02 Сәуір, 2015

Солтүстік Қазақстанда мемлекеттік қызметші заңсыз сыйақы жазып келген

259 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
02.04.2015 premiaПетропавл. 2 cәуір. Тәртіптік кеңестің отырысында  заң талаптарын бұзған бірнеше  шенеунік жауапкершілікке тартылып,  өзіне де, қарамағындағыларға да заңсыз сыйақы жазған біреуін қызметінен босатуға шешім алды. Бұл туралы  мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы   іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Облыс прокурорының көмекшісі Самат Темірбаев  Уәлиханов ауданының Өміртасов деген тұрғынының   2014 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында зейнетақы төлеу орталығынан 80  мың теңгені заңсыз алып келгенін мәлімдеді. Тергеу барысы көрсеткендей, ол 10 күн  бойы себепсіз келмегендіктен, «жұмыссыздар» есебінен шығарылған.  Алайда, ол жөнінде  зейнетақы төлеу орталығына хабарланбаған.  Нәтижесінде аудандық  жұмыспен қамту және  әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Гүлжан Қадырова кінәлі деп танылған. Оған қызметіне толық сәйкес  келмейтіні ескертілді. «Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы  Талғат Наурызбаев  бұрын қызметтік  жалған құжаттар жасаған қылмыстық іске қатысы бар  малдәрігерлік станция  директорының орынбасары  Гүлнар Хасеноваға  басшының міндетін жүктеген.  Ол болса,  қызмет бабын асыра пайдаланып,  сыбайлас жемқорлық заңнамаларын аяққа басқан. Атап айтқанда,  Конституциясы мерекесі деген желеумен 2014 жылы  10 қыркүйекте  заңсыз бұйрық шығарып,  өзіне  100 мың теңге, бас бухгалтер Афанасьеваға   135 мың теңге, ал Қазақстан халқы бірлігі күні қарсаңында бухгалтерге  40 мың теңге  сыйақы жазған.  Одан әрі  ешқандай бұйрықсыз рәсімдеместен  бас бухгалтердің міндетін атқарды деген себепті алға тартып,  бухгалтерді 200 мың теңгемен  жарылқап тастаған»,– деп жазылған аудан прокуроры Шоқан Құлтановтың хабарламасында. Тәртіптік кеңес мүшелері  Т. Наурызбаевқа ескерту беру,  Г. Хасенованы жұмыстан босату туралы ұйғарымды бірауыздан қолдады. Өмір Есқали. Дерек: мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы  күрес іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметі. Сурет: egemen.kz