15 Қаңтар, 2016

Ізгі ой, игі бастама

286 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ERA_5863+«Елбасының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» тақырыбында жарық көрген мақаласы Ұлт Жоспарын жүзеге асыруға жалпыұлттық қозғау салды. Бұл, шын мәнісінде, қоғамдағы барлық саланы жандандыруға бағытталған «жол картасы» немесе іс-қимылдар жүйесі іспетті». Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Наталья Калашникова осылай деді Оның айтуынша, бұл мақалада елді ілгерілетуге жол ашатын нақты тетіктер көрсетіліп, маңызды бағыт-бағдарлар айқындалған. «Жаңа жылдың қарсаңында Мемлекет басшысы «Ұлт Жоспары – 100 нақты қадамды» жүзеге асыруға сеп болатын бірқатар Жарлықтарға қол қойды. Бұл Тұжырымдама қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту мен дамытуды көздейді. Онда жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтудағы жаңа мүмкіндіктер мен тетіктер көрсетілген», – деді Н.Калашникова. Сондай-ақ, ол Қазақстан халқы Ассамблеясын 2025 жылға дейін дамытудың жаңа Тұжырымдамасына сәйкес, жұмыстың жаңа институттық бағыттары айқындалғанын, бұл ең бірінші кезекте, Мемлекеттік тілдің ұлттық корпусы және «Мың бала» секілді жобаларды одан әрі тиімді жүзеге асыруға ықпал ететінін жеткізді. Мәселен, «Мың бала» жалпыұлттық мәдени-ағартушылық жобасы аясында барлығы 235 мыңға тарта бала қатысқан 7863 іс-шара өткізіліпті. Шаралардың нәтижесінде 44 мыңға тарта жасөспірім мемлекеттік тілді оқып, үйренген. «2015 жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы, «Ұлт Жоспары – 100 нақты қадамды» қолға алу жылы. Бұл жыл 5 институттық реформаға қажетті кең әлеуметтік базаның қалыптасуына және қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайтуға ықпал етті. Жалпы алғанда, алдағы уақытта жүзеге асырылатын реформалардың құқықтық негізін жандандыру жүзеге асырылды. Мәселен, 50-ден астам нормативті-құқықтық актілер қабылданды, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға өзгертулер енгізілді, бірінші рет заңдық тұрғыда «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы бекітілді, «Қайырымдылық туралы» Заң қабылданды», – деді «Қоғамдық келісім» республикалық мем­лекеттік мекемесінің директоры. Осылай деген ол алдағы уақытта біртектілік және бірлік сипатындағы барлық жұмысты Қазақстан халқы Ассамблеясының айналасына шоғырландырып, іске асыру көзделіп отырғанына, себебі Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қазақстандық даму жолының» және «Бейбітшілік моделі мен қоғамдық келісімнің» өзегі екеніне тоқталды. «Әлеуметтік сауалнамалар жүргізудің қорытындысы бо­йынша ел тұрғындарының 98 пайы­зы «Біз – Қазақстан азаматымыз!» деген ұстанымға мақтанышпен қарайтынына, халықтың 94,2 пайызы «Мәңгілік Ел» жалпы­ұлттық патриоттық идеясы құндылықтарын қолдайтынына, ал 92,8 пайызы Қазақстанда­ғы этносаралық келісімді сақ­тау мақсатындағы мемлекеттік саясатқа оң көзқараспен қарай­тынына көз жеткіздік», деді ол өз сөзінде. Брифинг барысында биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл толатыны, сонымен қатар, осы жылы 5 институттық реформа белсенді түрде жүзеге асырыла бастайтыны, жалпыұлттық жобалардың іске асырылуында негізгі рөлді Қазақстан халқы Ассамблеясы иеленетіні айтылды. Мәселен, бір ғана «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасы аясында бүгінгі күнге дейін 20-ға тарта іс-шара атқарылған екен. Ал «Тайқазан. ҚХА – 20 игі іс» жобасына 4,5 мың елді мекен қамтылып, оған 2,9 млн. адам қатысқан. Соғыс және тыл ардагерлері, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар «Қамқор» акциясы аясында 413 млн. теңге көлемінде қаржылай көмек алса, 300-ге тарта дімкәс балаға 41 млн. теңге мөлшерінде медициналық көмек көрсетілген. «2016 жылы осындай сипаттағы игі шаралар өзінің жалғасын таба бермек. Мемлекет тарапынан қолға алынған барлық шаралар «Ұлт Жоспары – 100 нақты қадам» шеңберінде, оның ішінде елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сақтауды негізге ала отырып, жү­зеге асырылатын болады», деді Н.Калашникова. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.