14 Қаңтар, 2016

Ұсынысты қолдаған қазақстандықтардың қатары қалың

286 рет
көрсетілді
37 мин
оқу үшін
ERA_5721+Кеше Парламент Мәжілісіндегі фракциялар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа мерзімінен бұрын Мәжіліс және түрлі деңгейдегі мәслихаттар сайлауларын өткізу жөнінде Үндеу жолдаған еді. Парламент «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары мен басқа да ірі бағдарламалар мен жобаларды ойлағандай жүзеге асыруға қажетті тиісті заңдардың барлығын жаңа 2016 жылға дейін қабылдап үлгерген болатын. Үстіміздегі жылдан бас­тап ол заңдар қолданысқа енгізіліп, жұмыс істеуге кірісті. Сонымен, ел дамуында тарихи жаңа кезең басталды. Осы орайда, сырттағы қолайсыз жағдайлардың қысымы Қазақстанға әсері тиюі ықтимал қазіргі уақытта депутаттық мандаттың мерзімі аяқталуын күткеннен гөрі, дағдарысқа қарсы тұру шараларын жүзеге асырып, мемлекетті одан әрі нығайта түсу үшін сайлауды мерзімінен бұрын өткізіп, халықты Ұлт Жоспарын жаңа сайланған кәсіби жағынан біліктілігі жоғары депутаттармен бірге орындауға жұмылдырудың пайдасы зор болмақ. Міне, сондықтан Парламент Мәжілісі депутаттарының бұл бастамасына бүкіл Қазақстан жұртшылығы жан-жақты қолдау көрсетіп отыр. Мұны бүгінгі нөмірдегі Үндеуге үнқосулар айқын аңғартады.

Бұл – дағдарыстан кейінгі кезеңді ойлау

Қазақстанда президенттік сайлау ең бірінші әрі маңызды науқан болып саналады. Өйткені, біз президенттік басқарудағы республикада тұрып жатырмыз. Өздеріңізге мәлім, өткен жылы Қазақстанда президенттік сайлау табысты өтті. Сол науқанның ізінше Парламент сайлауы өтуі тиістігі туралы әлеуметтік желілерде, сарапшылар ортасында жиі әңгіме қозғалып та жүрген. Міне, сол сәт те келіп жеткен секілді. Қазіргі әлемдегі және Қазақстанның ішіндегі қалыптасқан ахуал іргелі өзгерістерді талап етеді. Атап айтқанда, біздің бұл Парламентіміз өзінің қызмет барысында 80-нен астам заң қабылдады. Сол арқылы депутаттарымыз да өзінің жоғары кәсіби шеберлігін танытты. Қазір елімізде Елбасының Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталып кеткені баршаға аян. Осыған байланысты жаңа ұстанымдар да қажет. Демек, біздің Парламентіміз елдегі саяси-экономикалық жағдайларды екшеп, осындай шешім жасап отыр деп түсінуіміз керек. 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру үшін де елімізге жаңа Парламент керек. Біз, Елбасы айтқандай, болашаққа оптимизммен қарауға, қазіргі дағдарыстан кейінгі кезеңді ойлауға міндеттіміз. Осы тұрғыдан қарағанда да халық қалаулыларының жаңа легі болашақта жоғары заң шығарушы органға жаңа леп әкелері даусыз. Юрий БУЛУКТАЕВ, саясаттанушы.   АЛМАТЫ.

Дер кезең

Маған Мәжілістің таратылуы жөніндегі ақпарат тосын жаңалық болған жоқ. Өзім Қазақстан тарихындағы ең алғашқы таратылған Парламенттің депутаты болғанмын. Бұл 1995 жылдың 7 наурызы болатын. Сол кезде де тарату жөніндегі шешімді қалыпты қабылдап едім. Себебі, алмағайып заманда парламенттік билік өзін-өзі ақтамайтынын бойыма толық сіңірмесем де, сезінген едім. Біз әлі қалыптасу, даму сатысындағы мемлекетпіз. Ондай кезде дамуға кедергі болмай, кезек бере білген жөн. Бүгінгі жағдайда Мәжіліс өткен сессиясының соңында өздерінің алдына қойған негізгі мақсатын атқарды. 4 айда 59 заң қабылдады. Заман асығыс, уақыт күттірмейді. Жолды босататын сәт туғанын түсінген бүгінгі құрамға рахмет айтуға тиіспіз. Кім жайлы орнын, алып отырған айлығын, шынды-жалғанды құрметті тастап кеткісі келеді дейсіз. Дегенмен, Мәжіліс депутаттары реформа жолында аяққа оралғысы келмегені өте орынды болды. Заң шығарушы орган ретінде өз міндетін атқарған соң, алдағы шешілмек жаңа мәселелерді заңмен қамтамасыз ететін жаңа құрам қалыптасқаны дұрыс. «Мемлекеттің арбасы тұра тұрсын, менің арбам жүре тұрсын» деген жөн болмас еді. Рас, Парламенттің қай құрамы болмасын, ішінде білімді-біліктісімен қоса, «ел қатарлы аяңмен» жүргендері де бар еді. Онсыз ұжым болмайды. Адам ағзасында да керекті мен керексізі бар деген сияқты... Кеше ғана әлеуметтік желіде былай деп жазған едім: «Динар Боранбекқызы Азаттық радиосына иек сүйеп: «бүгінгі Парламенттегі депутаттардың бестен екісі – зейнет жасындағылар.Төрт жыл бұрын, 2012 жылы 15 қаңтарда Парламент Мәжілісіне сайланған депутаттардың 40 пайызы – қазір зейнет жасына жеткен адамдар. Сенат депутаттарының да осынша бөлігі 63 жастан асқан» деген ақпарат таратты. Мен ойлаймын (және сенімді де сияқтымын сол асханада біраз жылдар болғандықтан), 40 пайыздың ең болмағанда 50 пайызы өрелі азаматтар. Басқа 60 пайыздың да 50 пайызы түк бітірмей отырғандар болуы да мүмкін ғой. Эйнштейн айтқандай, «Бәрі салыстырмалы!». Бағалауды жасына қарап емес, еткен еңбегіне, қосқан үлесіне, сөзінің мақұлдығына, мемлекетшілдігіне қарап жасау керек. Және де, жұрт алдында көлбеңдеуге құмарлар мықтырақ деген түсініктен арылуға тиіспіз. Бір ақынның Евтушенко туралы былай дегені бар: «Қай жерге күннің көзі түсіп тұрса, Саша жүгіріп барып, сонда тұра қалады»... Мырзагелді КЕМЕЛ, қоғам қайраткері.

Ерте тұрып, ерте үйренген жаңылмас

Аса мәртебелі дана халқым – қазағымда «Ерте тұрып, ерте үйренген жаңылмаған» деген тамаша бір бәтуәлі сөз бар. Күні кеше ғана өте жинақы да табысты өткен Президент сайлауын еске алыңыздаршы. Көп жайттан ұттық. Бүгінгі ел аузындағы, өмірдегі іс-қимыл барысындағы Ұлт Жоспары сондай ерте қимылдың жемісі емес пе?! Кейде дағдарысқа ұшырап қалтырап отырған әлем елдері неге осындай реформалық жоспарлар жасауға ынтасыз болды екен деген ойға қаламын. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, біз үнемі тарихи жетістіктерімізден үлгі алып отырсақ ештеңеден де ұтылмасымыз анық. Елбасымыздың дана басшылығы арқасында халқымыздың жарқын болашағына жасалынған әрбір қадам ойлы шешімдер арқылы жүзеге асуда. Қазақстандық арманға бастайтын Ұлт Жоспары бізді қазіргі дағдарыстан алып шығатынына сенейік. Сондықтан да Мәжіліс депутаттарының бұл ұсынысы менің жаныма жақты. Бізге тез де жаңа шешім қабылдайтын жаңаша бағдарламамен қаруланған Мәжіліс керек. Ол бағдарлама бар. Күні-түні дамыл таппай елімді қалайда дағдарыстан алып шықсам деген Елбасымыздың арманы да Ұлт Жоспарын жеделдетіп жүзеге асыру емес пе!? Ендеше, Мәжіліс депутаттарының бұл ұсынысын мен қолдаймын. Қазақбай ҚАСИМОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор. АЛМАТЫ.

Ұлағаттың үндеуі

Қазір уақыттың тегершігі шапшаң айналуда. Бұл қоғамдық дамудың қай саласында да өзіндік өзгерістерді алға тартуда. Өмірдің ағымына ілесу үлкен ізденісті қажет етеді. Сондықтан да қоғамдық дамудың көшіне ілесуді ғана місе тұтпай, қанаттас қадам басу қажеттілігі туындайды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Қазақстан халқына, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа өзін-өзі тарату жөнінде Үндеу жолдағанын теледидар хабарларынан тыңдадым. Мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы тарихи шешімді Парламент Мәжілісінің депутаттары он ойланып, тоқсан толғанып қабылдағанына күмәнім жоқ. Шындығына келгенде, бұл өте бағалы бастама болды. Мұның өзі Мәжіліс депутаттарының батылдығы, ел мүддесін өздерінен жоғары қоятын патриоттық шешімі дер едім. Әлемдік экономикада өзгерістер болып тұратыны қашаннан белгілі. Бұл жолғы қаржы дағдарысының тегеуріні қатты екенін Елбасы Н.Назарбаев әрдайым ескертіп келеді. Құр жадымызда жаңғыртып қана қоймай, оны еңсерудің бүге-шігесіне дейін айқындап берді. Дегенмен, «Жалғыз ағаш орман емес» дегендей, Мемлекет басшысының әдемі жоба-жоспарларын бүкіл ел болып қолдап, өзіндік іс-қимылымызбен толықтырып отырмасақ болмайды. Бізге осы кезеңде тас-түйін бірлік, тұғыры берік тұрақтылық керек. Соны түсінген Парламент Мәжілісі депутаттарының өзін-өзі таратып, мерзімінен бұрын сайлау өткізу арқылы жаңа жағдайда жұмыс істейтін депутаттарға жол ашуы нағыз демократиялық қадам. Өмір қағидаттары жағдайға қарай икемделіп тұруы қажет. Бұл да уақыт талабынан туындаған кесімді келісім, шынайы шешім. Олай болса, оған үрке қараудың қажеті жоқ. Қайта дағдарысты еңсеруге жаңаша келудің қадамы ретінде бағалауға тиіспіз. Тағдырлы кезеңде ұтқыр қимылдамаса болмайды. Сондықтан, бұл бастамаға түсіністікпен қараймын. Дағдарыстан да даму жолдарын табатын халық қалаулыларының жаңа легі табысты жолымызды жалғастыратынына бек сенімдімін. Егер өмір осыны талап етіп отырса, осылай болуы тиіс. Бұл біздің ортақ игілігіміз үшін қажет. Ал, мұның өзі халықтың бақуатты тұрмысына бағдар ұстаған еліміздің дамыған 30 елдің қатарына еркін енуіне жол ашатын тағы бір қайтарымды қадам боларына талас жоқ. Тілепжан ИБРАГИМОВ, «Қазақстанның 30 жылдығы» ЖШС директоры, облыстық мәслихаттың депутаты. Ақтөбе облысы, Қобда ауданы.

Бірлігіміз беки берсін

Мен «Нұр Отан» партиясының мүшесі болғандықтан партиямыздың қабылдаған шешімін қолдаймын. Мәжіліс депутаттарын тарату жөніндегі үндеуді де дұрыс деп санаймын. Өйткені, қазір әлем күрделі дағдарыс кезеңінде тұр. Осындай кезде бізде қайта-қайта сайлау өткізу тиімсіз. Сондықтан, мәслихат депутаттарымен бірге Мәжіліс депутаттарының да бірге сайлануы біршама қаражат үнемдейтін болады. Мені, әсіресе, осы жағдай қанағат­тандырады. Жалпы айтқанда, бесінші шақы­рылымның депутаттары тиімді жұмыс істеді деп айта аламын. Елбасының тапсырмасына сәйкес бес реформа, «100 нақты қадам» Ұлттық Жоспарын іске асыруға қажетті заңнамаларды Мәжіліс депутаттары жедел қарап, жүздеген түзетулер мен өзгертулер енгізіп, мақұлдады. Бұл заң жобалары Сенаттан да өтіп, Елбасы қол қойды. Осы қызметтеріміз үшін Президент біздің жұмысымызға жоғары баға беріп, Тәуелсіздік күніне арналған баяндамасында атап өтті. Мен бұған дейін Президенттің Парламент жұмысына жоғары баға бергенін естіген жоқ едім. Ал енді 2016 жыл өте күрделі жағдайда басталғалы тұр. Мұнай бағасы күннен-күнге түсіп, соған байланысты доллардың құны да артып отыр. Бұл біздің сыртқы экономикалық байланыстарымызды шектей түсуде. Енді осындай жағдайда Парламентке жаңа күш, жаңа толқынның келмегі заңды. Мен біздің халқымыз бұл дағдарысты еңсеретініне сенімдімін. Біздің біртұтас, берік бірлігіміз бәріне де төтеп бере алады. Президент Н.Назарбаевтың жанына бұрынғыдан да берік топтаса берсек, біз кез келген қиындықты еңсереміз. Андрей БЕГЕНЕЕВ, Мәжіліс депутаты.

Темірді қызған кезде соқ дейді...

Парламент Мәжілісі Қазақстан халқына, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа өзін өзі тарату туралы Үндеу жолдағанын, Мәжіліс депутаттарының Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы үндеуі жайлы хабарды толық «Егемен» сайтынан қарап, оқып шықтым. Үндеуде «Біз – Мәжілістегі «Нұр Отан», «Ақ жол», Қазақстанның коммунистік халық партиясының парламенттік фракцияларының өкілдері, еліміз үшін ең тағдырлы кезеңде тарихи мәні бар үндеу жариялау үшін жиналып отырмыз. Қазақстан халқына және Елбасына жолдайтын Үндеуіміз Ұлт Жоспары мен дағдарысқа қарсы шараларды қай партияның жүзеге асыруын айқындайтын халықтың сенім мандатын анықтап алуды көздейді», – делінген екен. Әрине, біздің қосарымыз, парла­мент­шілер дұрыс шешім жасап отыр­ғаны, қазіргі қиын кезде заң шыға­рушы органның жаңаруы да жөн. Әлемдегі ахуал алаңдатып отыр. Елдің экономикасына дағдарыстың салқыны сырттан келетіні сөзсіз. Ал енді осы дағдарысқа қарсы жаңа заңдарды қабылдауға тура келеді. Мұндайда жаңашыл заңдардың жобасын жасап, талқылауда білімділік, біліктілік көрсететін кәсіби Парламент қажет бізге. Елдің, ауылдың ішінде, ортасында жүрген соң біз барлық жағдайды көзімізбен көріп жүрміз. Біздің де күнделікті жұмысымыз – ауыл-елдің жағдайының, әлеуметтік мәселелердің оңалуына үлес қосу. Ауыл да заман өзгерісінен қалыспай, екпіндеп жаңа­шылдықтарға үн қосуда. Жоғарыда маман, білікті депутаттардың болуы күр­делі, қордаланған мә­селелердің нақты шешіліп, жол табуына үлкен үлес қосары айдан анық. Сондықтан да, 13 қаңтар күнгі Мәжіліс депутаттарының төменгі палатаны мерзімінен бұрын таратуға байланысты Үндеуі дәл уақытында айтылды деп ойлаймын. Бұл өмір заңы. Өзгерістер келуі заңды. Жаңа адамдар жаңаша ойлай келеді. Мерзімінен бұрын сайлау өткізілсе Мәжіліске кәсіби экономис­тер, заңгерлер, елдің мүддесін ойлайтын мемлекетшіл, патриот, өткір, қызу таласқа түсетін депутаттар, өз ісінің мамандарын таңдау қажет. Осындай таңдаулар әр деңгейдегі мәслихаттарға да қажет екені белгілі. Бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуына қатаң қадағалау жүргізетін кәсіби Парламент пен мәслихаттар бірлесе жұмыс жасаса үлкен де нәтижелі іс болады. Бұрынғы Парламент көптеген заңдарды қа­былдап, үлкен еңбек етті. Ендігі кезекті кәсіби мамандарға беруге шешім қабылдағандары азаматтық. Халық сенімі де артады, ел сенімдірек болады. Темірболат ҚАСЕН, аудандық мәслихаттың хатшысы. Павлодар облысы, Баянауыл ауданы.

Әріптестерімнің бастамасы орынды

– дейді Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Меруерт Қазбекова

Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы әріптестерімнің Үндеуін толық қолдаймын. Парламент Мәжілісінің бесінші шақырылым депутаттары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын жүзеге асырудың заңнамалық негізін қалап, қысқа мерзім ішінде аса маңызды көптеген заң жобаларын қабылдады. Бұл орайда Мәжіліс белгіленген межені лайықты деңгейде орындады. Ендігі мақсат – Ұлт Жоспарын іске асыру, дағдарысқа қарсы шараларды тиімді қолдану болып табылады. Ел дамуының жауапты кезеңіне жаңа леп, жаңа серпін қажет. Сондықтан, бесінші шақырылымдағы үш парламенттік фракция депутаттарының Мәжілістің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы бастамасы орынды көтеріліп отыр. Сонымен қатар, Парламент сайлауы мен жергілікті мәслихаттар сайлауын бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында бірге өткізу жөніндегі ұсынысты да дұрыс деп есептеймін.

Болашаққа бағдарланған шешім

Теледидардағы жаңалықтардан және интернет желілерінен Қазақ­стан Республикасы Парламенті депу­таттарының Мәжілісті тарату жө­ніндегі Үндеуін болашаққа бағдар­ланған шешім ретінде қабыл­дадым. Үндеуді оқыған Нұрлан Әбдіровтің үнінде айрықша жігер бар еді. Ол: «Біз, Мәжілістегі «Нұр Отан», «Ақ жол», Қазақстанның коммунистік халық партиясының парламенттік фракцияларының өкілдері, еліміз үшін ең тағдырлы кезеңде тарихи мәні бар Үндеу жариялау үшін жиналып отырмыз. Қазақстан халқына және Елбасына жолдайтын Үндеуіміз Ұлт Жоспары мен дағдарысқа қарсы шараларды қай партияның жүзеге асыруын айқындайтын халықтың сенім мандатын анықтап алуды көздейді», деген ортақ пікірді жариялау арқылы біздің Парламентте нағыз халық қалаулылары отырғанын білдірді. Шындығында, Мәжіліс депутаттары ел мүддесіндегі тағдыршешті заңдарды қабылдады. Осынау заңдық актілердің жүзеге асып жатқанына куә болдық. Қазір уақыт талабы өзгерді және осыған сай амалдар қажет. Ол қоғам бағдаршам ретінде ұстанатын және нысаналы жолдан адастырмайтын заңдардан көрініс табады. Бұл бүгінгі күрделі кезеңнің міндеттерін шешуге қабілетті депутаттық корпусты жасақтаудан бастау алмақ. Аталған міндеттерді мерзімінен бұрын сайлау өткізу арқылы шешуге болатынына сенемін. Біздің еліміз талай батыл қадамдар жасау арқылы әлемдік саясатта бедел жинақтады. Мәжіліс депутаттарының дұрыс шешім қабылдағаны – әбден қолдауға тұрарлық жағдай. Оның жемісі көп болатыны күмәнсіз. Шынарбек БАТЫРХАНОВ, мемлекеттік қызметкер. Ақмола облысы.

Жаңа реформаларды жүзеге асыратын кез жетті

Біз өте жылдам дамитын дәуірде өмір сүрудеміз. Ширек ғасырлық тарихымыздың жүріп өткен жолына қарар болсақ, көптеген үлкен ұлы істерді атқарғанымызды байқар едік. Еліміз төрткіл дүние танитын кезеңге жетті. Әйтсе де даму, өсу осымен тоқтап қалмайды. Әлі де сілкіністер, ұмтылыстар керек. Алдымызда ұлы мұраттар тұр. Әлемдік дағдарыс толқыны Қазақстанды да соқпай өтпейтіні белгілі. Осы тұста тың күш, жаңа мақсат, жаңа жобалар қажет. Әрине, қазіргі Парламент өзінің миссиясын толық орындады. Енді жаңаша көзқарастағы Парламент істі жалғастырып, ілгерілететіні сөзсіз. Бұл бастама біздің қоғамның саяси өресінің өскендігін білдіреді. Сондықтан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарының Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастамасы қолдауға тұрарлық бастама деп ойлаймын. Және қазіргі тарихи сәттің барша жауапкершілігін, мақсаттар мен міндеттердің ортақтығын сезінген барша азаматтар бұл үндеуді қолдайтыны анық. Еліміз өткен жылды әлемдік нарықтағы күрделі жағдайға қарамастан, жақсы көрсеткіштермен аяқтады. Енді күрделі де жаңа реформаларды жүзеге асыратын кез жетті. Тәкен МОЛДАҚЫНОВ, тарихшы. Жамбыл облысы.

Тарихи кезеңдегі таңдау

Замана қоғамның алдына түрлі сынақтарын шығарып отырады. Бүкіл әлемді шарпыған қаржылық дағдарыс та сондай сынның бірі. Мемлекеттердің дамуына тұсау болып, алға жылжуына қолбайлау жасайтын мұндай жағдаяттардан пайдамен шығу үшін арнайы жоспар керек. Осы орайда, Елбасы Ұлт Жоспарын ұсынып, оны жүзеге асыруды тапсырды. Ал мұны кім орындайды? Әрине, бұл істе әрбір қазақстандықтың жұмыла жұмыс істегені керек. Дегенмен, негізгі күш Үкімет пен Парламентке артылары сөзсіз. Өз басым депутаттардың Мәжілісті таратып, мерзімінен бұрын сайлау өткізу жайлы бастамаларын дұрыс деп есептеймін. Биыл Мәжіліс депутаттарының мерзімі аяқталып, жыл соңына дейін сайлау өтуі керек. Алдымызда нағыз шешуші кезең тұрғанда халық қалаулыларының сайлаудың жайын көбірек ойлап, алаңдап жұмыс істеуі себепті Ұлт Жоспарының орындалуына өз әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан жылдың басында сайлауды өткізіп, Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттарға білімі мен білігі сай, жағдайды жан-жақты бағамдай алатын, алға қойылған тапсырмаларды тап-тұйнақтай орындайтын адамдарды өткізіп, жұмыс қарқынын арттыру басты міндет болса керек. Әлемдік экономикамен кіндігі байланып, қатар дамып келе жатқан Қазақстан жағдайында қаржылық дағдарыстың болуы ықтимал дүние. Өйткені, дәл қазір дағдарыс жалыны шарпымаған ел жоқ. Барлық мемлекеттер өз экономикасын қайта қарап, бюджеттік әлеуетіне өзгерістер енгізіп жатыр. Бұл ретте Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының мойнына артылар жүктің салмағы ауыр. Осы себепті сайлауды мерзімінен бұрын өткізіп, қиын-қыстау кезеңде кәсіби деңгейде жұмыс істейтін депутаттық корпус жасақтап алу міндеті өзінен өзі алдымыздан шығады. Заманның өзі тудырып отырған осындай жағдайларды есептей келе, Мәжіліс депутаттары Елбасына арнайы Үндеу жариялап, мерзімінен бұрын сайлау өткізуге бекініп отыр деген ойдамын. Ал бұл Қазақстанның алдағы даму жолына ерекше екпін береді деп сенемін. Ақбөпе НИЯЗҒОЖАЕВА, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық колледжінің қызметкері. Қызылорда облысы.

Төрелі жерге ел тоқтайды

Парламент Мәжілісі депутаттарының өзін-өзі тарату туралы Үндеу жолдауы бүгінгі күннің талабынан туындап отыр деген ойдамын. Мерзімінен бұрын сайлау өткізу жөніндегі депутат Нұрлан Әбдіровтің жария етуімен жұртшылыққа жеткен ақпаратты Қазақстан халқы әдеттегідей жоғары түсіністікпен қабылдаған сыңайлы. Біз бұл жаңалықты бас басылымның сайтынан оқып, білдік. Расында, бұл – біріншіден, төменгі палатадағы партиялық фракциялар өкілдерінің бүгінгідей алмағайып кезеңдегі жауапкершілікті сезінуінен туындаған дұрыс қадам деп білемін. Өйткені, депутаттардың айтуынша, қазіргідей қаржылық қыспақ кезеңінде етек-жеңді жинақы ұстап, саяси науқандардың өзін сергектікпен қабылдағанымыз жөн. Сонда дағдарысқа қарсы бағдарламалардың тиімділігі арта түседі. Уақыт жоғалтудан, қаржы шығындаудан ұтарымыз көп болады. Оның үстіне таяуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында еліміз үшін ең тағдырлы кезең басталғаны, осы бір сын өткелектен сүрінбей өту жолындағы бағдарымыз айқын сараланып, жазылған болатын. Яғни, Елбасы жүктеген Ұлт Жоспарын жүзеге асыруда іс-қимылдың жаңа тетігі, сол тетікті жүзеге асыратын жаңа құрам керек. Бұл бүгінгі партия­лар арасындағы өзара бәсекелестікті арттыруға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға жаңаша серпіліс сыйлауы мүмкін. Сондықтан, сайлауды мерзімінен бұрын өткізу әлемдік жағдайды, оның құрамдас бөлшегі болып отырған Қазақстанның жаңа шешімдер қабылдауында жаңарған Мәжіліс пен мәслихаттарды қажет ететіні белгілі. Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Дәурен Абаев аталған Үндеуден Елбасының хабардар екенін жеткізіп, алайда, нақты шешім қабылданбағанын, аталған жайттың жан-жақты сараптауды қажет ететіндігін атап өтті. Яғни, еліміздің заңнамасына қатысты әлі біраз үдерістен өтетін Үндеу әбден пісіп-жетіліп барып, нақты шешімге ие болмақ. Бұл ретте, біз барлық мәселенің еліміздің ертеңіне есептелуін ескеруіміз тиіс. Жаңа дүниеден кез келген адам жақсылық күтеді ғой. Жаңа парламентшілеріміз мемлекетшіл тұлғалардың қатарынан болса деген тілегіміз бар. Сайлаудың соны сипатының өзі сонда болуы керек сияқты. «Төбелі жерге мал тоқтайды, төрелі жерге ел тоқтайды» деген халқымыз. Сондықтан, уақыт талабынан туындаған Үндеудің қолдау табарына сенеміз. Уәлихан ТОҚПАТАЕВ, Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің бас редакторы. ӨСКЕМЕН.

Өз міндеттерін атқарды

Парламент Мәжілісінің мерзімінен бұрын таратылуы туралы мәселенің күн тәртібіне шығарылуын біздің партияның облыстағы төралқа мүшелері түсіністікпен қабылдады. Сонымен бірге мерзімінен бұрын сайлау тағайындау туралы мәселе де дәл бүгінгі күннің әбден пісіп-жетілген мәселесі деуге болады. Осылайша алдымызда Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын өткізу қажеттілігі туындап отыр. Бұл мәселе жөніндегі қабылданған Үндеуді партияның облыстық филиалы мүшелері толығымен қолдайды. Бұған қатысты «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев та өзінің орнықты да байыпты әрі салмақты ой-пікірін ашық айтты. Осы орайда тағы бір айтарымыз, Парламент Мәжілісінің V шақырылымындағы депутаттар корпусына тек қана ризашылық білдіргеніміз орынды ғой деп санаймыз. Өйткені, олар елдің дамуына тікелей септігін тигізетін заңдар мен қабырғалы құжаттар қабылдады. Сонымен бірге қабылданған заңнамаларға ел тарихында бұрын-соңды болып көрмеген кең көлемді өзгерістер енгізуді жүзеге асырды. Алдағы міндет айқын деп айтуға да толық негіз бар. Бұл бүгінгі күні Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының жаңа құрамын сайлау болып отыр. Мұның өзі барша қазақстандықтардың экономикалық және азаматтық белсенділігін арттыруға үлкен септігін тигізе алады демекпіз. Әрі қозғалтқыш күш рөлін атқара алатынына да сеніміміз мол. Қайыржан ИДИЯТОВ, «Ақ жол» демократиялық партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. Батыс Қазақстан облысы.

Жағдайды оңалтатын кәсіби Парламент қажет

«Өткен жылға өкпе жоқ, жаңа жылдан үміт көп» дейді халқымыз. Қазақстанның коммунистік халық партиясының фракциясы атынан сөз сөйлеген Владислав Косаревтің Парламент Мәжілісін мерзімінен бұрын тарату жөнінде Елбасына мә­лімдеме жасағандығынан осы ойды айқын ұқтық. Расында, өткен жыл Қазақстан үшін біраз қиындықтар әкелгенімен, бұрынғы жоспарланған жұмыстардың дені аяғына жетті. Бірақ биылғы жыл өте күрделі болып тұр. Шикізат, мұнай бағасы күннен-күнге құлдырап барады. Теледидардан көрші Ресейдің амал жоқтықтан мұнай баррелін жиырма бес долларға дейін есептеп, бюджетін қайта қарауға мәжбүр болғанын естіп жатырмыз. Мұндай жағдай Қазақстанға да келеді. Сондықтан, бізге әлемдік дағдарысқа қарсы амал табуға қауқары бар, нақты іс-жоспарларымен экономикалық дамуға ықпал ете алатын жаңашыл менеджерлер керек. Парламентке де сондай міндеттер жүктеледі. Елбасы негіздеген Ұлт Жоспарын жүзеге асыру, елде жүріп жатқан реформаларды жеріне жеткізу үшін жаңа Парламент сайлауын өткізу дұрыс деп есептейміз. Әсілінде, қайта-қайта қаржы шығармас үшін облыстық, аудандық мәслихат сайлауларын Парламентпен бірге өткізіп алу тиімді болар еді. Ал, бұған дейін жұмыс жасаған Парламенттің табысты еңбегін атап өту керек. Ел пайдасына 80-нен астам заң қабылданды, өзекті мәселелерде табандылық танытты. Олардың біразын жаңа Парламенттен көрсек дұрыс болар еді. Жаңа күрделі жағдайға сай жасақталатын Парламент депутаттарының қатарында нағыз кәсіби маман, кризис-менеджерлер көп болса, дағдарыстың толқындарынан жеңіл өтеміз. Бағлан БАТЫРШАЕВ, «Сарыағаш» емдік-оңалту кешені» ЖШС директоры, облыстық мәслихаттың депутаты. Оңтүстік Қазақстан облысы.

Кәсібиліктің көрінісі

Парламент Мәжілісі депутаттарының шешімі әбден ой елегінен өткізілген дұрыс қадам деп санаймын. Бұл орайда, Мәжілістің шынайы кәсібилігі көрініс тапты. Әлемді құрсаған экономикалық дағдарыс кезінде баршамыз ерекше серпіліспен жұмыс істеуіміз керек. Елбасы бұған төтеп берумен қатар, ертеңгі күндеріміздің жарқындығын көздейтін міндеттер қойып отыр. Ұлт Жоспарын орындау үшін берік бекемдік, қолға алынған реформаларды жүзеге асырудың ұтқыр қадамдары қажет. Жаңа уақыттың жаңа заңдары жұмыс істеуі тиіс. Кәсіпкер ретінде біздің ұмтылыстарымызды қанаттандырған заңдық актілердің қабылданғанын айқын сезіндік. Бірақ, үнемі алға ұмтылатын, озық елдердің қатарына қосылуды мұрат санайтын мемлекетке жаңа заңдардың қажеттігі белгілі. Жаңарған Мәжіліс пен мәслихаттар бұл міндеттерді шешуге қабілетті болады деген сенімдемін. Елена МАЩИНСКАЯ, кәсіпкер. КӨКШЕТАУ.

Жаңашыл жандарға таңдау жасалса...

Қаржы дағдарысының дүмпуі әлем елдерінің экономикасына орасан зиян шектіруде. Әрине, әлемдік экономиканың даму үрдісінен біздің еліміз де шет қала алмайды. Олай деуімнің бірнеше себебі бар. Біріншіден, біздің еліміз де әлемнің он­даған мемлекеттерімен сау­да-экономикалық, іс­кер­лік, әріптестік байланыстарды ор­нық­тырып, барыс-келісті, алыс-берісті жандандырған. Екіншіден, биылдан бастап ДСҰ-ға толыққанды мүше ретінде төрткіл дүниенің 161 елімен дәл сондай қарым-қатынас жасай бас­таймыз. Үшіншіден, біз шекарасын жауып алып, томаға-тұйық, өзімен-өзі отырған ел емеспіз. Төртіншіден, біздің Қазақстанымыздан әлем елдеріне экспортқа шығаратын сан алуан өніміміз бар. Бесіншіден, ең бастысы, біз әлемдегі іскерлік, сауда-эко­но­микалық байланыс­ты қолдайтын, қуаттайтын елдердің бәрімен әріптестікті өрістете отырып, солардың үлгі аларлық тұстарынан үйренеміз. Демек, жаһан экономикасын шырмаған қаржы дағдарысының да азды-көпті әсері біздің отандық экономикаға тие қоймайды деп алаңсыз отыруға болмайды. Рас, біз қамсыз емеспіз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастап, Үкімет мүшелері, өзге де тиісті органдар дағдарысқа қарсы алдын алу шараларын, тіпті, арнайы бағдарламалық жобаларды іске асырып жатыр. Осыған орай қажетті заңдар мен кодекстерге толықтырулар мен өзгертулер де енгізілді. Дегенмен, әлі де алдымен ел халқының әлеуметтік тұрмысын төмендетпеуге, жұмыс орындарын негізсіз қысқартпауға, жалпы, отандық экономиканың даму деңгейін одан әрі жоғарылатуға қатысты мәселелер көтерілгенде Парламент Мәжілісінің алар орны маңызды бола түседі. Әсіресе, ел бюджетін қабылдауда, бюджет қаражатын экономиканың тиімді тұстарына бағыттауда депутаттар біліктілігінің ауадай қажеттігі және даусыз. Бәлкім, дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру барысында тек Үкіметке сауалдар жолдаумен шектелмей, тиімді ойлары мен жобаларын ұсына алатын, яғни, жаңашылдық таныта алатын кәсіби парламентшілердің қажеттігін уақыттың өзі тудырып отыр. Мұндай жаңғыру тек Парламент Мәжілісінде ғана емес, сонымен бірге, әр деңгейдегі мәслихаттарға да тән болуы тиіс деп ойлаймын. Осы орайда, кеше Парламент Мәжілісінің депутаттары маңызды қадам жасады. Басқаша айтқанда, Парламент Мәжілісін мерзімінен бұрын таратып, мерзімінен бұрын сайлау өткізудің қажеттігін айқындаған Үндеуді оқыған депутат Нұрлан Әбдіровтің «Біз – Мәжілістегі «Нұр Отан», «Ақ жол», Қазақстанның коммунистік халық партиясының парламенттік фракцияларының өкілдері, еліміз үшін ең тағдырлы кезеңде тарихи мәні бар Үндеу жариялау үшін жиналып отырмыз. Қазақстан халқына және Елбасына жолдайтын үндеуіміз Ұлт Жоспары мен дағдарысқа қарсы шараларды қай партияның жүзеге асыруын айқындайтын халықтың сенім мандатын анықтап алуды көздейді» деуінің бірнеше себебін тарқатып көрелік. Біріншіден, Мәжіліс депутатының пікірінше, реформалар мен дағдарысқа қарсы саясатты тиімді жүргізу үшін биліктің мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғамның барлық тармақтары үйлесімді жұмыс істеуі қажет. Екіншіден, жаңа сайлау мемлекет пен қоғамды Ұлт Жоспарына, экономикаға және елді дағдарыстан қорғау міндеттеріне жұмылуына жол ашады. Үшіншіден, бұл еліміздің барлық азаматтарын толғандыратын өте маңызды міндет, сол себептен, мерзімінен бұрын сайлау өткізу қоғамдық келісім мен этносаралық достықты бұрынғыдан да нығайта түседі. Төртіншіден, Елбасының Ұлт Жоспарын іске асыруда Парламенттің кәсібилігін арттыруға оң қадам жасалады. Яғни, Парламент Мәжілісінің депутаттық құрамы кәсіби экономистер мен заңгерлер, мемлекетшіл тұлғалардан таңдалуы қажет. Ең бастысы, алдағы уақыт тәуелсіз еліміздің жаһандық сынақтар мен қаржы дағдарысынан абыроймен өтуіне бастайтын аса маңызды кезең болғалы тұр. Нұрым ЕРҒАЛИЕВ, Махамбет аудандық мәслихатының депутаты. Атырау облысы.

Жастармен бірге жаңа леп еседі

Парламент фрак­ция­ларының Елбасына мерзі­мінен бұрын Мәжіліс және мәслихаттар сайлауын өткізу жөніндегі ұсынысын Интернет сайттарынан оқыдым. Көңілімдегі көп ойды дөп басты. Олай дейтінім қызмет бабына сәйкес елдегі, әлемдегі жаңалықты жібермей оқып, таразылап, Ұлт Жоспарын нақтылы жүзеге асыруға байланысты елімізде бірлесе атқарылып жатқан жұмыстардың бір шетінде жүргендіктен қандай да жаңашылдықтың қажеттігін сезінетінбіз. Сондықтан бұл қадам шетелдерде болып жатқан экономикалық жағдайлардың әсерінен келген дағдарыстан шығудың бір жолы деп санаймын. Әрине, айту бар да сол сөзді іс жүзіне асыра білу тағы бар емес пе?! Десек те, біз жастар ақпараттық әлемнен тыс қалмауымыз керек. Бұл дегеніміз, ел күтіп отырған жаңарған Мәжіліс пен мәслихаттарға жаңаша талап қойылып, жаңа белестердің бастаушысына айналу қажеттігін туындатады. Сол қажеттілікті өтеу үшін әуелгі кезекте саясаттану, экономика, заң салаларын терең меңгерген білім мен тәжірибе керек. Оның кілті оқуда. Әріптестерім мен замандастарыма айтарым, Ұлт Жоспарын жете түсініп оқысаңыздар ойларыңның ұштала түсіп, заман талабына сай жаңаша әрекет етудің тың жолдарын табатындарыңыз анық. Ақмарал РАХМЕТОВА, Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы.

Уақыт талабынан туған бастама

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Ұлы Дала елінің еңсесін көтеріп, аяғын нықтап, белін бекемдей түсетін бағдарламалары мен тапсырмалары қазақстандықтар арасынан кең қолдау табуда. Жуырда жарияланған тәуелсіз Қазақстанды алдыңғы қатарлы дамыған 30 елдің қатарынан көруге деген сенімді нығайтып, келешекке айқын мақсатпен ұмтылуға мүмкіндік беретін Ұлт Жоспарын жүзеге асыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Сайланғалы бері бірнеше заңдарды қолданысқа енгізіп, өздеріне тиісті мінберден үн қата білген Парламент Мәжілісі депутаттарының Үндеуін заман талабына сай қимылдап, уақыт желіне қарай қамданудың үлгісі деп қабылдадым. Біздің алдымызда Ұлт Жоспарын тыңғылықты жүзеге асыра отырып, ішкі мүмкіндігімізді бекемдеу, жаңа қадамдарға аяқ басу арқылы оны заңдық-құқықтық тұрғыда лайықты қорғай алу міндеті тұр. Парламент Мәжілісі депутаттарының мезгілінен бұрын сайлануы осы қажеттіліктерден туындап отыр және жаңадан сайланатын мәжілісмендер еліміздің саяси өміріндегі талаптарға сай әрекет ете алатын белсенді, сауатты, тәуелсіздіктің беріктігі, ел дамуы, қазақстандықтардың бірлігі, әлеуметтік-экономикалық нығаю және заңдық-құқықтық талап тұрғысында Елбасының тапсырмаларын жүзеге асыруға білек сыбана кірісетін іскер азаматтар болады деп сенемін. Мәнет ШЫРАҚБАЙ, «Жауқазын» балалар бақшасының меңгерушісі. Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы.