15 Қаңтар, 2016

Жаңа қазақстандық арман – бүкіл халықтың арманы

489 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
02.jpg-02-09Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында бес мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі мәселелерді қарамас бұрын Төраға Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық Қазақстан арманға бастайтын жол» атты бағдарламасына қатысты өз пікірін білдірді. Қ.Тоқаев әуелі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты кең ауқымды бағдарламасының Қазақстанның қазіргі замандағы дамуы үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, Ел­басының жаңа еңбегіне отандас­тарымыз қызу қолдау көрсетуде және халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағасын алып жатыр. Төраға «Елбасы ұсынып отырған жаңа қазақстандық арман – бүкіл халықтың арманы» екенін атап өтті. Сенат Төрағасы Елбасы өзінің бағдарламасында Ұлт Жоспарын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету бойынша Парламент пен Үкіметтің бірлесіп жүргізген кең ауқымды жұмысын жоғары бағалағанына назар аударды. «Алдымызда тұрған міндеттерді жүзеге асыру – Қазақстанды, оның экономикасын, жалпы мемлекет пен қоғамды түбегейлі өзгертетін тарихи міндеттерді шешуге даңғыл жол салатыны сөзсіз. Жаһандық әлемде қалыптасып отырған құбылмалы жағдайға қарамастан, жаңғыртудың кешенді шараларын іске асыру баршамызға айрықша жауапкершілік жүктейді. Осы орайда, Сенат депутаттары Елбасы тапсырмаларын орындауға белсене қатысады деп мен кәміл сенемін», деді Қ.Тоқаев. Отырыс барысында сенаторлар бірқатар ұйымдастыру мәселелерін қарады. Палата Қайрат Ищановты өз өтініші бойынша Сенат Төрағасының орынбасары лауазымынан босату туралы қаулы қабылдады. Палата Төрағасы Қ.Тоқаев Төрағаның орынбасары лауазымында төрт жыл бойы жемісті еңбегі үшін Қ.Ищановқа алғыс айтып, сенатор «өзінің бай тәжірибесін, білімі мен күш-жігерін заң шығару ісіне пайдалана отырып, әріптестері арасында беделге ие болды», деп атап өтті. Қ.Ищанов Қаржы және бюджет комитетінің құрамына сайланды. Палата Төрағасының ұсы­­нысы бойынша Сергей Громов Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары болып сайланды. Одан басқа, сенатор Төлеубек Мұқашевтың Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетіне ауысуы туралы шешім қабыл­данды. Сенат отырысында халық­аралық төрт құжат ратифиция­ланды. Палата Азия Инфрақұры­лымдық инвестициялар бан­кі келісімінің баптарын ратификациялау туралы заңды қабылдады. Азия Инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (АИИБ) қызметінің негізгі бағыты инфрақұрылымға және басқа да өндірістік секторларға инвестициялар салу жолымен Азиядағы экономикалық дамуға, әл-ауқатты жасауға және инфрақұрылымның өзара іс-қимылын жақсартуға жәрдемдесу болып табылады. 2015 жылғы 29 маусымда Бейжіңде қол қойылған келісімге сәйкес, Қазақстан АИИБ-нің құрылтайшы мемлекеттері қатарына ене­ді. Қазақстанның АИИБ капиталындағы жалпы үлесі 729,3 миллион АҚШ долларын немесе 0,7293 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіштер бойынша біздің еліміз 37 өңірлік мүшелер арасында 17-ші орынды иеленеді. 2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру жөніндегі Республикалық бюджет комиссиясының 2015 жылғы 8 тамыздағы отырысында мү­шелік жарналарды төлеуге қажетті қаражаттың жыл сайынғы сомасы 5 396,45 млн. теңге болып мақұлданды. Құ­­жатты ратификациялау инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға Қазақстанға ұзақ мерзімді несиелік ресурстарды әкелуге мүмкіндік береді. Жан-жақты талқылай келіп, сенаторлар Қазақстан мен Халықаралық Қайта құру және даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Өнімді инновацияларды ынталандыру жобасы) ратификациялау туралы» заң жобасын қарады. Қазақстан мен Халықаралық Қайта құру және даму банкі арасында қол қойылған келісім еліміз үшін жоғары сапалы, өзекті зерттеулер жүргізуді және технологияларды коммерцияландыруды ынталандырады. Құжат ғылыми-зерттеу институттары, жобалау бюролары мен инженерлік және ғылыми бейіндегі зерт­ханалар арасындағы ын­тымақтастықпен байланыс­ты құқықтық қатынас­тар­ға қолданылады. Келісім­де ғылыми қызметкер­лер топ­тары үшін гранттар, постдокторанттар­дың зерт­теулері мен тренингтерін қолдауға арналған гранттар беру, технологиялық жеделдету кеңселерін құру мен оларды басқару және Қазақстанның ірі университеттерінде технологиялар трансфертінің тиісті кеңселерінің әлеуетін арттыру белгіленген. Жобаны қаржыландыруға жалпы шы­ғындар сомасы 110 миллион АҚШ долларын құрайды, оның ішінде 88 миллион АҚШ доллары – Халықаралық Қайта құру және даму банкінің қарызы. Республикалық бюджеттен қарызды қосымша қар­жыландыру 22 миллион АҚШ долларын құрайды. Жо­баны 2020 жылғы 31 жел­тоқ­санда аяқтау жоспарланып отыр. Сенаторлар Білім беру саласындағы кемсітушілікке қарсы күрес туралы конвенцияны да ратификациялады. Конвенция 1960 жылғы 14 желтоқсанда Парижде қабылданған. Құжаттың мақ­саты адам құқықтарының жаппай сақталуын және бар­лығының білім алуға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ұлттар арасындағы ынтымақтастықты орна­туды, сондай-ақ білім бе­ру саласындағы кез келген кемсітушілікке жол бер­меуді және осы саладағы жал­пыға бірдей мүмкіндіктер мен барлығына тең қарым-қатынастарды көтермелеуді көздейді. Конвенцияда «бі­лім беру саласындағы кем­сітушілік» ұғымы ашылады, кемсітушілік ретінде қарастырылуы мүмкін іс-қимылдардың нақты тізбесі беріледі, мүше мемлекеттер білім беру саласындағы кемсітушілікті жою немесе алдын алу мақсатында оларды орындауы тиіс бірқатар іс-шаралар санамаланады, сондай-ақ діни және ұлттық азшылыққа жататын адамдар үшін білім беру саласындағы кепілдіктер де баяндалады. Қазақстан мен Қырғызстан­ның үкіметтері арасындағы мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келі­сімге өзгеріс енгізу туралы хаттама да ратификацияланды. 2003 жылғы 25 желтоқсанда қол қойылған екіжақты келісімге сәйкес Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасында 1 теміржол және 11 автокөлік өткізу пункті орнатылған. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келі­сімге өзгерістер енгізу туралы 2013 жылғы 11 сәуірде қол қойылған хаттама теміржол өткізу пунктін Меркі стансасынан Шалдуар стансасына көшіруді көздейді. Көрсетілген өткізу пунктін көшіру туралы шешім тауарларды, көлік құралдарын мемлекеттік шекара арқылы өткізуді және жеке тұлғалардың шекараны кесіп өтуін оңтайландыру және ретке келтіру мақсатында қабылданды. Өткізу пунктін Меркіден Шалдуарға ауыстыру елдің транзиттік әлеуетін дамытуға жәрдемдесетін болады. Ұсынылған заң жобалары бойынша Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев қажетті түсіндірме берді. Депутаттар сенатор Тө­леубек Мұқа­шев­ты Сенат­тың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі етіп сайлау туралы ұйымдастыру мәселесін қарады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».