15 Қаңтар, 2016

Мерзімінен бұрын сайлау – жаңғыруға бел байлау

327 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін

ERA_5649+Сынақта  шыңдалғандар озады

Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамасы елішілік қиыншылықтардан туа қалған жоқ. Ол жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстың әкелген үдерісі. Осыдан-ақ Қазақ елі әлемдік қауымдастықтың ажырағысыз құрамдас бөлігіне айналғанын байқауға болады. Иә, әлемде күрделі өзгерістер жүріп жатыр. Оның көңілді марқайтатын жағымды ілгерілеуінен гөрі сын-қатері басым екенін күн сайын сезінудеміз. Бұл да бір сынақ. Елдігімізге, тәуелсіздігімізге сынақ. Сын-қатерден, қиналсақ та, абыроймен шығу үшін қажетті мемлекеттік, экономикалық, әлеуметтік іс-шаралар Ұлт жоспарымен, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауымен жүйеленген еді. Енді солар саяси тұрғыдан жалғасын тапты. Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын мерзімінен бұрын сайлау бұрын да өткен. Қорқатын, үркетін, сан-саққа жүгіртетін ештеңе жоқ. Қайта алдағы сайлауда қазақстандық демократияны, бірлігіміз бен отансүйгіштігімізді тағы бір сын тезінен өткізіп алудың реті келіп тұр. Бесінші шақырылымдағы Мәжіліс жаман жұмыс істеген жоқ. Дей тұрғанмен, болашақ Мәжіліс депутаттары сөзімен де, ісімен де барша қазақстандықтарға танымал тұлғалардан жасақталғанын қалаймын. Ғалымның ғалым екені жазған еңбектерінен, ашқан жаңалықтарынан, спортшының спортшы екені көтерген зілтемір салмағынан, соққан голдарының санынан көрінсе, депутат кеудесіндегі төсбелгімен емес, бастамаларының, идеяларының, халыққа қызметінің, халықпен аралас-құраласының кемелдігімен танылғаны абзал. Қазіргі Конституциямыз бойынша, Қазақстанның ішкі-сыртқы саясатын Елбасы анықтайды. Биліктің барлық тармақтары соны атқаруға жегіледі. Айталық, білім мен ғылым саласына тиісті министрлік жауап береді. Мәдениетте де, қорғаныс ісінде де солай. Демек, заң шығарушы биліктің де оңтайланғаны жөн. Артықшылықтары – шешім қабылдау тездетіледі, қаржы үнемделеді, шенеуніктер азаяды, қағазбастылық бәсеңдейді. Жауапкершілігі жоғары сәтке қадам бастық. Үдесінен шығайық. Сынақта шыңдалғандар озады. Ханкелді ӘБЖАНОВ, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі. АЛМАТЫ.

Экономикалық қиындықтан құтқаратын Парламент керек

Елдің бюджеті қайта қаралып жатыр. Қазір шекесі қызып тұрған мемлекеттер жоқ. Әлемдік дағдарыс құрсаудай қысқандықтан экономикалық соққыдан аз шығынмен шығудың алғышарттарын жасауға бәрі кірісіп кетті. Алдында мақсат, мүддесі айқын мемлекет қана осындай тығырықтан аман шығады. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары бар Қазақстанға кәсіби біліктілігі жоғары Парламент керек. Депутаттар Мәжілісте ештеңе бітірмеді, қол қусырып қарап отырды дей алмаймыз. Жаңа Парламентке мықтылары тағы өтеріне сенімдіміз. Халық қалаулыларының Елбасына мерзімінен бұрын Парламентті тарату жөніндегі үндеуін түсіністікпен қабылдадық. Себебі айқын. Бұрынғы депутаттар қатарында зейнет жасынан асып кеткендер көп. Бұл бір қарағанда, қолында билігі барлардың зейнетке жасы жақындағанда Парламентке қарғып кеткеніндей әсер қалдырады. Екіншіден, партиялық тізім бойынша күріш арқасында күрмек те су ішетіндей, білім-білігі төмендеу азаматтар да өтіп кетті. Олардың қарым-қабілетін Парламентке ұсынылған заңдар талқыланғанда байқап отырдық. Халықты алдау мүмкін емес қой. Еліміздің бюджеті мұнай баррелі 40 доллар болып тұрғанда есептелді.Қазір 29 долларға дейін төмендеді. Қабырғамызды мұнайдан түскен қаржымен жауып отырған мемлекетпіз. Өндіріс орындарымыз әлі де аз. Аграрлы ел болсақ та сырттан ет, сүт өнімдерін көптеп сатып алып жатқанымыз жасырын емес. Осындай жағдайда экономикалық ахуалды жақсартуға кәсіби біліктілігі жететін Парламент әбден керек. Қайрат БАЛАБИЕВ, кәсіпкер, заң ғылымдарының докторы. Оңтүстік Қазақстан облысы.

Уақытпен үндескен бастама

Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты тарихи маңызды шешім туралы мәлімдеме жасады. Қазақстан Республикасы Президентінің 5-ші шақырылымдағы  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісін мерзімінен бұрын тарату және Парламент Мәжілісіне мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы бастамамен жүгінген депутаттардың мәлімдемесі дер уақытында қозғалған мәселе деп білемін. Себебі, бұл шешім – уақытпен үндескен шешім. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан «5 инсти­туттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды. Мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енді. Осы орайда жаңа Парламенттің жасақтануы еліміз үшін үлкен маңызды саяси және тарихи оқиға болмақ. Себебі, жаһандық дағдарыс қиындай түсуде. Ал, Елбасының жариялаған Ұлт Жоспары осы қиындықтарға жауап беретін бағдарлама. Оны сәтті іске асыру үшін биліктің барлық тармағының – атқарушылық, заңнамалық, сот және жергілікті басқарушы органдардың үйлесімді жұмысы қажет. Сондықтан депутаттар халықтың жаңа сенім міндетін алуы және Ұлт Жоспарын жүзеге асыруы аса маңызды. Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымдарының докторы, профессор. АЛМАТЫ.

Ауған ардагерлері де қолдайды

Мәжіліс депутаттарының өз өкілеттілігін тоқтатып, жаңа сайлау өткізу жөніндегі ұсынысына қолдау білдіруге болады. Өйткені, мемлекет алдына аса биік міндеттер мен мақсаттар қойылып отырған бүгінгі жағдайда билік те, заң шығарушы орган – Парламент те жаңа күш-жігермен, жаңаша көзқараспен жұмыс істеп, ілгері қарай нық сеніммен қадам басуы тиіс. Сонда біз Елбасының өміршең бастамаларынан туындаған бағдарламалар мен жоба-жос­парларды жүзеге асыра аламыз. Кешелі бері айтылып жатқан мерзімінен бұрын сайлау өткізу мәселесіне келсек, менің ойымша, Мәжілістегі үш фракция және Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттардың бірлесе отырып қабылдаған үндеуі бүкіл қазақстандықтардың ойынан шықты деген ойдамын. Себебі, Мемлекет басшысының 5 институттық реформасы әрбір қазақ­стандықтың өмірін жақсартуға бағытталған реформа болып табылады. Қазіргі Мәжіліс депутаттары осы реформаларды жүзеге асырудың заңнамалық негізін қалыптастырып берді. Ендігі міндет – қабылданған ұлттық заңнамаларымызды әрі қарай жетілдіре түсу, заң нормаларының сақталуына кепіл болу және 5 институттық реформаны осы құжаттарға сүйену арқылы іске асыру. Қазақстан халқына және Елбасымызға жолдаған бұл үндеу Ұлт Жоспарын жүзеге асыруға, сондай-ақ әлемдік экономикалық дағдарысқа қарсы атқарылатын іс-шараларды алдын ала айқындап алу мақсатынан туындады деп ойлаймын. Біздің қоғамдық қор және Ауған соғысының ардагерлері де Мәжіліс депутаттарының бастамасына қолдау білдірді. Қайрат ЕЛУБАЕВ, «Қаһарман ұрпақ» қоғамдық қорының президенті, ауған соғысының ардагері.

Жаңашыл жақсы істердің басындамыз

Парламент Мәжілісінің де­пу­таттары Мәжіліс пен бар­­лық деңгейдегі мәслихат­тардың сайлауын өткізу туралы бастама көтеріп, үндеу жариялады. Біздер бұл бастама­ны толық қолдаймыз және заң­намаға сәйкес Мәжіліс сай­лауын өткізетін күн кешік­ті­рілмей белгіленеді деген ойдамыз. Биылдан бастап Ұлт Жоспарын жү­зеге асыру қолға алынады. Сондықтан, Мәжілістің жаңа құрамын жасақтап, оның заңдылығын бекітіп алған жөн. Әлемде экономикалық дағ­дарыс орын алып отыр. Сон­дай-ақ, әлемдегі геосаяси жағдай биліктен де, қоғам­дық ұйымдардан да, саяси пар­тиялардан да, тіпті барша қазақстандықтардан да жина­қы­лықты, ынтымақ пен бірлік­ті, өзара сыйластықты қажет етеді. Елімізде осындай мүм­кіндіктер бар. Міне, осы мүм­кіндіктерді тиімді әрі өз орны­мен пай­далана білсек, қиындық атаулы­ны жеңіп шығатынымызға нық  сенімдіміз. Жасыратыны жоқ, әлем жұртшылығы қазіргі халықаралық жағдайға алаңдап отыр. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан өз экономикасын жедел жаңғыртуға қа­рай бет бұрды. Ол үшін Елбасымыздың 5 инс­титуттық реформасы дайындалды. Осы ре­формаларды жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» таңдап алынды. Бұлар нәтижелі болу үшін жаңашылдық, жұмысты жаңаша ұйымдастыру қажет. Жалпы, «Жас Отан» жастар қанаты елімізге пайда әкелетін жаңашыл жақсы істердің ойдағыдай жүзеге асуына белсенді атсалыса бермек. Шахмардан БАЙМАНОВ, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі.  АСТАНА.

Ұлы жоспар ұлағаты

Мен «Болашақ» стипендиясының түлегімін. Елбасының қамқорлығымен өмірге келген осы бағдарлама бойынша шетелде білім алып, енді аталмыш орталыққа басшылық жасап келе жатырмын. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындаудың сан  салалы жолдарын белгілеп берді. Қазіргідей тарихи жауапты кезеңде бұл міндетті мүлтіксіз атқару әрқайсымызға зор жауапкершілік жүктеуде. Бұл істің ел өмірінде тарихи кезең екенін баса айтқанымыз жөн. Бүгінгі әлемде, оның ішінде, жаһандық экономикада болып жатқан құбылыстар тың серпіліс, ойлы істерге жұмылдыруды талап етіп отыр. Оның үстіне әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс күшеймесе, әлсіремей тұр. Осындай тұста Парламент Мәжілісі депутаттарының елде мерзімінен бұрын сайлау өткізу және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын қатар өткізу туралы Үндеуін толығымен қолдаймын. Өйткені, экономикада орын алып отырған жағдайлар мықты реформаторларды қажет етеді. Бұл істе депутаттардың да білім-білігін көрсететін, әлемдік дағдарыста ел экономикасын оңалту жолындағы тың қадамдарға өз байламдарын ұсына алатын азаматтардың Мәжіліске келгенін қалайтынымызды айтуға тиістіміз. Бұл заң шығаратын органға қан жүгіртері сөзсіз. Осы арада мына бір ой-байламды да айта кетсем деймін, Парламент Мәжілісіне жаңа саясаткерлер, соның ішінде жастар келіп жатса, тіпті құба-құп. Олар Мемлекет басшысының реформаларын орындау жолында тың идеялармен үлес қосары сөзсіз. Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі депутаттарының Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы бастамасын толығымен қолдаймын. Бұл бастаманы Отанымыздың барлық азаматтары қолдайтынына сенімім мол. Парламент сайлауын дер кезінде өткізіп, Ұлттық стратегиямыз бен Ұлт Жоспарын уақыт талабына сай нақты іс-қимылдар арқылы атқаруға тиістіміз. Бұл Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын дер кезінде орындауға жол ашады деп білемін. Ғани НЫҒЫМЕТОВ, «Халықаралық бағдарлама орталығы» АҚ президенті.

Қамданған қапы қалмайды

Бұдан төрт жыл бұрын сайланған Парламент Мәжілісі осы жылдар ішінде өз біліктілігі мен өз деңгейінде жұмыс атқарды. Олар қабылдаған бірнеше заңдар қазір ел игілігіне қызмет етуде. Депутаттардың белсенділігіне қарай оң пікір де, сын да естіген кездері болды. Әрине, жұмыс, оның ішінде мемлекет, ел тағдыры  үшін жауапты қызмет болғандықтан, халық тарапынан сын-пікірлердің болуы дұрыс. Бүгінгі Парламент Мәжілісі сын тезінен лайықты өтіп, өздерін жақсы жағынан көрсете алды. Мәжілісмендердің Елбасына өз өкілеттіліктерін тоқтатып, Мәжіліс сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге үндеу жариялауы да әлемде орын алып жатқан ахуалдарға қарай отырып, ел қамын ертерек қамдаған қырағылықтың, жанашырлықтың белгісі деп білемін. Яғни,  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы ойы дұрыс шешім. Бүгінгі Қазақстан әлем елдерімен тығыз интеграцияға түскен ел, демек олардағы әрбір маңызды оқиғалар мен жағдайлар біздің елімізге әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан, өз міндеттерін орындаған Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын мерзімінен бұрын сайлау дағдарыс кезіндегі кездесуі мүмкін қыспақтың алдын алып, Мемлекет басшысы тапсырған мемлекеттік бағдарламалар мен тапсырмаларды ұйымшылдықпен атқарып шығуға сеп болмақ. Осы орайда, біз бірауыздан бірлікпен үйлесімді іс-шаралар жүргізіп, дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру үшін кең ауқымды қоғамдық бірігуіміз қажет.   Амангүл ЖАЙЫЛХАНОВА, Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы. АҚТАУ.

Толқыннан толқын туады

Біздің еліміз үшін мешін жылының басындағы елеулі оқиғаның бірі Мемлекет бас­шысының «Егемен Қазақ­стан» газетінде жария­ланған «Ұлт Жоспары – қазақ­стандық арманға бастайтын жол» атты мақаласы бол­ды. Жалпы, бүгінгінің шаруа­сын тиянақтау өз алдына, болашағым қандай болар екен деп толғанбаған елдің жолы міндетті түрде тұйыққа тірелерін тарихтан жақсы білеміз. Осы тұрғыдан ой қорытар болсақ, Елбасының халықтың көкейінде жүрген арман-тілектерін өзінің жүрегінен өткізіп барып, мойнына бар жауапкершілікті ала отырып кесімді сөзін, ой-тұжырымын бас­пасөз бетінде жариялауын бүгінгі мың құбылған замандағы батыл да көреген қадамның бірі деп бағалау керек. Қазіргі таңда Елбасының мақаласы жер-жерде қызу талқыланып жатыр. Біздің отандастарымыз Тәуелсіз еліміздің болашағын алыстан болжап, алдымыздағы асқаралы мақсат-міндеттерге адастырмай алып барар бағыт-бағдар сілтеген бұл еңбекке жоғары баға бергені өз алдына, ең бас­тысы, нақты қолдау білдіруде. Қазақстан Рес­пуб­ли­касы Парламенті Мәжі­лісі мен барлық деңгей­дегі мәслихаттар депутат­тары­ның сайлауын мерзі­мінен бұрын өткізу туралы үндеуді өз басым ел тағ­дыры сынға түскен қиын кезде азаматтық танытқан ұстаным деп қабылдаймын. Шын мәнісінде, бүгінгі Парламент депутаттары ел үшін аса жауапты кезеңде абырой-беделдеріне кір жұқтырмай, жемісті жұмыс істеді деп сеніммен айтуға болады. Дегенмен, уақыттың бір орында тұрмайтыны белгілі. Мұның сыртында бүгінгінің сұранысы мен заман талабын да ескерген жөн. Ол талап қазіргідей жаһандық мәселелердің өзі шешімін таппай жатқан аса күрделі кезеңде ел тағдыры мен мүддесі жолында бар жауапкершілікті мойнына алуға шамасы мен қабілеті жететін кадрларды қажет етеді. Яғни, біздің Парламентке, барлық деңгейдегі мәслихаттарға жаңаша ойлау жүйесін меңгерген, мемлекетшіл, шешімгер және білімді кәсіби мамандар келуі керек. Міне, сонда ғана қазақстандық арман – әлемдегі озық 30 елдің қатарына қосылу сынды асыл мұраттың жолында табысты еңбек етуге жағдай туады. Бүгінгі қалыптасқан жағдай тұр­ғысынан көз жіберер болсақ, Елбасының мақаласы мен Мәжіліс депутаттарының үндеуі арасындағы сабақтас байланыс­ты анық байқауға болады. Еліміздің бас газетінде жарияланған басты мақалада көрсетілген күрделі міндеттерді орындап, кесек мәселелерді шешу жолындағы маңызы зор шаруаларға ықпалы мен шарапаты тиюі үшін де жаңа сипаттағы мықты Мәжілістің болуы керектігі – заңдылық. Ескінің орнын жаңа басады. Яғни, ақынның тілімен айтқанда, «толқыннан толқын туып» отыр. Бұл – біздің қоғамның тамырына қан жүгіртетін өте қажет дүние. Өзінің тарихи миссиясын адал атқарып шыққан Парламент Мәжілісінің жұмысын жаһандық қыспақтарға қарсы тұра алатын, жаңа міндеттерді орындауға қабілетті халық қалаулыларынан тұратын жаңа да кемел депутаттық корпустың жалғастыруын заңдылық ретінде қабылдау керек. Ербол ДҮЙСЕМБАЕВ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы Қарағанды жол бөлімшесінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты.

Ақылға қонымды қадам

Жаһандық дағдарыстың күрмеулері алдағы кезде көбейе түспесе, азаймасы белгілі болып отыр. Сондықтан мәжілісмендердің мына бастамасы ешқандай бір тосын оқиға емес дер едім. Олар мұндай ұйғарымға бір күнде келмегені де сөзсіз. Иә, әлемде экономикалық күрделіліктер асқынып, саяси ахуал құбылып тұрған мына кезеңде Мәжіліс және мәслихаттар сайлауын мерзімінен бұрын, яғни көктемде өткізіп алуды мен де ақылға қонымды деп есептеймін. Тәуелсіздігіміздің өткен жылдарында мұндай саяси науқандарды ұйымдастырып, өткізу жөнінде бізде байыпты тәжірибе жинақталды. Демек, «Ұрыста тұрыс жоқ». Сөйтіп, жыл басынан көңілді бірлеп алып, сайлаудың қорытындысымен келетін жаңа күш, жаңа ой, жаңа тегеурінге сенім жүктеп, алдағы мұрат-межелерге қарай қарымды қадам жасаған жөн. Құрманғазы ҚУАНЫШӘЛИЕВ, Тайпақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры. Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы.

Тағдырлы кезеңдегі тағылымды шешім

Мен қолым қалт етсе, «Егемен Қазақстан» газетінің сайтына кіріп, елдегі жаңалықтарды уақтылы білуге тырысамын. Еліміздің бас басылымының сайтынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Қазақстан халқына, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа өзін-өзі тарату жөнінде үндеу жолдағанын оқып, халық қалаулыларының бұл қадамына тәнті болдым. Телеарналардағы жаңалықтардан тағы бір мәрте тыңдап, мәжілісмендердің мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы тарихи шешім қабылдағанына көзім жетті. Әлемдік қаржы дағдарысы тек біздің елде ғана емес, азуын айға білеген алпауыт мемлекеттердің өзін абыржытып отырғаны бесенеден белгілі. Дүниежүзінде жаңа жағдай қалыптасып отыр. Рас, Қазақстанның бұған дейінгі дағдарыстардан ат-көлігі аман өткенін білеміз. Әрине, оның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көсемдік көрегендігі және сарабдал саясаткерлігі арқасында мүмкін болғанын айтуға тиіспіз. Мемлекет басшысы бұл жолғы дағдарысты да еркін еңсерудің ендіктерін «Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында, «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындап берген болатын. Енді «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламалық мақаласында дағдарысты еңсерудің тетіктерін тәптіштей таразыға салып, нақтылы жүзеге асырудың нақты жолдарын ұсынды. Бұл бағытта халық қалаулыларының Президент алға қойған міндеттерді ортақ ойласып шешуге жұмылуы қайтарымды болмақ. Шынында да, қазір арқаны кеңге салатын уақыт емес. Ұлт Жоспарын жүзеге асыруға бекемдік пен белсенділік қажет. Кәсіби Парламент жасақтау бұл уақыт талабы. Осыны түсінген Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамасы қолдауға әбден лайық. Бұл арада әркімнің жеке бас пайдасы емес, елдіктің көрініс беруі қуанышты. Елдің ертеңі үшін жұмыс істейтін халық қалаулыларының күрделі жағдайда қынулы қимыл көрсететіндей қауқары болғаны ұтымды болмақ. Әлемдік экономикаға тығыз интеграцияланған Қазақстанның белгілі бір қиындықтарды бастан өткеруі табиғи жайт. Дағдарысты еңсерудің ішкі мүмкіндіктері жеткілікті. Тек соның бастау бұлақтарын тауып, ішкі резервтерді тиімді пайдалануға жол сілтейтін, бағыт-бағдар беретін жүйе болуы керек. Жаңарған Мәжіліс пен мәслихаттар дағдарыс жағдайында алдан шығатын күрделі міндеттерді шешуге күш салатын болады. Халық мерзімінен бұрын өткізілетін Мәжіліс және мәслихаттар сайлауында мұндай депутаттарға дұрыс таңдау жасайды деп ойлаймын. Халық сенім артқан азаматтардың дағдарыс жағдайында дамуға бағыт ұстап отырған бүгінгі жағдайды жете түсінгені көңілді орнықтыра түседі. Қаржы қиындығына қарсы тұру үшін тұрақтылық пен тастүйін тегеурінді іс-қимыл қажет. Мәжіліс депутаттары осындай батыл бастама жасау арқылы елдің ертеңін, халықтың қамын ойлайтындықтарын айқын аңғартты. Бұл шын мәнінде тарихи да, тағылымды шешім болғанын жұртшылық айқын сезіп отыр. Жаңаша жұмыс істеуге машықтану дамыған 30 елдің қатарына енуге екпін берері сөзсіз. Біз экономиканы дамытуға байланысты неғұрлым жаңаша ойлап, дағдарыстың мүмкіндіктерін кәдемізге жаратсақ қана қиындықтан қиналмай шығамыз. Елбасы дағдарысты еңсерудің барлық негіздері мен қағидаттарын нақтылап берді. Енді барлығымыз Елбасы қасынан табылып, еліміз үшін ерен қимыл көрсетуіміз керек. Бұл бағытта ортақ Отанымыз – Қазақстанның қарқынды дамуы жолында баянды бастама көтеріп отырған мәжілісмендерді қолдап қана қоймай, мерзімінен бұрын өтетін сайлауда елдің ертеңі жолында қажырлы қайрат көрсететін азаматтарға таңдау жасалатынына сенім артамыз. Мұның өзі елдіктің өнегесі, мемлекетшіліктің үлгілі үрдісі болды деу орынды болмақ. Мерзімінен бұрын сайлау өтіп жатса жаңа күш, тегеурінді толқын келеді деп үміт артамыз.  Қасымжан БАЙСАДАҚОВ, Қазақстан Журналистер одағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы. Ақтөбе.

Төменгі палата тарихи миссиясын атқарды

Бүгінгі экономикалық ауыртпалық жалғыз Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді шырмап тұрғаны ақиқат. Десе де, елімізде оған қарсы бағдарламалар қабылданып, дағдарыстың салқыны мен салдарын болдырмауға арналған түрлі іс-шараларды қолға алдық. Елбасымыз Ұлт Жоспарын қабылдап, баршамыз бірігіп орындауы­мыз тиіс «100 нақты қадамды» бекітті. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында да, жуырдағы мақаласында да бұл аядағы міндеттер одан әрі саралана, нақтылана түсті. Әрине, қазіргі Парламент өз кезеңіндегі барлық міндеттемелерді орындады. Заңнамалық жүйеміз қалыптасты, нығая түсті. Төменгі палата тарихи миссиясын атқарды. Депутат В.Косарев бүгінгі Мәжілістің бес институттық реформаны жүзеге асыруға арналған 80-дей заң қабылдағанын айтты. Жол карталарына жол ашты. Сондықтан, алдағы уақытта Мәжіліс құрамының өзгеріссіз қалуы пайдасыз болар еді. Яғни, заң шығарушы орган жаңа жетістіктерге жету үшін жаңарып, түлеп отыруы қажет. Заңнамалық актілер, заң жобалары жетіле түсуі үшін халықпен, үкіметтік емес ұйымдармен, бизнес-қауым­дастықпен тығыз байланыста жұ­мыс жүргізілуі қажет. Бұл жер­гілікті мәслихаттарға да қа­тысты. Мұның барлығы қазіргі дағ­дарыстың алдын алуға көмектеседі. Жұмылған жұды­рықтай бір болғанда біздің бағын­дыратын биігіміз де жоғары болмақ. Сондықтан, Мәжілістегі «Нұр ­Отан», «Ақ жол» және Қа­зақ­станның коммунистік-ха­лық ­партиясы фракцияларының өкіл­дері жариялаған қазіргі Парла­ментті тарату және мерзімінен бұрын сайлау өткізу жөніндегі қажеттіліктен туындаған үндеуін қолдаймын. Иә, сайлауды тезірек өткізіп алсақ, алдымыздағы мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға да уақыт әрі күш-жігер табылатыны анық. Бұл елімізді дағдарыстан алып шығуға тиімді жол ашатын нақты қадам болар еді. Қазақстанды жаңғыртудың жаңа кезеңі басталған сәтте Президент алға қойған барлық бағыттағы тапсырмаларды тап-­тұйнақтай орындаудың ма­ңызы зор. Сондықтан, аталған үндеудің дағдарыстың салмағын жеңілдететін тарихи маңызы болуы ықтимал. Олег ЧЕРНЫШОВ, Шығыс Қазақстан облысы талдау және болжау институтының директоры. ӨСКЕМЕН.

Жаңа ұрпаққа жаңару тән

Қазіргі депутаттар, өз сөздерімен айтар бол­сақ, өз мін­деттерін толы­ғы­мен атқар­ды, қоғам­дағы өзгеріс­терге орай ендігі жерде жаңа леп, жаңа тыныс керек. Қайсыбір нәр­се­ні, мәселені болмасын белгілі бір уақытпен шектейтініміз рас. Алайда, кейде шектелген сол уақыттың өзі көп, енді бірде аз болып жатады. Осы реттен келгенде жаһандық деңгейдегі әралуан саяси оқиғалар, экономикалық жағдайлар, қалыптасып отырған қоғамдық көңіл күй басқаша қарауды – жаңа бір өзгерістерді талап етеді. Айналада болып жатқан қоғамдық құбылыстардың жылдамдығына қарап, уақыттың шапшаңдығына таңғаласың. Бүгінгі заман қасаңдықты, жайбасарлықты көтермейді. Уақытпен ілесіп отыру үшін де белгілі бір шапшаңдық керек. 2016 жылдың басы елі­міздің саяси өмірінде жаңа жаңалықтармен басталуда. Бұл жа­ңалықтар мемлекеттік қыз­метті де, өндірісті де, ауыл шаруа­шылығын да, бизнесті де, білім мен мәдениетті де, сот пен құқық қорғау орындарын да, т.т. реформалауды қамтиды. Тіпті, жол мен көлік қатынасының өзі де Қазақстан экономикасының әлемдік экономикада өзіндік орын алуына, себебі тиіп табыс көзі болғалы отыр. Ел экономикасын дамыту болашағы бағытындағы 100 нақты қадам – Ұлт Жоспары бүгінгі қоғам дамуына жаңа әрекеттерді, жаңа іс-қимылды қажет етеді. Сондықтан, депутаттар Мәжілісті тарату жөнінде Ел­басына арнайы үндеу жария­лады. Ол Үндеуде: «... Біз пар­ламенттік аламанға қатысуға және мемлекеттік стратегия мен саясатты жүзеге асыру жауапкершілігінің бір бөлігін өзіне алуға дайын екендіктерін сан рет мәлім еткен барлық саяси партияларды адал және ашық күреске – жаңа сайлауға қатысуға үндейміз. Сонымен қатар, біз еліміздің барлық қоғамдық бірлестіктері мен үкіметтік емес ұйымдарын, барша азаматтарды біздің бастамамызды қолдауға шақырамыз. Біз ел дамуының жаңа және жауапты кезеңіне аяқ бастық және онда бірлігіміз бен тұтастығымызды нығайта түсу арқылы ғана өз жетістіктерімізді қорғап, Отанымызды дамудың жаңа белестеріне шығара аламыз. Біздің Қазақстанымыз – біздің ортақ үйіміз! Біздің Отанымыз бір, Тағдырымыз бір!» делінген. Ал бұл бастаманы қоғам түгелдей құптайтынына күмән жоқ. Сәрсенкүл БИҚОЖА, «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы. ҚЫЗЫЛОРДА.

Біз үшін әр күніміз қымбат

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутаттарының Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастамасын қолдаймыз. Шынында, Қазақстанның жаңа жаһандық сын-қатерлерді еңсеретін нақты жоспары, жаңа жаһандық нақты ахуал жағдайында дамуы туралы стратегиясы мен нақты Ұлт Жоспары бар. Әрбір саланы елеп-екшеп, артық-ерекшелігін, кем-кетігін назарында ұстап, әрдайым соны ұсыныстар мен тың идеяларды ортаға салып, халықтың жұмыла жұмыс істеуіне негіз болып отырған Ұлт Жоспары күрделі кезеңдегі күре жолды тағы бір мәрте айқындап берді. Еліміз ұлы мақсаттарды жүзеге асыруда. Қазақстан әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуды жоспарлап отырған ел. Ендеше, келешегіміздің кемелдігіне алаңдап отырған халық қалаулыларының бастамасына қолдау білдіріп, болашақтағы жемісіміз нәрлі болу үшін атсалысқанымыз абзал демекпін. Яғни, 2016 жыл – Қазақстан халқы үшін маңыз беріп, мазмұнын айқындайтын ең мәртебелі жыл болуы тиіс. Ғұмырлы ел болайық деген асқақ рухта Тәуелсіздіктің тұғырын орнықтырып, негізін қалағанымызға, дүниежүзіндегі дербес мемлекеттердің қатарына енгенімізге 25 жыл толады. Біз үшін әр күніміз қымбат.  Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, журналист. Жамбыл облысы.

Бірден-бір дұрыс шешім

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қазақстан халқына, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа өзін-өзі тарату туралы үндеуінің мәтінімен танысып, бірден-бір дұрыс шешім деген тұжырымға келдім. Қазақстандықтар мерзімінен бұрын сайлау өткізу тәжірибесін жақсы біледі. Талай күрделі кезеңдерде Парламент Мәжілісін тарату жөніндегі ұсыныстар қабылданып, қиын тығырықтан жол тауып шыға алғанымызды ескеретін болсақ, қазір қалыптасқан жағдайдың аса күрделі екенін ескермеу­ге әсте болмайды. Мәжіліс депутаттарының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы үндеуінде айтылғандай, өзге әлем елдері секілді Қазақстан да күрделі кезеңге тап болып отыр. Дүниенің төрт бұрышын қыспаққа алған дағдарысты еңсеру үшін ел ішіндегі ұлттық бірлік, экономикалық қапысыз тастүйін дайындық ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті. Қолға алынған реформаларды жүзеге асырудың басым бағыттары елімізде барлық салалар бойынша қамтылған. Бүгінгі күні республика тұрғындары Елбасының Ұлт Жоспарын мүлтіксіз орындауға жұмыла кіріскен. Десек те, Президент ұсынған жаңа бағдарлама – бес институттық реформаны дәйектілікпен орындау үшін тың күштер қажет-ақ. Сондықтан, кәсіби біліктілігі жоғары жаңа Парламент қалыптастыру, оның құрамын жастармен, әртүрлі мамандық иелерімен толықтырудың оңтайлы сәтін тиімді пайдалана білсек, ұтарымыз көп болмақ. Осылайша халықтың саяси шешім қабылдауына мүмкіндік берілсе, сын-қатерлерді болдырмаудың, алдын алудың жаңа жолдары табылары сөзсіз. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, Мәжілістегі үш фракция мен Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттардың уәкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы үндеуі ел қамын ойлаудан туған парасатты шешім екенін баса айтқым келеді.  Бақытжан СӘМИЕВА, Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы. ПЕТРОПАВЛ.

Ұлт Жоспарын кәсіби мамандар орындайды

Елбасымыз дағдарыстың өте ауыр жүретіндігін қаржылық қарбалас, қиындықтар басталмай тұрып-ақ ескерткен. Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргенде бәсекеге қабілетсіз кәсіпорындарымыздың көбі жұмысын тоқтататындығын да жасырмаған. Сол кезең келді. Өндірісін әлі жолға қойып үлгермеген, шикізатқа тәуелді елдердің көбі сансырап қалды. Алайда, стратегиялық Ұлт Жоспары бар, мақсаты айқындалған Қазақстан «100 нақты қадам» бағдарламасын іске асыру арқылы аз шығынмен дағдарыстан шығуды көздеп отыр. Ал дағдарыс соққыларын еңсеру үшін кәсіби біліктілігі күшті, экономикалық қабілеті мықты, әлемдік өзгерістер жағдайында жұмыс жасай алатын Парламенттің керектігі күн тәртібінде тұрған. Сондықтан Парламент депутаттарының Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа мәжілісті тарату және түрлі деңгейдегі мәслихаттар сайлауын өткізу жөніндегі үндеуін дұрыс деп есептедік. Парламент ештеңеге алаң болмай, қалғып-мүлгіп отырсаң да арқаңнан қағатын нағашыңның үйі емес. Әлемдік дағдарыс Сырдың суы сирағынан келмейтін мықты мемлекеттердің өзін әлтек-тәлтек бастырып жіберді. Қазақстанның өз алдына ел болып, тәуелсіздік алғанына жиырма төрт жылдан енді асты. Бұл мерзім экономикалық қуаты мықты мемлекеттердің қатарынан орнын нық алды дегенді білдірмейді. Өндіріс орындары енді аяғынан тұрып жатыр. Көп жағдайда мұнайға, түрлі шикізатқа тәуелді болып келгеніміз жасырын емес. Еліміздің Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов «Өткен жылы мұнай бағасы 20-30 долларға түссе іске асатын жоспарларға дайындалдық», деді. Қазір мұнай бағасы барреліне 29 доллардан айналып тұр. Яғни, мемлекет бюджеті қайта нақтыланады. Осындай жауапты кезеңде кәсіби Парламенттің керектігі әбден білінеді. Мұны бұрынғы мәжілісмендеріміз де біліп, дұрыс қадам жасады. Ендігі шаруа, барлық деңгейдегі сайлауларымызды аз шығынмен өткізіп алып, экономикалық қуатымызды еселеуге жұмыс жасау. Жаңа Парламенттен күтеріміз көп. Шәріпбек ЖАМАЛБЕКОВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты. ШЫМКЕНТ.