14 Қаңтар, 2016

Этика бұзуға жол қалмайды

298 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ком-үлкеніОрталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте мемлекетті кәсібилендіруге, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған мәселе сөз болды. Брифингте Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің жауапты хатшысы Саян Ахметжанов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт Жоспары–қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында көрсетілген бірінші реформа – мемлекетті кәсібилендіруге қа­тысты мемлекеттік қызмет­ті дамы­тудың жаңа кезеңі басталып отырғанына тоқтала келе бірқатар жаңалықты істерді журналистердің назарына салды. Мәселен, енді «Б» корпусының басқару деңгейі үшін ротация институты енгізілетін болады. «Егер де бұрындары ротация «А» басқарушы корпусына ғана қатысты болса, енді бұл элементтер «Б» басқарушы корпусы үшін жаңа модельге енгізілді. Ол бойынша ротация үш жылда бір рет өткізіліп тұрады. Егер де басшы немесе мемлекеттік қызметкер лауазымында жұмысын жалғастырғысы келсе, онда бұл мерзім тағы үш жылға ұзартылады. Екінші мерзім аяқталғаннан кейін ол міндетті ротацияға жатқызылады немесе басқа қызметке ауыстырылады, сондай-ақ олай болмаған жағдайда жұмысынан босатылады» деген Жауапты хатшы реформаның әлеуметтік жағына да тоқталып өтті. Оның айтуына қарағанда, мемлекеттік қыз­метшіде егер дәлелді себептер табылып, мәселен, қызметкер жалғызбасты ана болса немесе қарауында мүгедек баласы болса, онда оның өтініші ескеріледі және ондай жағдайда ротация жасалынбайтын көрінеді. Жиын барысында сөз алған Мемлекеттік қызмет істері вице-министрі Айгүл Шайымова ре­формаға сәйкес барлық мем­лекеттік органдарда және әкім­діктерде этика жөніндегі өкіл болатынын, бұл жаңа институттың этикалық нормалардың сақ­талуын қадағалап, мониторинг жасаумен айналысатынын жет­кізді. Және өкіл мемлекеттік қызметтегі азаматтардың заңдық құқықтарының сақталуымен қатар ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды да зерттеу­мен шұғылданатынын мәлімдеді. Сол үшін ұжымдардағы ахуалды анықтауда жабық сауалдама жүргізіліп, онда «Жұмысың­ыз ұнай ма? Өз жұмысыңызды қалай бағалайсыз, не өзгерткіңіз келеді? Қасыңызда отыратын әріптесіңіз сізге ұнай ма? Ұжымыңыздағы білікті, білімді адам кім?» деген тәрізді сауалдар қойылады. Қажеттілік туғанда ұжым басшысына ұсы­ныстар әзірленеді. Осылайша жүргізіп жатқан реформалар аясында әзірленген шараларға тоқталған вице-министр: «Алғаш рет жаңа Этикалық кодекс аясында қызметкерлердің түрлі жағдайлардағы жүріс-тұрысының стандарттары айқындалып отыр, қызметкердің жұмыс уақытындағы тәртібі, әріптестерімен қатынасы және қызметінен тыс уақыттағы жүріс-тұрысы ескеріледі. Мем­лекеттік қызметкерлерге адал, әділетті және қарапайым әрі сыпайы болу секілді талаптар қойылады. Олар шешім қабылдаған кезде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті, яғни бұл ең басты өлшем және ең басты талап болып саналады», – деді. Сонымен, шешен мемлекет­тік қызметкердің жұмыстан тыс уақытта қоғамға жат мі­­­­нез-құлыққа, түрлі жағымсыз әрекеттерге жол беруіне болмайтыны қарастырылып отырғанын жеткізді. «Белгіленген стандарттарды қатаң сақтау – халықтың мемлекеттік аппаратқа сенімін арттыра түсетін мәселелер екендігі айқын», деген оның сөзінен кейін спикерлер журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Мәселен, мемлекеттік қыз­меткерлер көбінесе жұмыс орындарында түннің бір уағына дейін жұмыс атқарып қалады, осындай кездерде оларға бонустар қарастырыла ма? деген сауалға: «Жаңа реформаның, заңнаманың қағидаттарына сәйкес, мемлекеттік қызметкерлердің, біріншіден, әлеуметтік жеке құқықтары сақ­талуда. Ол еңбек нормаларына сай қосымша мемлекеттік органның қажетті міндеттерін атқаруға байланысты уақытын бөлгеніне қосымша бонус ретінде немесе басқа төлемдер көзделген. Осы мәселе бойынша жаңа еңбек төлем жүйесі әзірленуде. Ол 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді», – деген жауап берілді. Ендігі бір сауал жаңа ғана ЖОО бітірген жастардың мемлекеттік қызметке тартылуына байланыс­ты қойылды. Ол бойынша да ҚР Мемлекеттік қызмет істері ми­нистрлігінің жауапты хатшысы Саян Ахметжанов былайша жауап берді. «Жұмысқа жаңадан келген азаматтар мемлекеттік қызметті тек ең төменгі әкім­шілік лауазымнан бастайды және олар конкурстық іріктеумен ғана тағайындалады. Әрі қарай оның мансабы мемлекеттік қызмет сатысында біртіндеп, тәжірибе жинағанына және біліміне қарай келесі лауазымның біліктілік талаптарына сәйкес конкурсқа қатысып, осындай іріктеумен және конкурстық ашық тағайындаумен ғана жоғарылайды», – деді. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».