03 Сәуір, 2015

«Таза, терең, өткір, күшті, кен тілім»

868 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Осылай тебірене жырлап, ана тілін  алтын күнге, жарық  жұлдызға теңеген  Мағжанның  туып-өскен өңірінде  басты құндылығымызға қатысты атқарылып жатқан іс-шаралар аз емес DSC_2504Елдің мұрат жолдарын белгі­леп берген «Қазақстан-2050» Стра­тегиясында тіл саясатын сауатты, дәйекті жүргізу керектігі, 2025 жылға таман ел тұрғындарының 95 пайызына қазақ тілін білу талабы қойылғаны мәлім. Қызылжар өңірінде де жаппай қазақша білетін жаңа ұрпақ легін қалыптастыру бағытында бірталай жұмыстар атқарылып келеді. Ол туралы өңірдегі «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, облыс­тық мәсли­хаттың депутаты Кәрібай Мұсырман былай дейді: – Қазір Отанымызда тілге, елге де­ген азаматтық жанашырлық, қай­рат­керлік көзқарас айқын аңға­ры­лады. «Не нәрсенің де бағасы салыстыру арқылы анықталады» деп грек ойшылы айтқандай, осыдан ширек ғасыр бұрынғы уақыт пен қазіргі кезең жағдайын алып қарайтын болсақ, айырмасы жер мен көктей. Оған мына деректер айғақ. 1990-1991 оқу жылында облыстағы қазақ балаларының 25 пайызы ғана ана тілінде білім алса, қазір бұл көрсеткіш 67 пайызға жуық. Қазақтар саны барлық тұрғындардың 34 пайызын құрап отырған өлке үшін қуантарлық нәтиже. Кеңес өкіметі тұсында 100-ге жуық қазақ елді мекендерінде жабылып, орысшаға көшірілген білім ошақтары қайтадан қалпына келтірілді. Петропавл қаласында бір ғана ұлттық мектеп болса, бүгінде олардың саны алтауға жетті. 2012-2014 жылдар бедерінде 49 қазақ сыныптары ашылып, аралас мектептер саны ұлғайды. Олардың түбінде ұлттық білім ұяларына айналары анық. Олай дейтінім, 320 орынды қалалық қазақ гимназиясындағы оқушылар 1100-ге жетіп, №7 орыс мектебіне орналастыруға тура келді. Қазір мұнда 400 бүлдіршін ана тілінде білім алады. Бүгінгідей қаржылық дағдарыс кезінде жаңа нысандар салу оңай емес. Сондық­тан оқушылар саны азайған орыс мектептерінде қазақ сыныптарын көбейту бірден-бір оңтайлы жол болмақ. Осындайда 1990 жылы Петро­павл қаласында тұңғыш қазақ сыныбының қандай қиындықпен ашылғаны еске түседі. Бастапқыда 80 ата-ана балаларын беруге келісім бергенімен, жеме-жемге келгенде көбі уәделерінен тайып, 15 балаға әзер толтырылған еді. Тіпті, кей­біреулері «Сенің қазақ тілің кім­­ге керек? Орысша оқытамыз. Шаруаларың болмасын», – деп намы­с­қа тиетін сөздермен дүрсе қоя берген. Мем­лекеттік тіліміздің қолдану аясын кеңейту, мәртебесін көте­ру­де талмай жүргізілген ілкімді саясаттың жемісін көріп отырмыз. Таяуда өткен «Тіл – татулық тірегі» атты алқалы басқосуға қатыса отырып, Тәуелсіздіктің қадір-қа­сиетін, босағадан төрге озған ана тіліміздің тұғырын шындап ұқ­қандай боласың. Бұл жиынның бөлекшелігі сонда, облыс әкімі Ерік Сұлтанов мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт жастарымен кездесті. Қазақтың ұлы ақыны М.Жұма­баев «Ұлт үшін тілінен қымбат еш нәрсе жоқ» деген болатын. Мем­ле­кеттік тілді үйрену, оның қол­да­нылу аясын кеңейту бәріміз үшін көкейкесті мәселе болып қала бере­ді,– дей келіп, Ерік Хамзаұлы қа­зақ тілі үш тілдің бірі болып қал­май­тынын, үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы болатынын, еске салды. Дөңгелек үстел түрінде ұйым­дас­­тырылған алқалы жиын­да­ тіл­дер­ді дамыту жөніндегі басқар­ма­ның басшысы Кемел Оспанов былтыр мемлекеттік тілдегі шы­ғыс құжаттар үлесі – 97, кіріс құжат­тар 83 пайызды құрағанын жет­кізді. Мемлекеттік тілді оқыту орталығы арқылы 124 топта 2624 мемлекеттік қызметші қазақ тілін оқып-үйренген. Соңғы екі жылда топ саны 55-ке көбейіп, қосымша 1559 тыңдаушы тартылған. Меке­ме-кәсіпорындардағы 1 мыңға жуық үйірмелерде 12 мыңнан астам адам дәріс алады. 6,5 мың адам тестілеуден өткен. Мем­ле­­кеттік тілде іс жүргізуші маман­дардың кәсіби біліктілігін артты­ру, қайта даярлаудан өткізу курс­тары жүргізіледі. 547 жалпы бі­лім беретін мектептің 136-сы қазақ тілді, 130-ы­ аралас саналады. Айрықша атап өтерлігі, өзге ұлт өкілдерінің 300-дей баласы қазақ мектептерінде оқиды. Қазақ және басқа тілдерді интерактивті оқыту мақсатымен 270 лингофонды кабинет жабдықталған. Үш тілді меңгерген жастарға жүйелі қолдау көрсетіледі. «Тіл–тұнық ойдың кәусары», «Тіл шебері», «Тіл–па­расат» секілді олимпиадалар мен байқаулар ұйымдастыру дәс­түрге енген. «Мемлекеттік тіл – менің ті­лім» тақырыбы аясында пікір алмасып, ой бөліскен Белое орта мектебі қазақ тілі пәнінің мұғалімі Светлана Магуянова өңірде мем­лекеттік тілді үйренушілер мен білім алушылар қатарының қалың­дап келе жатқанын, өйткені қазақ тілі Мәңгілік Елімізбен бірге Мәң­гілік тіл болатынына ешкім шүбә кел­тір­мейтінін алға тартты. Шал ақын ауданындағы Еңбек негіз­гі мектебі «Еркетай» шағын орта­лығының тәрбиешісі Марина Венинг ұлты неміс болғанмен, тілі қазақ екенін мәлімдеді. Ол 2013 жылы Халықаралық әйел­дер күні қарсаңында өзге қыз-келін­шектермен бірге Елбасының қабылдауында болған ұмытылмас әсерлерімен бөлісіп, қазақша таза сөйлейтінін мақтан тұтты. Учас­келік инспектордың көмекшісі Гариф Хамзаев мемлекеттік тілді еркін білудің арқасында оқуда да, қызметте де өзін еркін сезінетінін айтты. «Дархан даладай мінезі жайсаң қазақ бауырларымның арасында өскенімді бақыт санаймын», деді ол ағынан жарылып. Тайынша ауданы білім бөлімінің әдіскері Палимат Чупалаева әдеби тілді еркін меңгергені соншалық, мақалдап-мәтелдеп сөйлеп, тілдің майын тамызды. Десек те, бұл айтылғандардан көлеңкелі тұстар жоқ екен деген­ ой тумаса керек. Баршылық. Со­лар­­дың ішінде ең соқталысы, қа­зақ мектептеріндегі орынның тар­лығы. Петропавлдық ата-аналар бұл мәселені жиі көтеріп жүр. Ғ. Мүсірепов пен Тайынша аудандарында аупарткомның ескі ғимараттары негізінде ашылған білім ошақтары үш ауысымда оқуға мәжбүр. «Нұрлы көш» бағдарламасы шеңберінде пайда болған Бәйтерек ауылынан 300-ден астам оқушы аудан орталығына автобуспен қатынап оқиды. Шал ақын ауданындағы Қаратал, Айыртау ауданындағы Бірлестік ауылдарының тұрғындары жаңа мектепке зәру. Ендігі бір мәселе, ономастика саласындағы түйткілді жайттарға келіп тіреледі. Қолдағы мәліметтерге сүйенсек, 23 жыл ішінде 11 аудан­ның, Петропавл қаласында 57 көшенің аты өзгергенімен, отар­шыл­дық сипаттағы, кешегі кеңе­с­­­­- тік кезеңді еске салатын көше­лер мен елді мекендердің әлі аз еместігі байқалады. Облыс аума­ғында 600-ге тарта ауыл болса, 237-і ғана қазақша атауға ие. Сондықтан мемлекеттік тілдің қолданыс аясында ономастикадағы оралымсыздықтарды шешетін мезгіл туғаны анық. Елбасының осыдан 7 жыл бұрын бір топ қазақ тілді БАҚ басшыларына берген сұхбатындағы «Қазақтың қазақтығының басты белгісі–қазақша сөйлеуі. Үй­де де, түзде де. Баласымен де, неме­ресімен де. Досымен де, туысымен де. Бажасымен де, құда­сымен де. Тек осыны жасаған адам­ның өзі ана тілін өркендетуге өзінің титтей де болса үлесін қо­са алады. Өз баласын қазақша сөй­лет­пеген қазақтың «қазақ тілі» деп сар­нау­ының еш реті жоқ» деген пайымдаулары өміршеңдігін жойған жоқ. Өкініштісі сол, бәз­бі­реулер «Қазақ қазақпен қазақ­ша сөйлессін», «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген қанатты сөздерді ескере бермейді. «Тілден биік асқар жоқ, Тілден асқан байлық жоқ, Тілден асқан теңіз жоқ» /Ғ. Мүсірепов/ екенін үлкендер жағы есте мықтап ұстап, жастарға ескертіп отырса, тілдің негізгі иесін де, киесін де анық бағамдар еді. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы.