15 Қаңтар, 2016

Беймәлім жәндік жұмбағы

244 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
14-01-16-sushestvo-1Қостанай облысының Әулиекөл ауданына қарасты Қазанбасы ауылдық округіндегі Бағаналы елді мекенінен бұл өңірде бұрын-соңды кездеспеген түсініксіз бір мақұлық табылды. Куәлардың айтуынша, жұмбақ жәндіктің сыртқы келбеті үлкен сұр құртқа ұқсайды екен. Айналасын қалың орман қоршаған ауыл адамдары осы күндері қазан айында түсірілген көмірлерін тазартып шығып, енді отқа жаға бастаған. Сол тазарту жұмысының барысында мектепке түсірілген көп көмірдің арасынан көлемі кәдімгі бөлке нанға жете­қабыл жұмыртқа кейіпті жанды зат шыға келген. Кейінірек бажайлап қарағанда, табылған жәндіктің сыртқы қабығы желімдей жабысқақ екені де анықталған. Тіпті, жұмыртқаға да ұқса­майтын сияқты. Оның ішінен сосын ұзындығы 20 сантиметрдей болатын құртқа ұқсас бір мақұлық шығыпты. Бұған қайран қалған жұмысшылар әлгіні тездетіп мектептегі еңбек кабинетіне әкеліп, түр-сипатын анықтап көру үшін үстіне су құяды. Сол кезде мақұлықтың құйрық жағы үрленіп, біртіндеп қимылдауға көшеді. Таяқпен түртіп қалғанда, жәндік өзінің бастапқы сұрғылт түсін бірден көгілдір бояуға өзгертіп шыға келген. Әлгінің аузында кішкене азу тістері бар көрінеді. Ауылдық округ әкімі қаладағы ғылыми-зерттеу институтына хабарласуға кеңес беріпті. Бұған көңілдері толмаған ауыл тұрғындары: «Сонау жер түбіндегі біздің елді мекенге оқымыстылар осы үшін арнайы атбасын бұрып келе қоймайтын шығар», – деп енді ешбір әрекетсіз отырған көрінеді. Сосын сол жерде жұмыс жасайтын Гена атты жігіт жұмыртқаны да, әлгі мақұлықты да үйіне алып кеткен екен. Руслан ИГІЛІК.