02 Сәуір, 2015

Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған құжат 72 жылдан кейін табылды

411 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
02.04.2015 BatyrҚОСТАНАЙ. 2 сәуір. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қостанайлық жауынгер Қасым Ахметовтың Кеңес Одағының Батыры  атағына ұсынылғаны 72 жылдан кейін белгілі болды. Оны  боздақтың туыстары  Подольк қаласындағы Ресейдің Қорғаныс министрлігі архивінен тапты.  Бұл туралы  egemen.kz тілшісі хабарлады. 02.04.2015 Batyr-2Марапаттау қағазында Белорус майданы,  63-армияның, 41-атқыштар дивизиясы, 244-атқыштар полкі, 2-атқыштар ротасының бөлімше командирі, кіші сержант кіші сержанты Қасым Ахметовтің Кеңес Одағының  Батыры атағына ұсынылғаны айтылады. 1943 жылы 30 желтоқсанда ұсынылған марапаттау қағазында: «жолд. Ахметов 244-атқыштар полкы құрылғаннан бастап,  барлық ұрыстарға белсенді қатысты.  1943 жылы 26 шілдеде Хатетово темір жол стансасының  маңында немістің артиллерия және пулемет күшіне қарсы ұрыста «Отан үшін», «Сталин үшін» деген ұранмен ротаны жауға қарсы көтеріп, темір жол стансасын алғанда, бірінші болып жеткен. Өз ерлігімен Ахметов осы шайқаста немісті жеңгені үшін Қызыл Ту орденімен марапатталды. 02.04.2015 Batyr-11943 жылдың 23 желтоқсанында Малый  Козловичи селосының аумағында неміс әскерлері танк пен зеңбіре күштерінің қолдауымен ыңғайлы межені (зират аумағы) алуға тырысты. 17 адамнан құралған Ахметов басқарған топ 3 сағат бойы толық қамалда 6 рет жаяу әскермен, танк және зеңбіректер қолдауымен неміс шабуылына тойтарыс бере білді. Бұл шайқаста 100-ден астам неміс жауынгерін жойып, 3 күн бойы сұрапыл қанды шайқаста алынған маңызды меже жауға берілмеді.  Отан үшін жасаған ерлігіне Ахметов жолдас Кеңес Одағының батыры атағына ұсынуға лайықты» деп жазылған. Өтініштің соңына 244-атқыштар полкінің командирі М.В..Колесов пен 41-атқыштар дивизиясының  генерал-майоры А.И.Сурченко қолдайтындығын қолдап, қол қойған. Осы марапаттау қағазы әскери мекемелерде қаралмаған. Оның не себепті  жоғары сатыға жетпей қалғаны белгісіз. 1945 жылы 16 сәуіріндегі шайқаста автомотшылар взводының командирі Қасым Ахметов қаза табады. Оның сүйегі Германияның Бранденбург жеріндегі Одердегі Франкфурт округінің Зеелов ауданы Лебус елді мекенінде жерленген. Қасым Ахметов Қостанай облысы Меңдіғара ауданындағы Төлеңгіт ауылында 1917 жылы туған.  1939 жылы Қызыл Армия қатарына алынып,  соғысына қатысады. Ұлы Отан соғысы басталған соң майданға аттанады.  Қасым Қызыл Ту орденінен басқа І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, 3-дәрежелі  «Даңқ» орденімен марапатталған. Осының барлығы да  жиырманың ішінде қыршынынан қиылған батыр боздақтың ерлік істерін  бейнеледі. Нәзира Жәрімбетова. Дерек, сурет: egemen.kz.