03 Сәуір, 2015

Ойын бизнесінде ережелер өзгерді

443 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
02.jpg-02-09Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында еліміздегі ойын бизнесін реттеуге құрылған заң жобасы қаралды. Сондай-ақ, депутаттар бірқатар халықаралық қарым-қатынастарды реттейтін заңдық құжаттарды ратификациялау мәселесін де егжей-тегжей талқыға салды. Алдымен күн тәртібінде бі­рін­ші мәселе етіп «Қазақстан Республикасының кейбір заңна­ма­лық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарап алған сенаторлар оны бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдады. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осы саладағы олқылықтарды жою және ойын бизнесі туралы заңнамаға бақылау жүйесін қатаңдату жайын ортаға салды. Оның айтуынша, Азаматтық іс жүргізу кодексінде интернет казино қызметі заңсыз деп танылған іс жүргізу тетігі бекітілетін болады. Сонымен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен ойын бизнесі туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті көздейтін факт нақтыланады. Бұдан басқа, ойын бизнесі заң талаптарын бұзғаны үшін қосымша әкімшілік жауапкершілік енгізіліп отыр. Салық кодексінде ай сайынғы салық алынуын арттыру ұсынылса, букмекерлік кеңсенің кассасынан 75 айлық есептік көрсеткіш 150 есептік көрсеткішке дейін, букмекерлік кеңсенің электронды кассасынан 75 АЕК-тен 2000 есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылады. Ойын туралы заңнамаға да бірқатар түзетулер енгізілген. Атап айтқанда, казино және ойын автоматтары қызметі бөлігінде ұғымдық ақпарат нақтыланған. Интернет клубтары түрінде жұмыс істейтін онлайн казино қызметі мәселесін шешу мақсатында интернет казино және электронды казино ұғымының, сондай-ақ, ойын жабдығы мен бәс тігуді ұйымдастыруға және өткізуге арналған жабдық ұғымдарының аражігі де ажыратылған. Әрбір ойын мекемесіне казино және ойын автоматтары залдары үшін міндетті резервтер түрінде қамтамасыз етуін 25 көрсеткіштен 60 мың көрсеткішке дейін ұлғайту көзделгендігін тілге тиек еткен министр бір казинодағы немесе казино орналасқан ғимараттарға ойын үстелдерінің ең төмен саны кемінде – 30, ал ойын автоматтарының саны кемінде 60 болуы талабы бекітілгендігін жеткізді. Тағы бір белгілі болғаны, букмекерлік кеңселер мен тотализатор қызметі бөлігінде ойын бизнесін ұйымдастырушы болып табылмайтын адамдарға бәс тігуге, ставкаларды қабылдауға тыйым салу көзделген. Ғимараттардың құқық меншігінде міндетті болуы бойынша талаптар енгізіліпті. Әрбір ойын мекемесіне букмекерлік кеңселер үшін міндетті резервтер түрінде қамтамасыз ету 20 мың көрсеткіштен 40 мың көрсеткішке дейін, катализаторлар үшін 5 мың көрсеткіштен 10 мың көрсеткішке дейін ұлғайтылады. Ойын бизнесі туралы заңға жалпы сипаттағы ойын бизнесін ұйым­дас­тырушылардың қызметі бөлігінде тұрғын үй жайлардан ойын мекемелерінің, тотализатор кассаларының немесе букмекерлік кеңсенің орналасуына тыйым салу да назардан тыс қалмаған. Ойын бизнесін ұйымдастырушының міндетіне тұрақты негізде міндетті резервтерді орналастыруды қамтамасыз ету, уәкілетті органдарға 3 айда бір реттен кем емес банк салымы бойынша шарт жасасқан кезде ашылған банк есебі бойынша қолма-қол ақша және ақша қозғалысы туралы анықтама ұсыну жүктелген. Жарнама туралы заңға интернет казино жарнамасына тыйым салу туралы ереже бекітіліп отыр. Сенатор Серсенбай Еңсегеновтің сұрағына орай жауабында министр «тұрғын үй жайларға орналастыруға тыйым салудың» астарында бұған дейін нақтылық болмауы салдарынан көптеген ойын бизнесі субъектілерінің ғимараттары тұрғын үй астында орналасқандығымен түсіндірді. Сонымен қатар, ойын бизнесін тұрғын үйлерден арылту жастардың құмар ойынға деген құмарлығын оятпаумен де байланысты екендігі баса айтылды. Төраға баяндамашыға қаратып, Мәдениет және спорт министрлігіне ойын бизнесінің қатыстылығы туралы сұрақты төтесінен қойды. Министрдің жауабына қарағанда, спорт саласы осы министрлікке өткізілгеннен кейін ойын-сауық та бірлесе жүретіндігі алға тартылды. Егер ойын-сауық саласын бір жүйеге қойсақ, әрине, одан түсетін пайда бірінші әлеуметтік нысандарға (спорт, мәдениет, медицина) бөлінеді, деді министр. Заң жобасы бойынша өз ойын ортаға салған сенатор Асхат Күзеков ойын бизнесі нарығында букмекерлік кеңселердің көптігіне ерекше ден қойды. Ал оның ішінде электронды төлемдерді қабылдайтын терминалдардың да саны шексіз. Осы аталған терминалдарда букмекерлік кеңселер ставкаларының 500 теңгеден жоғары салымын анонимдік түрде төлеуге мүмкіншіліктер бар. «Ол оқушы ма, жас па, жоқ әлде қария ма, бәрі де ойынға кірісуі мүмкін. Бұл қолданыстағы заң нормаларына қайшы келеді. Талқылаудың үстінде заң жобасы букмекерлік кеңселерді ақпараттық-бағдарламалық кешенмен жабдықтауға тиістілігін қарастырады. Сондықтан тағы басқа қайшылықтарды жоятын және кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдерді құмар ойындардан қорғап қалады», деді Асхат Сәйпиұлы. Әріптесінің сөзін сабақтай түскен Жабал Ерғалиев «Ойын бизнесі туралы» заң қабылданып, Алматының іргесіндегі Қапшағай мен Көкшетаудың баурайындағы Бурабайда ойынханалар заңды қызмет ұсынатын аймақтар ретінде белгіленген кезеңнен бері ойын автоматтары залдарының орындарын букмекерлік кеңселер басып кеткені жасырын еместігін алға тартты. Сенатордың пайымынша, тіпті, букмекерлік кеңселер санының артуы қоғам үшін қауіп туғызатын деңгейге жетті. Бұл жөнінде Елбасы Астана қаласын дамытуға арналған жиында да айтып, елордада 500-ге жуық букмекерлік кеңсе бар екенін, олардың шапшан әрі кеңінен қанат жайып келе жатқандығына аландаушылық та білдіргендігі мысал ретінде келтірілді. Бұдан кейін сенаторлар бірқатар халықаралық заңдық құжаттарды қарады. Алдымен Қазақстан мен Беларусь үкіметтері арасындағы реадмиссия туралы келісімді және осы келісімді іске асыру тәртібі туралы Атқару хаттамасын ратификациялады. Сонымен қатар, Қазақстан мен Венгрия арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау мәселесі де оң шешімін тапты. Және де палата Қазақстан мен Вьетнам үкiметтерi арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімді де ратификациялады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».