15 Қаңтар, 2016

Қаңтарда бәйшешек гүлдеді

290 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
2234_okoОңтүстікқазақстан­дық­тар жаңа жылды қы­лау­лап жауған қармен емес, себезгіден себелеген­дей жаңбырмен қарсы алған. Қазір де күн жылы, бәй­шешек гүлдеп жатыр. Таңер­теңгілікте жұрт үстіне не ілерін білмейді. Солтүстік облыстарды қасат қар басып, қарға адым жер көрінбей, жолдар жабылып жатқанда оңтүстіктегілер түске таман кәстөмге көшіп, тіпті, жейде киетіндер де жетерлік. Асанбай Асқаров атындағы дендробақта ағаш­тардың түр-түрі өседі. Қайың, сәмбі тал, қарағаштар бүр жара бастады. Кейбір үйлерде шие гүлдеген. Шымкенттің қыз-келіншектеріне обал-ақ болды. Түгі жылтыраған құндыз ішіктерін бір кие алмай арманда жүр. Араб Әмірліктерінде мұз­дан тұрғызылған алып сарай бар дейді көргендер. Туристерді магниттей тартатын Дубай әлемнің қыс түспейтін жылы нүктесінде орналасқан. Бі­рақ ақшалы, ақылды қала. Канада сияқты мемлекеттерден қар әкеліп қатырып, мұз қала салады. Ішінде бәрі бар. Қа­ласаңыз мұздан қаты­рыл­ған шынаяқпен кофе іше аласыз. Шейхтар қалың киі­ніп, құндыз ішік киген ке­ліншектерін шұбыртып аралап жүреді дейді. Қыс қызығын осылай елестеді әрі әйелдерінің құндыз ішікпен құлпырып жүруіне жағдай жасайды. Ал, күні күліп тұрған Шымкенттің жігіттері қосақтарының алдында ұятты болып жүр. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.