15 Қаңтар, 2016

Асық пішіндес автокөлік

236 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
асык-2«Ел іші – өнер кеніші» деген рас сөз. Жұртшылықтың арасында түрлі өнерді меңгеріп қана қоймай, өз ойымен жаңа дүниелер құрастырып шығаратын азаматтар бар. Кеңес өкіметі қирап, Тәуелсіздіктің елең-алаңында талай дүниенің қадірі қашып кетті ғой. Сонда кеңшардан қалған көліктердің де тек қаңқасы қалған кезең болды. Ауылдағы Жұманазар деген ағамыз Газ-53 көлігіне трактордың моторын қойып жүргізгенде ағайынның бәрі айран-асыр таң қалған. Мұның өзі өнертапқыштық. Ал, қызылордалық Ақдидар Әбдіхалықов отандық көлік өндірісін қазақы нақышпен көмкеріп, дамытуға ниет қылып отыр. Ол қазақстандық брендтердің бірі ретінде ұлттық құндылықтарымызбен астастыра отырып темір тұлпар жасағысы келеді. Ойы ұшқыр жігіт қазірде асық пішіндес көліктің үлгісін дайындап қойды. Оны «Асықпа!» деп атаған. Ақдидар бұл үшін бір жылдай еңбектеніпті. Тіпті, өзінің жеңіл автокөлігін сатып, қаражатын осы тың дүниені жасауға жұмсаған. Автордың айтуынша, көліктің қаңқасын ағаштан иіп, былғарымен қаптап шыққан. Ою-өрнекпен көмкеріп, қыран бүркіттің де бейнесін ұтымды үйлестіре білген. Жылдамдық тетігін қамшыға, орындықтарын асыққа ұқсатқан. Енді ол өз қолынан шыққан жаңа көлік дизайнын патенттеп, Елбасына сыйға тартуды армандап жүр. «Орындықтары да асық үлгісінде жасалған. Қамшы – ол да біздің қазақтың киелі бұйымының бірі. Сол қамшыны жылдамдық тетігіне орнаттым. Қазақы ұғымда қамшыны мақтаныш тұтып, қайсарлықтың, қайрат пен қуаттың символы ретінде қарайды ғой. Сол себепті оны да қолдандым. Ал, рөлін электрондық түймешемен келтірдім»,– дейді Ақдидар Әбдіхалықов. Асық пішіндес «Асықпа» авто­көлігін өндіріске жіберсе болатындай. Ою-өрнекпен көмкерілген, қыран бүркіті қалықтаған көлік мініп жүрсек, жарасымды емес пе?! Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». ҚЫЗЫЛОРДА.