақ Ыстамбұл аспаны мұнартып, баданадай-баданадай ақша қар енді ғана баяулап жауа бастапты. Ыстамбұл – мұсылман дүние­сіндегі тарихи ең көне құрылыстар, ғимараттар мен мәдениетті сақтап қалған өте әсем қала екені әмбеге аян. Бір кездері «Ислам қақпасы», «Бақыт қаласы» деген көркем атауларға ие болып, күллі Орталық Азиядан қасиетті Меккеге сапар шеккен қажылар осы Ыстамбұлға табан тигізіп, аптапты мекен – Араб жеріне Алаштың ұлы екендіктеріне көңілін бірлеп сапар шегетін болған. Техникасы дамыған қазіргі кезде де солай. Қазақстаннан қажылық сапарға беттеген ұшақ Ыстамбұл арқылы Жиддаға, Меккеге бет түзеп жатады. Сонау ХV-ХVІІІ ғасырда, Қазақ хандығы тұсында тікелей тығыз қарым-қатынаста болып, тағдырдың тәлейімен арада хабар үзіліп, байланыс тоқырап қалса да, бір Алланың мархабатымен бауырлас екі елдің құшақтары қайта айқасып, қауышып жатқан жайы бар. «Ыстамбұлда қар жауса көлік қатынасы қиындап кетеді» деген жолбасшының үні манадан бері терезеден тысқа көз салып, қалың ойда отырған мені селт еткізді. Байқасам, төрт қатар боп сап түзеген нөпір көліктің қалың ортасында тұр екенбіз. Бір жақсысы, түріктер бір-біріне жол беріп, өзара ілтипатпен баяу да болса алға мысықтабандап жылжи береді екен. Мәнісін сұрасақ, «Ыстамбұлда жеке көлігіңмен жүрдің бе, елдің көрген мехнатына ортақсың. Шаруаң тығыз ба, онда автобусқа мін, жолың ашық!» деген жауап алдық.  «Алматыда болдым, сіздерде де көлік кептелегі бар. Бірақ сіздердің машиналарыңыз шыдамсыз, көп бебілдей береді», дейді түрік туысқан әңгімесінің аяғын әзілге ойыстырып. Осындай жарасымды қалжыңмен 5 жұлдызды «Редисон» қонақ үйіне де келіп жеттік. Әріптестермен әңгіме Қонақ үйде бізді «ТурМеданың» құрылтайшысы Мұстафа Таджар мырза мен оның Қазақстандағы өкілі әрі Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Сәбит Сейдуалиев бауырымыз қарсы алды. Қонақасында Мұстафа мырза сапардың мақсатын таныстыра келіп, тағы да біздің келуіміз бен Ыстамбұлда жауған қарды байланыстырып, «Сіздердің қадамдарыңыз құтты екен, көптен бері жаумаған қар қоса келді» деді, біз де өз кезегімізде «Ал сіз біле­сіз бе, біздің Президентіміз барғанда 40 жыл тамшы тамбай тұрған Меккеде жаңбыр жауған!» дейміз. «Әрине, ол Алланың белгісі! Сіздердің Президенттеріңіз түбі бір түрік халқының бағына бұйыртқан адам!» дейді Мұстафа бей. Осы жерде Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық-саяси байланыстар, екі елдің ішкі-сыртқы қатынасына өзара жедел үн қатысып, ғаламдық көште қатар келе жатқандығы ойға оралады. Тәуелсіз Қазақ еліне тұңғыш табаны тиген түрік Президенті Сүлеймен Демирелдің 1992 жылдың көктемінде жасаған алғашқы сапары, Ататүрік арман етіп аузынан тастамай кеткен қасиетті Түркістандағы киелі кесенелерді қалпына келтіру жұмыстары, Ислам-Түрік мәдениеті мен білімінің кәусар бұлағының көзін ашуды еліміздің оңтүстігіндегі Абыздар мекенінен бастауы, одан берідегі екі ел арасындағы экономикалық және мәдени-гуманитарлық сала­дағы ынтымақтастықтың оң ық­палы мен нәтижелері, өткен жыл­дың тамыз айында ғана Түрік тағына отырған Президент Режеп Тайып Ердоған сайлауда жеңіп шыққанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың телефон арқылы құттықтап, артынша ресми инаугурациясына арнайы барып қатысуы, тұрақты түрде өтетін Түркітілдес мемлекет­тер ынтымақтастығының саммиттерінде Мемлекет басшы­сының барша түбі бір түрік жұртын Түркиямен бір болуға шақырып, өзара бауырластықты үндейтіні, осының бәрі санамыздан және бір қылаң береді. Дертке шипа, жанға дауа «МедикалПарк» Жыл он екі ай әлемнің әр түкпірінен ағылып келіп жататын туристері үзілмейтін түрік елі медицинасын мықтап жолға қойған. Көне ғимараттар мен әйгілі Осман империясының мәдениетін, бағзы қолөнері мен жәдігерлерін паш ететін туристік саяхаты өз алдына, бүгінде Түркия медициналық туризмнің де әлеуетін арттырып отыр. Тіпті, «дертке – дауа, емге – шипа табылады» деп есептеліп келген Израиль медицинасының өзі бүгінгі түрік дәрігерлерімен шендесе алмайтын жағдайға жеткен. Оған біз осы сапарымызда көз жеткіздік. Қазақстаннан барып, апталап жатып түрік дәрігерлерінің күрделі ота жасау тәліміне қатыс­қан отандық мамандар бүгінгі тү­рік медицинасының қиянға шыр­қап, жоғары дәрежеге көте­рі­ліп кеткендігіне қайран қалуда. Оңа­шалап алып, сыр тартып сұраймыз жерлестерімізден. «Шынымен түрік медицинасы ілгерілеген бе?» деп. Олар бұған дейін шетелдердің алдыңғы қатарлы медицина ға­лым­­дарымен кездескенін, айту­лы халықаралық жиындарда, тәжірибелерде көп болатындығын алға тартып, түріктердің аса күрделі оталарға батыл түрде тәуекел етіп отырғанын және адам сенгісіз шынайы жетістіктерге ие болғандығын, түрік дәрігерлеріндей медицина ғылымын жетік меңгеріп, бұл саланың құпиясын тереңдете түскен ғалымдардың осынша көп легін көргендеріне таң. Біздің Анадолы жеріне жасаған сапарымызды ұйымдастырған «Тур­Меда» агенттігі Түркиядағы ең ірі «МедикалПарк» клиника­лар желісімен тікелей жұмыс істейтін ұжым. Агенттіктің қызметі – Орта­лық Азия мен Қазақстаннан дертіне дауа іздеген емделушілерді Түркиядағы аса сапалы ем орта­лы­ғына жеткізу, сырқатқа және оның туыстарына мейлінше жайлы жағдай тудырып, дертті жандардың аяқтан тұрып кеткеніне дейін қалтқысыз қолғабыс беру. «МедикалПарк» әлемде микрохирургия саласында елеулі же­тіс­тікке жеткен клиникалық желі­лер орталығы. Мұнда жылы­на 120 мыңға тарта үлкенді-кішілі ота­лар жасалып, үмітін үзген нау­қас­тардың аяққа тұрған кездері аз емес. Онкология, трансплантация саласында түрік медицинасы көш басында. Адам миындағы ісікті пышақтың көмегінсіз сылып тастайтын «Гамма найф» деп аталатын аса қымбат медициналық құрылғыны да осы «МедикалПарктен» кездестіре аласыз. Мұндай құрылғы әлемде санаулы елдерде ғана бар және онымен жұмыс жасайтын білікті маман-дәрігер де саусақпен санарлық. Клиниканың адамның жілік майын ауыстырумен айналысатын бөлімінде балалар гематологы, профессор Тунч Фишгин мырза әлемде қазір лейкоз ауруының белең алып кеткендігін, мұнда дүниенің әр түкпірінен сырқат балалардың келетінін, оның ішінде Еуропадан, Орталық Азия елдері, Иран, Пәкістан мемлекеттерінен де көптеп жасөспірімдердің түсетін­дігін айтты. «Қазақстан бауырлас ел болғандықтан қазақ сәбилері бізді жатырқамайды, тіліміз де, мінез-құлқымыз да ұқсас, тез тіл табысып кетеміз. Ол ем алушы балаларға да жақсы», дейді профессор Тунч бей. Дәліздегі әлем балаларының салған суреттері ілінген тақтадан сәукеле киген қазақ қызының бейнесін байқап қалдық. Иә, көзіміз алдамапты. Емделуші сәбилердің өз қолдарымен салынып, түрлі тақырыпты бейнелейтін сурет тақтасындағы «Сәукелелі ару» сипатталған ақ парақтың шеті­не бала қолымен «Риза Бейбіт­хан. Қазақстан» деп жазылыпты. Дәрігерден сұрағанымызда, Қазақстаннан келген 3 жасар қыздың туындысы екенін, жуырда ғана жілік майын алмастырған күрделі ота жасалғанын айтты. Отандық дәрігерлер мұндай қиын ем түрі тәжірибеде болмағандықтан 3 жасар Ризаны мемлекеттік квотамен «МедикалПарк» емханасында емделуге жіберіпті. Жарты жылға жуық күрделі отаға дайындалған біздің қызымызға өз әкесі донор болып, ота жасалғанына не­бәрі 3 апта өткен. Қазақстандық дәрігерлер сырқат пен донордың жасуша сәйкестіктері 100 пайыз болмаса ота жасай алмаймыз деген екен, ал түрік мамандары 54 пайыздық сәйкестікпен тәуе­келге барып, отаны сәтті жасап шыққан. Бұйыртса, жақын күндерде өз аяғынан тәй-тәй басып жүріп кетеді деп үміттеніп отыр. «Алла шипасын берсін! Жақсылап қараңыздаршы?!» деп өтініш білдірдік түрік дәрігерлеріне. Сауапты істің басында «ТурМеда» тұр Түрік емханасының табал­дырығынан аттаған сәтте дертіңіз жоғалып кететін тәрізді. Сондай аураны қалыптастырып, ерекше күйге енгізіп қойған түрік бауырлар. Бас дәрігерден бастап, клиникадағы айтулы профессорлар, қолы шипалы хирургтер мен иманжүзді медбикелер әрбір науқасқа ерекше мейіріммен көңіл бөліп, күнде жанынан табылады екен. «Көңілдің өзі – жарты ем» деген қағидатты бекем ұстанған ақ халатты абзал жандар кез келген адаммен жылы сөйлесіп, жан-дүниеңді баурап алады. Балдырғандар ем қабылдайтын бөлімінде үрейленген немесе көзі жасаураған сәбиді көрмейсің. Дәп бір атасының үйіне келгендей, сырқатын ұмытып, дәрігерлерді ойынға икемдеп жүрген балалар. Және әр елдің өңі өзгеше перзенттері. «МедикалПарк» дәрігерлерінің ерекше мейірбандығын осында ем қабылдап жатқан біраз отандастарымыз да айырықша назармен айтып берді. «Қалай болады екен деп екіұдай үмітпен келсек те, мұнда орналасқаннан кейін сауығып кетуге міндетті секілді сезінесің өзіңді», дейді олар. «Шипасы қонсын! Емі дарысын! Елге құлындай ойнақтап жетіңіздер!» деп біз де тілек тілеп қоямыз. «МедикалПарк» орталығында ең күрделі ота деп есептелетін жілік майын алмастырудың орташа көрсеткіші 100-ге 70 пайыз екен. Экстракорпоралды ұрықтандыруда тиімділіктің әлемдік стандарты 30 пайыз. Ал «МедикалПарк» емханасы ол тиімділікті 54 пайызға жеткізген. Өте жоғары көрсеткіш, ғылыми озық жетістік! Бұдан өзге радиологиялық, онкологиялық сырқаттарға ота жасауда да Түркия дәрігерлері озық нәтижеге қол жеткізіп отыр. Тіпті, экономикасы көш ілгері алға озған Еуропа жұрты да дауа іздеп осында ағы­лады. Себебі, қызмет сапалы, баға арзан! Түркияның ең ірі қалаларында орталықтарын ашқан бұл емхана әлемнің бірнеше елімен тығыз байланыста көрінеді. Ауыр науқастарды емдеуден бөлек, өзге мемлекеттерге маман даярлауды да жолға қойған. Мәселен, «ТурМеда» агенттігінің араласуымен бір ғана 2010 жылы әлемнің әр түкпірінен 100-ге жуық дәрігер келіп, тәлім алған, тәжірибе алмасқан. «Дінге ерекше көңіл бөлген мұсылман мемлекетісіздер ғой,­ сіздерде трансплантацияға, адам ағзасын алмастыруға қалай қарай­ды?» деген сұрақ қойдық. Мұстафа Таджар мырза бұл мәселенің түбе­гейлі шешілгенін, билік пен мүф­тият бірлесіп, ел ішінде сауатты насихат, түсіндіру жұмыстары тыңғылықты жүргізілгендіктен дін­­басылары ағза алмастыруға рұқ­­сат беретін пәтуа, саясаткерлер халықаралық деңгейдегі заң қабыл­дағанын жеткізді. «Адамды жаратқан – Алла! Адам өмірі үлкен құндылық! Сондықтан да біз бірінші кезекте адам жанын сақтап қалуға бар пейілімізді аударамыз. Жаны қыл үстінде жатқан адам – ол да біреудің қимасы, жалғызы, ардақтысы. Бір адамның өмірі бүкіл бір ұрпақтың жалғастығын сақтап қалуы мүмкін», дейді. Расында, етжақынымыз сырқаттанып қалса, тезірек сауығуын тілеп, Жаратқанға жалбарынамыз, жанымыз соның үстінде болады. Мынадай медицинасы дамыған заманда, үзілгелі тұрған жанын алып қалатын мүмкіншілік бола тұра «Жоқ, бұған дін қарсы, заңға томпақ. Сотталып кетер жайым жоқ!» деп қолы алтын шипагер шетке шықса, сырт айналса қандай болар едік?! Қош бол, Ыстамбұл! Қалың жауған қардың се­бе­­бінен Түркияның ең ірі­ 2 қа­ласында боламыз деп жоспар­ланған 3 күндік сапарымыз бір ғана Ыстамбұлмен шектелді. Анталияны көру бұл жолы нәсіп болмады. Бұйыртса, әлі келерміз. «Туризмнің жарқын мысалына айналған Бодрум, Анталия, ер түріктің екінші әрі жаңа астанасы Анкара, Құдай қаласа, саф ауаңды жұтып, ирелеңдеген көшелеріңде сейіл құрар күн де болар», деген үмітпен жолға жиналдық. Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жү­сіп­тер «Дін мен ілімнің астанасы»­ деп баға берген Ыстамбұл ша­һа­ры­нан көтерілген ұшақ Қара теңізді көктей өтіп, күллі мұсыл­ман әлемінің бесігі болған Араб жазығында Осман империя­сын­ құрған, Азия мен Еуропаға, қара құрлық Африкаға құзырын жүр­гізген, Еуразия кеңістігіндегі ең алып та қаһарлы империяның негізін қалаған ер Түріктің туған жер – Атажұрты жусанды Қазақ даласына, бүгінде азуын айға білеген алпауыт мемлекеттермен терезесін теңестіріп келе жатқан Қазақстанға, біздің ортақ Отанымызға қарай сағат санап жақындап келе жатты... Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». Алматы – Ыстамбұл – Алматы.