Зерде • 11 Мамыр, 2024

Тұлпарды тұсамас болар

77 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Біздің қазақ бәйге атын қойға мініп қор қылмайды. Жазда жеке жайып, қыста жемшөптен қыспай, жал-құйрығын тарап барынша бабында ұстайды. Өйткені аламанда атойлар арғымақтар тек иесінің ғана емес, бүкіл ауыл-аймақтың атын шығарады.

Тұлпарды тұсамас болар

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Өрелі өнерімен өз­гелерден оқ бойы озған сахна саңлақтары да сол сәйгүліктер секілді. Жұрт назарында жүреді. Көпшіліктің қошеметін көреді. Кейде сол бойын буған талантының буына шыдамай шым-шытырық шырғалаңға түсетіні бар.

Таланттар тағдыры тасада қалмауға тиіс. Өйткені олар Отаны­мыздың мерейін өсіреді. Ұлтымызды ұлықтап, төрткүл дүниеге танытады.

Немқұрайлықтан небір дүл­дүлдеріміздің орға жығылғаны – орны толмас өкініш. Атақ-даңқ «ауруынан» азап шеккен айбоздарымыздан айырылып қалғанда бір-ақ ес жиятынымыз қалай? Адасқанға ақыл айтар абыздарымыз қайда?

Таяуда Youtube арнасынан әйгілі тенор Амангелді Сембин туралы хабарды көрдім. Соңғы сұхбаттарының бірінде мұңая айтқан жанайқайын тыңдадым. Әрине, бұл әншінің өнербаянын Қали Сәрсенбай, Жанарбек Әшімжан сынды журналистика сырттандарының жазған дүние­лері арқылы бұрыннан білетін едім. Алайда өзегін өртеген өкі­ніш­терін оның өз аузынан ес­­тігенде қалың ойда қалады екенсің. Осындайда Шерағаңның «Сондай бір жұлдыз болған. Жабылып жүріп өшіргенбіз...» деген шерлі сөзі еріксіз еске түседі.

«Жарайды, жастықтың әсер­і­нен жаңылыс басқан шығармын. Ал театрдан қуылғанда мына бала қайда кетті деген жанашыр табылмағанын түсінбеймін. Дү­рілдеген шағымда арқамнан қаққан ардақты ағаларымның бастан сипап, бауырға тартудың орнына, соңдарынан ерген біз пақырды бәсекелес санап, қырын қарағандары қатты қынжылтты. Осының бәрі жүйкемді әбден жұқартты. Қазір де жүрегім қан жы­лайды. Неге осылай болды?...» Мәскеуді мойындатып, Ла Скаланың талғампаз көрер­мендерін тамсантқан тау тұлға осылай опынады. Ақыры сахнаны аңсаған сағынышын баса алмаған ағамыз алпыстың асқарына жетер-жетпестен аһ ұрумен өмірден өтті.

Сыр-сымбатымен, сың­ғыр­лаған даусымен сахнамыздың сәні болуға лайық екінші бір дара дарын Жұлдыз Баймолдина да қызғаныштың қызыл итіне таланып, операдағы ойып алар орнынан ертерек айырылғанына қалай қапаланбассың?

Бұдан үш-төрт жыл бұрын бірнеше халықаралық конкурс­та топ жарған белгілі баритон Сүндет Байғожин «Астана опе­рамен» аяқастынан қош айтысты. Себебін ішіміз сезеді. Әйтеуір жай кетіс емес. Кейінірек Қостанай облыстық филармониясын бас­қарды. Әйтсе де әйгілі әнші ше­неуніктік шекпенін тез шешті. Бүгінде бұл жігіттің қайда екені маған беймәлім. Әрине, қарап жүр­меген болар. Бірақ мұндай зор мүмкіндікке ие әйдік әртістің орны үлкен сахна екені талас тудырмаса керек.

Рас, таланттар кейде тарпаң мінез танытады. Еліне еркелеп, еркіндеу жүргісі келеді. Соған сірә, мәдениет мекемелеріне жетек­шілік ететін атқамінер азамат­тардың түсіністікпен қарағаны жөн-ау.

Тұлпарды тұсамас болар. Өйт­кені өрен жүйріктер қораға қамап бағар қой торысы емес...