02 Сәуір, 2015

Бір уыс топырақ

371 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
УОС-ЦВтуған жерінен емес, Ресейден бұйырған қазақ жауынгерінің жерленген орнын жалғыз ұлы 73 жылдан кейін іздеп тапты Қызылқоға ауданында тұратын зейнеткер Аманжан Мұғалімов әкесі екінші дүниежүзілік соғысқа аттанғанда іште қалған ұл екен. Қазір зейнеткер, жасы –73-те. Оның әкесі Мұғалім Сұлтанов 1942 жылдың 10 қаңтарында Қайырлап және Қайырлы деген ағаларымен бірге соғысқа аттаныпты. Бір отбасынан аттанған үш ұлдың ішінен тек Мұғалім ғана шаңырақ көтеріп үлгерген екен. Бірақ ұлының жарық дүние есігін ашуын көре алмаған. Мугалим Султанов 1940 жылӨйткені, Мұғалім майданға аттанғанда әйелінің аяғы ауыр екен. «Әкем Мұғалім Сұлтанов Тайсойған өңіріндегі №15 ауылда тұрған ғой. 1938 жылға дейін Ералы су бөгетін салуға қатысып, кейін ауыл шаруашылығы курсын бітірген. 1940 жылы коммунистік партия қатарына өтіп, «Путь к коммунизму» колхозында мал шаруашылығы бригадирі болыпты. Соғысқа Тайпақ аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылғанда 31 жаста екен. Сол кезде мен анамның ішінде қалыппын. Шешеміз Тыныштық 1943 жылы «қара қағаз» келген деп отыратын. Көршілес №14 ауылдан соғысқа әкеммен бірге аттанған Ниет Нұғыманов деген кісі жараланып, елге оралғанда атамызға: «Балашов (Тамбов облысы) майданындағы жауға қарсы ұрыста сіздің балаңыз Мұғаліммен бірге болдым. Воронеж бағы­ты­н­­­- дағы ұрыста балаңыз жарақат­тан­ды. Жаралыларды арбамен медсанбатқа апара жатқанда, сіздің балаңыздың да аты-жөні айтылды» деп келіпті», дейді зейнеткер Аманжан Мұғалімов. Содан бері қазақ жауынгері Мұғалім Сұлтановтан еш дерек табылмаған. 1943 жылы майданнан жолданған «қара қағаз» да жоғалыпты. Кейін, әкесі Сұлтан Бисалиев ұлының тағдырына алаңдап, жерленген жері жөнінде дерегін іздестіру үшін Мақат аудандық әскери комиссариатына сұрау салған екен. Алайда, аталған әскери комиссариат басшысының орынбасары, майор Севрюк пен гвардия аға лейтенанты Лобаньның қолдары қойылған хатта былай делінген: «город Москва. Начальнику отдела по учету погибшего и пропавшего без вести рядового и сержантского состава Советской Армии. На №242501 от 25.01.1952 года. Доношу, что по установленным данным Султанов Мугалим 1911 года рождения, жены, детей не имееть. Считаю что рядовой Султанов-1911 года рождения пропал без вести 1943 году, о том чем прошу высылать извещение». Бұл 1952 жылдың 27 наурызында жазылып, Мәскеуге жолданған. Бірақ майдангердің баласы Аманжан Мұғалімов соғыста қаза тапқан әкесінің қабірін тауып, туған жердің бір уыс топы­ра­ғын салу мақсатын әрдайым есінен шығармады. «Майданда қаза тапқандардың жерленген жері табылғаны туралы газеттер­ден оқып, телеарналардан естіп жүреміз ғой. Әкемізбен бір­ге майданға аттанған Ниет Нұғы­мановтың Воронеж бағытында соғыстық дегені есімде қалыпты. Демек, әкеміз сол маңда жара­қат алған болуы керек деген ой­ға бекіндік» деген зейнеткер­ Аман­жан Мұғалімов әкесін із­деу мақсатымен 2011 жылдан бері интернет арқылы Ресейдегі мұрағаттарға сұрау салынғанын айтады. Бұдан 53 жыл бұрын әскери комиссариат хабар-ошарсыз кет­ті деп таныған майдангердің ұлын қуантар ақжолтай хабардың ұшы­ғы шықты. Аманжан қарияның қарындасы Дәмеліге дерегі белгісіз қазақстандық майдангерлерді ерік­ті түрде іздеумен айналысатын Роман Көжеков сүйінші хабарды, дәлірек айтқанда, Ресейдің Воронеж облысындағы Эртиль қаласының бауырластар зиратына Мұғалім Сұлтановтың да жерленгенін жеткізіпті. Осы хабар жетісімен майдангердің ұлы Аманжан қария әкесінің қабіріне баруға жиналыпты. Қызылқоға ауданының әкімдігі және осы ауданнан сайланған облыстық мәслихат депутаты Әділ Жұбановтың демеушілігімен жақын­да Аманжан Мұғалімов Воронеж облысының Эртиль қаласына барып қайтты. –Эртиль қаласындағы бауырластар зиратына туған жердің бір уыс топырағын апардым. Әкемнің аруағына арнап дұға бағыштадым. Сондағы деректерге қарағанда, әкеміз 1942 жылдың 20 шілдесінде жарақатынан қай­тыс болыпты. Неге екені белгі­сіз, әкемнің есімі Мұғалім емес, Спугал деп жазылыпты. Есіміндегі бір әріптің өзгешелігі болмаса, барлық деректері сәйкес келіп тұр, – дейді әкесін көрмесе де 73 жылдан кейін жерленген жері­не кіндік кескен жердің бір уыс топырағын жеткізген ұлы Аманжан Мұғалімов. Ал Эртиль қаласы әкім­ші­лі­гінің басшылығы әке рухы­на тағзым етуді көздеген атыраулық зейнеткерді қарсы алып, екін­ші дүниежүзілік соғыстың куә­гер­лерімен және мектеп оқушы­ларымен кездесу өткізіпті. Ресей Федерациясының Президенті атынан Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапаттапты. 1942 жылы Эртильдегі әскери госпитальда жатқан жаралы жауынгерлердің аузына су тамызған 10 жасар кішкентай қыз, бүгінде 80-дегі селкілдеген кейуана «Сендей ұрпағы бар әкең өлген жоқ, аты мың жасайды», деп көзіне жас алыпты. Тағы бір-екі орыс кемпірі сол бір қиын кезді көздері жасқа тұна еске алыпты. Оның бірі «Мынау үйіңдегі кемпіріңе менен сәлемдеме» деп шоколад, екіншісі «Жолыңа жаратарсың» деп Ресей рублін ұсыныпты. «Өткен жылдың желтоқсанында әкемнің жерленген жерінің табылғаны туралы хабарды естігелі бері ұйқым қашып, тынышым кетіп жүр еді. Енді, міне, әкенің мейірімін сезініп, «Айналайын!» деген бір ауыз сөзін естімесем де әке рухына басымды иіп қайттым. Бұдан былай балаларым мен немерелерімді ертіп апарғым келеді. Қазір 8 баладан 20 немере, 7 шөбере көріп отырмын. Болашақта ұрпақтарым атасын ұмытпай, рухына бас июге барып тұрарына сенемін», дейді әкесіне деген сағынышын жасыра алмаған зейнеткер Аманжан Мұғалімов. Аке рухына тагзым Майдангер ұлының айтуынша, Эртиль қаласындағы әске­ри госпитальда 39 боздақ 1942 жылдың 17 шілдесінен 7 қаза­ны аралығында жарақатынан айықпастан қайтыс болыпты. Бәрі де 40-армияның құрамындағы атқыштар полктерінде жауға қарсы атойлағандар. Солардың арасынан 8 боздақ қалалық орталық саябақтағы бауырластар зиратына 1959 жылы қайта жерленіпті. Қайта жерленгендер арасында Мұғалім Сұлтанов пен Кетебай Насабаевтың (Гурьев (Атырау) облысы, Мақат ауданы) да сүйегі бар. Ал бұлардан өзге Эртильде мәңгілік мекенін тапқандардың ішінде де қазақстандық жауынгер бар. Мәселен, арнайы түзілген тізімде Ақтөбе облысынан Идри Абдиров (1911 ж.т., Ырғыз ауданы) пен Сара Тайшвеновтың (1902 ж.т., Байғанин ауданы), Батыс Қазақстан облысынан Мукиш Курмангалиевтың (Жагалин ауданы), бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау облысынан Колелов Оилданның (1916 ж.т., Еспол ауданы, Гревенчик селосы) аты-жөні көрсетілген. Осылардың арасында Муса Кусековтің туған жылы мен қай өңірден екені көрсетілмеген болса, Шакур Кадрогалиевтың (1902 ж.т.) тұсында Қазақстан, Калмянов ауданы деген дерек қана жазылыпты (тізімдегі жазылуымен берілді – Ж.Ш.). Бұл деректер бұрын жарияланды ма, жоқ па, бізге белгісіз. Бірақ, «Мен секілді бауырын, не әкесін іздеп, таба алмай жүргендер бар шығар. Бәлкім, септігі тиер, Эртильде мәңгілік тыныстаған қазақстандық боздақтардың аты-­жөнін «Егеменнің» оқыр­мандарына жеткізші, қарағым!» деген Аманжол Мұғалімовтің өтінішіне қиянат жасағымыз келмеді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,  «Егемен Қазақстан». Атырау облысы. Суреттерде: майдангер Мұғалім Сұлтановтың 1940 жылы түскен фотосы; зейнеткер Аманжол Мұғалімовтің Эртильдегі әке рухына тағзым ету сәті.