Азиада жаршысы
“Егемен Қазақстанның” VІІ Қысқы Азия ойындарына арналған сәрсенбілік беті
Азиада билеттері 1 қарашадан бастап сатылады
Оның құны отандастарымыздың қалтасы көтерерліктей
Ата-бабаларымыз ерте замандарда ұлттық ойындарымыз – көкпар, күрес, жамбы ату сайыстарын өткізуге бәйге тіккен болса, қазіргі демеушілердің қызметі – жарысты қолдау және оны өткізуге қажетті қаржы бөлуге атсалысу. Осыған байланысты қазіргі таңда “2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ-тың Маркетинг және ақпараттық имидждік қолдау департаменті алдағы қыста өтетін Ойындарды өз деңгейінде өткізу үшін демеушілермен бірлесе жұмыс істеуде. Жақында аталмыш департамент директорының орынбасары Әлібек ӘЛДЕНЕЙМЕН кездесіп, әңгімеге тартқан едік. – Сөз басын жаңа департаменттің міндет-мақсатынан бастасақ... – Биылғы жылдың 25 маусымы күні құрылған Маркетинг және ақпараттық имиджді қолдау департаментінің мақсаты – Азиаданы сауатты жарнамалап, демеушілермен тиімді іс-қимыл орнатуды көздейді. Қазіргі таңда, департамент негізгі үш бағытты айқындап, қызу жұмыс істеуде. Бірінші бағыт – демеушілер мен мүдделі әріптестерді табу, олармен тиімді өзара іс-қимылды жолға қою. Мұның басты мақсаты – қаржылық мүмкіндігі жоғары демеушілермен әріптестік орнату және нақты табыс табу. Әрине, Үкімет тарапынан Азия ойындарын өткізуге қомақты қаржы бөлінді. Әлемдік стандарттағы спорт ғимараттары салынды. Қысқы Азия ойындары өткеннен соң, Алматы, Астана қалалары ірі спорт орталықтары ретінде әлемге танылары сөзсіз. Алдағы уақытта Олимпиада немесе Универсиада сынды айтулы шара өткізетін мезетте еліміз жинақтаған тәжірибе өз жемісін беретін болады. Ал біздің қазіргі міндет жоғарыдағы іс-шараны ұйымдастыру және өткізу үшін демеушілер мен серіктестерді іздестіру, отандық кәсіпкерлерді жаңа нарықтарға шығуға ынталандыру, оларға мүмкіндік жасау және насихаттау. Мәселен, Ойындардың жарнама бағытындағы әсері мен имидждік ықпал ету аясы өте ауқымды, ал аталған мүмкіндіктер жеке меншік компанияларға коммерциялық қызмет көрсету негізінде қомақты табыс әкеледі. Мысалға әлемге танымал VІSA компаниясының даму жолын алайық. Өткен ғасырдың аяғында Amerіcan Express компаниясы Азияның төлем карточкалары нарығының көшбасшысы болатын. Ал интеллектуалды, ұшқыр ойлы мамандарды өз қатарына қосқан VІSA компаниясы 90-жылдардың басында Олимпиада сынды ірі спорт шараларына тұрақты түрде демеушілік жасауға шешім қабылдаған. Дәл сол кезеңде Amerіcan Express бұл бағытқа салғырт қарап, бас тартқан екен. Нәтижесі баршаға белгілі. Қазіргі таңда VІSA-Азия нарығындағы өз үлесін 18% ұлғайтып, жетекші орынды иеленіп отыр. Сондай-ақ, футболдан әлем чемпионатының тұрақты бас демеушісі Samsung корпорациясы, McDonalds және тағы басқа көптеген компаниялар табысы сөзімізге дәлел бола алады. Департаменттің қолға алған екінші бағыты – Ойындарды насихаттау, халықты ақпараттық жағынан қамтамасыз ету. Азиада сынды ауқымды шара ел азаматтарының рухын дүр сілкіндіріп, бүкіл халықты талпынысқа, жаңа биіктерді бағындыруға жетелеуі тиіс. Ал спорт сайысын өз көзімен көрген өскелең жас ұрпақ бойында серпіліс пайда болып, жүрегінде намыс оты маздайтыны анық. Мысалы, екінші дүниежүзілік соғыста жеңіліп, еңсесі түскен жапондар өткен ғасырдың 60-жылдары Токио Олимпиадасын өткізу арқылы бойларына үлкен сенімділік қалыптастырған. Нәтижесінде Күншығыс елі жедел технологиялық даму жолына түсті. Немесе ғасырлар бойы өздерін кіші ұлт сезінуден арыла алмай келген корейлер 80-жылдардың соңында өз елінде Олимпия ойындарын өткізу арқылы дүр сілкіне түлеп, ұлт болып ұлы істерді қолға алды. Сондықтан, Ойындарды кең ауқыммен насихаттау, ел азаматтарына осындай ірі шараға өз қатыстылығын сезіндіру, рухын жану үшін жан-жақты жұмыстар атқарып жатырмыз. Үшінші бағыт – Азиада аясында жоспарланған ауқымды имидждік жобаларды жүзеге асыру болып табылады. Атап айтқанда, ойындардың ашылу және жабылу рәсімдерін биік деңгейде өткізу, “Мәдени Азиада” сияқты күрделі жобаларды жүзеге асыру және тағы басқалар ірілі-ұсақты көптеген шаралар қолға алынды. Аталған бағыттардың тиімділігіне Азия ойындары кезінде өздеріңіз көз жеткізетін боласыздар. – Демеушілік бағдарламаға нақтырақ тоқталсаңыз. Оның ауқымы мен ерекшеліктері қандай? – Қазір демеушілік ету бағдарламасы бойынша 6 санат және 43 позиция айқындалды. Белгілі бір санат бойынша жекелеген ерекшеліктер мен басымдықтар берілген демеушілер эксклюзивті құқыққа ие болады. Ойындар отандық және шетелдік ақпарат құралдары арқылы кең насихатталып, ТВ арқылы тікелей эфирде таратылады. Сондай-ақ, тұтынушы азаматтар мен топтар ауқымды спектордан тұратын сапалы коммуникацияны пайдаланып, Ойындардың жарнамалық науқанына қатыса алады. Іс-шара кезінде демеуші топтар мақсатты аудитория өкілдеріне тікелей шығып, өз тауарлары мен қызметтері және коммуникациясын арттырудың бірегей тәсіліне ие болады. Ең бастысы, компания бренді Ойындарға қатысты бейне көріністер арқылы кең насихатталады. – Азиаданың басты демеушісі “Самұрық-Қазына” қоры екендігі белгілі... – Иә. Бұл жерде мынадай жазылмаған шартты ескерген жөн. Белгілі бір елде ауқымды спорт сайыстарын өткізгенде бас демеуші жарысты ұйымдастырушы елдің ұлттық компаниясы болу керек. Осы кезеңге дейін өткен немесе жақын уақытта өтетін ауқымды спорттық шараларға назар аударар болсаңыз, басты демеушілікке сол елдің ұлттық компаниялары және сол елде өз бизнесін өркендетіп отырған халықаралық компаниялар ие болады. Мысалы, Бейжіңде өткен соңғы Олимпия ойындарына “UPS”, “Yanjіng Beer”, “Bank of Chіna”, “Chіna Network”, “Chіna Mobіle” сияқты жергілікті компаниялар демеушілік етті. 2014 жылы Сочиде Олимпия ойындарын өткізу құқығын жеңіп алған ресейліктер басты демеушілікті “Ростелеком”, “Роснефть”, “Сбербанк”, “Аэрофлот” сияқты ұлттық компанияларға ұсынды. Бұл қалыптасқан дәстүр, Олимпиада өтетін елдің ұлттық ерекшелігін айшықтау белгісі. Демеушілік ету – бұл қоғамға өз философиясы арқылы бағасын көрсету, әлеуметтік жауапкершілік жүгін арқалау, сондай-ақ саламатты өмір сүру салтын өркендетуге өз үлесін қосудың айқын дәлелі. “Самұрық-Қазына” қоры біздің ел Үкіметінің негізгі қаржы-экономикалық қозғаушы күші. Бізге Қытайдың бірнеше компаниясынан Ойындарға демеушілік ету туралы ұсыныстар түскен. Бірақ елімізде тұңғыш рет өткізілгелі отырған кешенді спорт шарасының бас демеушісі отандық компания болуы тиіс деген шешімге келдік. Бүгінгі таңда, “Самұрық-Қазына” қоры жарыс жарнасына 3 млрд. теңге (20 млн. АҚШ доллары) бөліп отыр. – Басқа қандай демеушілер бар? Біздің елімізде жұмыс істеп жатқан шетелдік компаниялар жеткілікті ғой. Олардан ұсыныс жасалмады ма? – Біз ірі шетелдік компанияларға ресми шақыру хат жолдаған едік. Бірақ, мүдделі компаниялар туралы ақпараттар түскенімен, нақты ұсыныстар әлі жоқ. Біздің ақпарат бойынша, “Митталл Стил” компаниясы Лондон Олимпиадасына 16 млн. фунт-стерлинг бөлді. Соған қарағанда, аталған корпорацияның спортқа көзқарасы дұрыс сияқты. Бізді мазалайтын мәселе – ел аумағында жұмыс істеуге мүмкіндік алып, өз әлеуетін арттырып отырған шетелдік компаниялардың Қазақстанда өтетін спорт ойындарынан қалыс қалуы. “Қазақмыс”, “Бритиш Петролеум”, ENRC сынды әлемдік деңгейдегі алпауыт компаниялар да үнсіз. Сондықтан, әлеуметтік жауапкершілігі мен патриоттық сезімі жетік отандық компанияларға демеушілік етуге ынта білдіргені үшін алғысымыз шексіз. Қазір кез-келген отандық шағын және орта бизнес өкілінің жарысты қолдауға дайындығы көңілге қуаныш ұялатады. – Келесі сұрақ, Ойындардың ақпараттық қолдау мәселесіне келсек, аталған бағыттағы жұмыс қалай іске асып жатыр? Өткен айда Азиадаға қатысты ақпараттың өзегі ретінде елімізде кең талқыланған “Eurosport” телеарнасымен мәселе шешілді ме? – “Eurosport” келісімін беріп, мүдделілік танытты. Телеарна биатлон, мәнерлеп сырғанау, хоккей сияқты жарыстарды көрсетуі тиіс. Сонымен бірге Кореяның КТБ, Қытайдың CCTV, Катардың “Әл-Жазира” телеарналары Ойындарды өз елінде таратуға қызығушылық білдіріп отыр. Осы ретте елімізде өтетін Ойындарға телевизиялық құқықтарды шетелдік ақпарат құралдарының сатып алуға толық дайындығы бізді қуантады. Азияның олимпиялық кеңесінің мәліметі бойынша осы кезеңге дейін қысқы ойындардың телевизиялық құқықтарына сұраныс болмаған. Чаньчунде өткен соңғы қысқы ойындарда телевизиялық құқық тегін берілген. Ал жоғарыдағы шетелдік телеарналардың қадамын ескеретін болсақ, бұл әлемдік қауымдастық тарапынан бедел-абыройы жыл сайын артып келе жатқан Қазақстанға деген қызығушылықтың айқын көрінісі. – Жақында “Эйр Астана” мен “Әдемі-Ай Plus” компаниясы Азия ойындарының бірі әріптесі, екіншісі демеушісі болғаны ақпарат құралдары арқылы хабарланды. Дирекцияның баспасөз қызметінің: “Департаментте күн сайын жаңалықтар болып тұрады, солардан осы компаниялар туралы кеңірек мәлімет алсаңыздар болады”, деген сөзіне орай әріптестеріңіз бен демеушілеріңіз туралы мәліметтер бере кетсеңіз? – “Эйр Астана” АҚ туралы айтсақ, бұл өзі Ойындардың имидждік жобасы деп сеніммен айта аламыз. Алдын ала жасалған жоспарға сәйкес, Қысқы Азиадаға құрлықта орналасқан 32 елден 2 500-ден астам спортшы мен 10 000-нан астам шетел туристері келеді деген дерек бар. Осыған орай, “Эйр Астана” Азиаданың ресми тасымалдаушысы қызметін атқарып отыр. Біріншіден, аталған компания шет мемлекеттерден елімізге ат басын бұратын ресми делегацияларды, Ұйымдастыру комитетінің мүшелері мен жедел поштаны тасымалдауды іске асырса, екіншіден, жарысты ақпараттық түсіндіру саясатымен шұғылданады. Азиада логотипімен боялған “Эйр Астана” ұшақтары әлемнің түкпір-түкпіріне жолаушыларды тасымалдау арқылы елімізде өтетін Қысқы ойындарды насихаттайды. Ал, “Әдемі-Ай Plus” компаниясы кәдесыйлар топтамасын жасауға демеушілік етеді. Бұл компания Азиаданы өткізу кезінде көрсеткіш тақтасындағы кері есептеу бейнесі, спорттық нысандар макеті, Ойындарға арналған медальдар, мөлдір таза шыныдан жасалған заттарды кәдесый ретінде әзірлейді. – Билеттердің бағасы жөнінде мәліметтер бар ма? Олар қашан сатылымға шығарылады, бағасы қандай болады, арнайы жеңілдіктер қарастырылған ба? – Билеттерді 1 қарашадан бастап сатуға шығару жоспарлануда. Оның құны ел тұрғындарының қалтасы көтерерліктей етіп айқындалды. Орташа алғанда 5-10 АҚШ доллары аралығында болады. Ал жартылай финал мен финалдық жарыстарға арналған билеттер құны 15-30 долларға бағаланып отыр. Азиаданың ашылу және жабылу салтанатына қатысу билетінің құны орта есеппен 75 доллар тұрады. Ескере кететін бір мәселе, жарысқа 3 жасқа дейінгі балалар тегін кіргізіледі. Сондай-ақ, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен мүгедектерге арнайы тегін билет қарастырылған. Оларға бұл жеңілдік сыйлық ретінде үлестіріледі. Сонымен бірге арнайы мультбилеттер әзірленді. Оны сатып алатын болсаңыз, спорттың бір түрінен өтетін жарыстың бәріне сол билетпен кіруге мүмкіндік аласыз. Оның бағасы 10-15 пайызға төмен. – Азиаданың әнұранына байқау жарияланды ғой. Өтініштер көп түсіп жатыр ма? – Осы күнге дейін 80-нен астам өтініш келіп түсті. Қазіргі таңда олардың арасынан 40 өтініш іріктелді. Келесі кезеңге 10 өтініш қалдырылады. Аталған 10 ән халық талқысына ұсынылады. Олардың ішіндегі ең үздігі Азиада әнұраны ретінде жарияланады. – Өзіңіз соларды тыңдап көрдіңіз бе? Байқауға қатысып жатқандардың ең жасы нешеде? – Байқауға жолданған әннің басым бөлігімен таныстым деп айта аламын. Эстетикалық талғаммен жасалған, мазмұнды әндер жетерлік. Конкурсқа ұсынылған музыкалар арасында елімізге танымал әншілер мен композиторлармен қатар, жас жеткіншектердің де шығармалары жолданған. Ең жас қатысушы – 15 жасқа биыл толыпты. – Азиададан кейін жобалар бола ма? – Әлбетте, Қысқы Азия ойындары Қазақстанның әлемдік деңгейде өткізген спорттық шаралар бағытындағы алғашқы қадам. Алда әлі талай дүбірлі іс-шаралар болады деп сенеміз. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН. Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ. Жарыс жаттығудан басталады Жақында Астанадағы шаңғы-роллер трассасында бірінші Вице-премьер, Шаңғы жарысы федерациясының президенті Өмірзақ Шөкеев спорттың осы түрінен ұлттық құрама команданың жаттықтырушылар және спортшылар құрамымен кездесу өткізді. Кездесуде спортшылардың Азия ойындарына дайындық барысы туралы әңгіме қозғалды. Онда ұлттық құраманың бас бапкері Владимир Филимонов команданың Ванкуверде өткен Олимпия ойындарынан кейін осы кезге дейін жалғасып келе жатқан дайындықтары жөнінде мәлімет берді. “Қазір біздің құрамада сегіз шаңғышы Азия ойындарына дайындалып жатыр, – деді ол. – Олардың арасында елімізге еңбек сіңірген спорт шебері Светлана Малахова, Оксана Яцкая, Елена Коломина, жас спортшылар – Татьяна Рощина мен Елена Сахиева, Марина Матросова, Анастасия Слонова мен Екатерина Семеновых бар. Соның ішінде Малахова, Яцкая мен Коломина ересектер арасындағы сынға түседі. Біздің құрама маусым аяқталысымен Медициналық және оңалту орталығында тереңдетілген тексеруден, Спорт ғылыми-зерттеу институтында тестілеуден өтті. Қыз-жігіттердің денсаулығында ауытқушылық байқалған жоқ. Бәрінің денсаулығы жақсы”. Сонымен бірге кездесуде В.Филимонов алдағы Азиадада ерлер командасынан да көп үміт күтуге болатынын айтты. Оның сөзіне қарағанда, қазір командада атақты Владимир Смирновтың өкшесін басып келе жатқан биылғы жылы жастар арасында өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған Геннадий Матвиенко, Ванкувер Олимпиадасында бесінші және алтыншы орын алған Николай Чебатько мен Алексей Полторанин сияқты тәжірибелі және жас шаңғышылар бар. Кездесуде Ө.Шөкеев ұлттық құраманың дайындықтарына көңілі толатынын, алдағы Азия ойындары еліміз үшін жауапты жарыс болғандықтан, осы сында Қазақстан командасына 10 алтын медальды жеңіп алу міндетін қойды. Оның айтуынша, еліміздің осыншама алтын жүлдені жеңіп алуға барлық мүмкіндіктері бар. Ол үшін федерация тарапынан барлық жағдайлар жасалып жатыр. Қазір Шаңғы федерациясын қолдау үшін “ҚазАгро” ұлттық холдингі”, “Иволга холдинг” ЖШС, Қазақстан Астық одағы мен “Bі Group” ЖШС демеуші ретінде тартылып отыр. Алдағы кезде Шаңғы федерациясы демеушілердің көмегімен спорттық киімдер мен құрал-жабдықтар алу, Шучье қаласындағы шаңғы-роллер трассасын қайта жөндеп, Риддер қаласындағы спорт мектептері жанынан шаңғы-роллер трассасының құрылысын жүргізу жоспарлануда. Алғашқы медальдар дайын