02 Сәуір, 2015

Жазылмаған әңгіме

421 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
УОС-ЦВБұл өзі ертеректе, 2000 жылы дәл сәуір айында басталып, жазылмай қалған әңгіме болатын. Себебі, өзім сырқаттанып қалдым да, кейін қолға алудың реті тағы да келмеді. Өйткені, әңгімеге өзек болып отырған Ұлы Отан соғысының ардагері Кәкәрия ақсақал осы аралықта о дүниелік болып еді. – Қарағым, – деген еді қария, – мен туралы газетке жазамын дейсің, көп мақ­тама. Жасым 90-ға келгенде «мен олай соғыстым, былай соғыстым» деп кеудемді соғу жараспас. Соғыссақ, мойнымыздағы азаматтық борышымыз еді. Қаншама боздақ қыршынынан қиылды. Әйтеуір, татар дәмім бар екен, соған мың тәубе. Жазушы Ғабит ағамыздың «Кешегіні ақтау да, жамандау да бүгінгі күннің қорытындысынан шығады» деген сөзін ойға түйіп алған едім. Сол айтқандай, заман өзгерді. Сонау соғысқа берілер бағаға да өзгерістер енгізгісі, түзегісі келетін тарихшылар да табылмай қалған жоқ. Қарын тоқ кезде адам не демейді. Сол кезде қолында қаруы бар қатардағы сарбаздың алдындағы жалғыз мақсаты жауды жеңіп, елге оралу болды. Жалғыз ғана Отанымыз бар. Сол үшін қан төктік. Демек, осы тарих – тарих болу керек қой, – деп бір күрсініп алды. Какария аксакал 4 001– Ата, қайта-қайта сөзі­ңіз­ді бөлмес үшін барлық сұрағымды бір қойғалы отырмын... Сұрапылда есіңізде ерекше қалғаны қайсысы? Ауыр жарақатты қалай алдыңыз? Еліміздің өткені мен бүгінін қалай бағалайсыз? Азаматтық туралы не айтар едіңіз? Жалпы, кейінгі ұрпаққа сабақ болғандай бір адал әңгімені өрбітсек деп едім. – Оның дұрыс қой. Көңілге тоқыған нәрсе аз емес... Өзім 1913 жылы туғанмын. 1941 жылы 17 қарашада Тайпақ ауданы Теңдік ауылдық кеңесінен 17 жігіт аттандық. Алғашында Орынбор қаласында әскери-үйрету бөлімшесінен автомат, мергендік атыс қаруларын меңгердік. 1942 жылдың басында Воронеж бағытына түстік. Соғыстың түтеп тұрған кезі. Мәскеу және Ленинград майдандарында тұмсығы тасқа тірелген фашистер жанталасып оңтүстік-батысқа күш сала бастады. Себебі, мұнайлы өлкенің жолын қиса, соғыс өздерінің пайдасына шешілетініне еш күмәндары жоқ еді. Әр қадам жер қиян-кескі соғыс алаңына айналды. Әр елді мекен қолдан-қолға ауыс­ты. Сөйтіп, соғыс кезіндегі бар өмірім 206-дивизия, 748-жаяу әскер полкінде өтті. Бөлімшедегі барлық сарбаз бір адамның баласындай едік. Нанымыз, темекіміз, тіпті, шұлғауымыз да ортақ. Меншікті затымыз болмайтын. Иван деген орыс жігіті екеуміз бір-бірімізден айырылмайтынбыз. Шығысқазақстандық еді. Менімен бірге ауыр жарақат алып, көз жұмды. Сол оқиға күні бүгінге дейін көз алдымда. Көзге түртсе көргісіз тастай қараңғы түнде дұшпан жарық беретін ракеталар атып, тосын шабуылдар ұйымдастыратын. Сондай қарбалас сәтте жаңағы Иван екеуміз қорғаныста тұрған алдыңғы шепке бір топ жау кенеттен жақындап қалыпты. Сәттік жарықты пайдаланып, мен пулеметтен, жолдасым автоматтан оқ жаудырып қоя бердік. Көздеген боламыз, бірақ түтеген түтін мен топырақтан ештеңе ажыратып болмайды. Бармақтай қып-қызыл қорғасындар ысқырып, алапат шапшаңдықпен аттанып жатыр. Аянып жатқан жоқпыз. Немістер де бастаған ісін аяқсыз тастауға арланғандай, жан­таласа атқылауда. Кенет окоп­­тың артқы қабырғасына тү­сіп, домалаған гранатаны байқап қалдым. Сол, сол-ақ екен, дүние шыр айналып жүре берді, – деп аз-кем үнсіз қалды. – Есімді далалық госпитальда жинадым, – деп жалғады әңгімесін ардагер. – Жолдасым сол жерде қаза болыпты. Қайғыдан қан жұттым. «Ең болмаса мен секілді жарақат алып, жанымда жатса», деп қиялданып, жоққа жұбанып, көрер таңды көзіммен атқызып жүрдім. Неміс­тің гранаты кеудемнің етін жұлып, сол аяғымның балтырын кескілеп, оң аяғымның жіліншігін уатып кетіпті. Ұзақ қансырап, естен танғанмын. Сөйтіп, мені қаза болғандардың қатарына кіргізіпті. Мұның бәрін кейін білдім ғой. Соғыс астынан сүйреп, арбалап алып шығыпты. Госпитальдан госпиталь қоймай, дәрігерлер емдеп бақты. Өз етімнен ет алып жамады. Бірақ оң аяғым қайтадан соғысқа жарамады. Сөйтіп, Тамбов, Саратов дәрігерлерінің қорытынды қағазымен 1944 жылдың күзінде елге оралдым. Бұл кезде Жеңіске деген үміт молайып, елдің ең­сесі көтерілгенмен, соғыстың ауыртпалығы әлі де айқын се­зі­ліп тұр еді. Соғысқа бірге аттанғандардың біршамасынан «қара қағаз» келіпті. Бәрінің орнына кіріп шықтым. Шашын жайып, мойныма асылып жылаған аналарды көру соншалық ауыр еді. Қария қалтасынан қол орамалын алды. Ол кіндіктен жалғыз емес еді. Бір апасы, бір інісі болған. Апасы ертеректе қайтыпты. Ал інісі Аманғали Иғонисов 1914 жылы туған еді. Әке-шешеден ертерек қалған олар ағайындары Мұхаммәди Ершоқановтың қамқорлығында жүреді. Екеуі Төлеке-Қанай мекенінде (қазіргі Сарытоғай ауылдық округі) Ақмешітте Жиенғали қалпеден ескіше бі­лім алады. Колхоздастыру ке­зін­­де Жамбыл ұжымшарында қол жұмысында еңбек еткен. Кейін Орал қаласынан мұға­лімдер даярлайтын бір жылдық училищені бітірген соң, Жәні­бекке мұғалімдік жұмысқа жібе­ріледі. Сол жақтан 1939 жылы фин соғысына аттанады. Ал 1942 жылы Чкалов қаласында ұшқыш­тар даярлайтын курсты аяқтаған. Әскери шені – аға лейтенант, рота командирі міндетін атқарған. 1944 жылы қаза болып, Литвада, Аурчукишка жеріне жерленген. Оны елге келген «қара қағаздан» көруге болады. Осы қағазбен қа­тар, майданнан жазылған бір-ақ хаты сақталыпты. Ол хат Базаршоландағы Кәкәрия ақса­қалдың күйеу баласы мен қызы Болат пен Қоңыршаның қолында сақтаулы. Ал Кәкәрия елге келген соң, шашыраңқы шаруашылықты біріктіру ісіне белсене араласыпты. Тайпақ ауданындағы Жамбыл, Социализм, Томпақ, Краснояр бөлімшелерінде бас­қа­рушы, есеп қызметкері мін­деттерін қолдан келгенше атқар­ған. Қан кешіп келген адам тек адалдықтың ғана жолында жүреді емес пе. Қолынан келгенше жүдеу елге жанашыр, қиналғанға қорған болуды мақсат етіпті. Сөйтіп, соғыстан кейінгі шаруа да шаш-етектен болатын. Миллиондаған кеңес халқы бүлінген құрылыстарды қалпына келтіру, ауыл шаруашылығын көтеру, т.б. істерге жұмылады. Ауыл қызы Рәшқа үйленіп, Болат, Қоңырша есімді ұрпақ тәрбиелеп өсіреді. – Әңгімеден шығады-ау, аяғым ауырса да бір балдақты тастап, жер тірей бастадым. Қызықты қара, сол кезде елдегі бір жанашыр ағам: – Шырағым, Кәкәрия, етің тірі жігітсің, бірақ ештеңе ойла­майсың. Сенің бір балдағыңды тастағаның маған ұнап тұрған жоқ. Соғыс болса мынау, әлі жүріп жатыр, – демесі бар ма. Сол бойда ештеңенің байыбына бармасам да, кейін бәрін ұқтым. Кейбір қызылкөздер менің жарақатыма күмән келтіріп жүргендей екен. Толықтырып айтсам, менің мүгедектігіме күмәнмен қарапты. Кешікпей әскери комиссариаттан шақыру қағазы келіп, жас жігіттермен бірге әскери тексеруден өттім. Бұл тексеру үш рет қайталанды. Сөйтіп, ІІ топтағы соғыс мүгедегі деген «атақ» алып тындым. Мен барлық адамдарға адам деп қарайтын болсам, кейбір аярлардың да барлығы сол кезде жағамды ұстатты. Демек, «адалдық» деген ұғым бар жерде «арамдық» деген сөзге де орын беруге тиісті екенбіз. Екі рет ауыр жарақат, екі рет жеңіл жарақат алып, үлкен қалалардағы әскери дәрігерлердің анықтамасы бола тұра мені соғыстан бас сауғалап жүргендердің қатарына қосуы нағыз аярлықтың белгісі еді. Қайтерсің, бәріне төзу керек болды, – деп ардагер ауыр күрсінді. – Жоғыма күйінген жан емеспін, – деді әрі қарай қария. – Біреулерге ұқсап, бастықтарды жағалап, соғысқанымды бұлдап, ешкімнің алдына барған жоқпын. Барға қанағат. Пенделікпен бір іске барғым келсе, ойыма ой түсіп, соғыстан оралмағандар көз алдыма келеді. Еңсемді тіктеп аламын. Олардың рухының алдында, бала, сен түгіл мына мен де қарыздармын. Сол қарызды арқалап жүргенімнің өзі бақыт. Рухтарына дұға бағыштап, нан ауыз тиемін. Бес жылға созылған соғыстың бәрінде жеңіс біздің қолда болды десем, тарихқа қиянат. Жеңілістің де ащы дәмін таттық. Кейбір солақай саясат, соқыр тәуекелден қаншама сарбаз туған жерге орала алмады. Елге, туған жерге деген махаббаттың жалғаны болмайды. Десе де, түкке тұрғысыз жалаң ұрандау­лар мен көзбояушылықтың бә­­рін риясыз елдік ұғыммен ша­тас­тырмайық. Адам жүрген жерде жалған жасандылық та, жарқыраған шындық та алмасып жатады екен. Ол бейбіт уақытта көп байқалмайды. Ал соғыс кезінде көзбен көріп, қолмен ұстағандай боласың. Сөйтіп, көздің соқырлығы ештеңе емес, көңілдің соқырлығынан сақтасын. «Ашта жеген құйқаңды тоқта ұмытпа» деген бар. Кейбір азаматтардың артықтау сөйлеп, адыраң басатыны арқама аяздай батады. Өз туған жеріңе, еліңе қызмет жасасаң, басыңа бақ, астыңа ат сұраудың қандай қисыны бар. Еңбегін сатқан ерді ер емес, ез деу керек. Соғысқа дейін де, соғыстан кейін де туған еліме маңдайымның терін төгіп, адал еңбек жасадым. Өз шаңырағымның тірлігінен гөрі, елімнің бірлігі мені көбірек алаңдататын. Қарын тоқ, киім бүтін болмаса да атар таңымызға адал, келер күндерімізге иек артатын едік. Елге келген соң байқадым ғой, тылдағы тынымсыз еңбек қана Жеңісті қамтамасыз еткен екен. Осылай деп барып ардагер үнсіз қалған еді. Міне, содан бері де 15 жыл уақыт зу етіп өте шығыпты... Тілес ЖАЗЫҚБАЙ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы. Суретте: Кәкәрия ИҒОНИСОВ.