15 Қаңтар, 2016

Жол бойы сервисіне серпін береді

430 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
doroga(4)Шүкір, қазір жыл сайын жол жағдайы жақсарып келеді. Об­лыс аумағынан 1894 шақырым рес­­пуб­ликалық дәрежедегі қатты жамыл­­ғылы жол өтеді. Соның 658 шақы­рымы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі болып табылады. Ендігі мә­селе осы жолдардың бойында ха­лық­­аралық стандарттарға сай сер­вис­тік қызметті дамыту болып отыр. Облыстық әкімдікте өңір бас­шысы Бердібек Сапарбаев, «Қазав­то­жол» ҰК» АҚ басқарма төр­ағасы Ермек Қизатов, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері және облыс кәсіпкерлері тарапынан жол бойы сервистік қызметін дамыту жөніндегі төртжақты мемо­рандумға қол қою рәсімі болды. Шараны кіріспе сөз сөйлеп ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі жолдардың жағдайына тоқталды, 2016 жылы «Ақтөбе – Атырау» тасжолын жаң­ғырту бас­талатынын, «Астана – Ар­қалық – Ақтөбе» тасжолының құры­лысын жүргізу де шешімін табу­да екенін жеткізді. Сондай-ақ, «Ақтөбе – Ор» тасжолын күрделі жөндеу де ойластырылып жатқа­нын айтты. – Біздің өңірден өтетін 1894 шақырым республикалық маңыз­дағы жол бойында небәрі 170 сер­вистік орталық бар. Солардың өзі халықаралық стандарттарға сай келмейді. Сондықтан күре жол­дың бойында заманауи сервис­тік қызметті дамыту күн тәрті­бін­дегі өзекті мәселе болып отыр. Бұл бағыт­т­ағы жұмысты нақты­лау үшін жол бойы сервисін дамыту­дың өңірлік картасы жасалып, жұмыс тобы құрылып, қай жерде қандай қызмет орналасуы керек­тігін анықтау керек. Біз өз тарапы­мыздан жер бөлуге, инфра­құрылым жүргізуге қолдау көрсе­теміз. Бір сөзбен айтқанда, қолда­ныстағы және салынып жатқан жолдарды тиімді пайдалануымыз қажет. Бұл – Елбасы тапсырмасы. «Биз­нестің жол картасы-2020» мем­лекеттік бағдарламасы бойынша бұл мақсатқа 100 миллион тең­ге бөлінді. Бұл жұмыс одан әрі жал­ғасын табады, – деді өңір басшысы. Өз кезегінде «Қазавтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ер­мек Қизатов 2015 жылы 2 мың шақырым жол салу қолға алынып, соның 620 шақырымы пайдалануға берілгенін, 2016 жылы да 2 мың шақырым жол салынатынын жеткізді. Ол сон­дай-ақ, жол бойындағы сервистік орталықтарға кіреберіс жолды асфальттауға, оның айналасын, демалыс аумағын тазалауға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмек берілетінін айтты. Жалпы, жол бойындағы сервистік қызметті халықаралық стандарттарға сай келтіруге байланысты кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанынан хабардар етті. Қазір жұмыс істеп тұрған сервистік орталықтардың 75 пайызы халықаралық стандарттарға сай келмейтінін айта келіп, олардың жабылмайтынын, қазақстандық стандартқа сай келетіндей қайта жарақтандырылатынын атап өтті. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.