15 Қаңтар, 2016

Еңбектің көзін тапқан – бақыттың өзін табады

656 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Шөбі шүйгін, құдық суы тұщы Қызылқұмның жайлауы қайбір жылдары мыңғырған малдан ада болып, жетімсіреп қалғандай еді. Сәті туып Үкімет мал шаруашылығына қайта мойын бұрды, жайлымдарды игеруді қолға алды. Осы оң игіліктің әсері болар, Сыр өңірінде мал шаруашылығы қайта көтерілді. Әсіресе, Жаңақорған ауданы төрт түлікті түгел өрістетіп, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Өткен қой жылының көктем айында мал шаруашылығы мамандарының облыстық байқауын өткізіп, арқа-жарқа болысқаны бар. Атакәсіпке қайта ұмтылыс кезінде жолымыз бір қиырдағы Қашқанкөлге түсе қалғаны. Мұнда киелі кәсіптен қол үзбеген үлкен отбасы бар. Кешегі қым-қуыт кездері таршылыққа мойымай, бір бас малды екі бас етіп, қойды өз төлінен көбейтіп алғандардың бірі осы Әлібековтер отбасы алыстан ойлайтындардың қатарынан екен. Екімыңыншы жылдарғы қатал қыстарда ұйқы көрмей, туылған қозылардың аузын үрлеп, жылы кепеге тасып жүретін ерлі-зайыптылар бұл күндері қой-ешкісінің санын бір отардан асырды. Қазір аудандағы белді шаруашылық ретінде қалыптасқан «Әлібек» шаруа қожалығы уақ малмен қатар ірі қара мен жылқының да басын молайтты. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген аталы сөздің мерейі осы да. Жастары сексенді алқымдап қалған қариялар тізгінді бұл күндері кенже баласы Мақсатқа берген. Ол келіншегі Бибігүл екеуі ата жолын сәтімен жалғастырып, лайықты алып келеді. – Мал қыстатуды ауылдан жиырма бес шақырым жердегі қыстауымыз «Тұрыста» өткізіп жатырмыз. Биылғы қыс оншалықты қатал емес, жауын-шашын мол болғандықтан шөп жұмсақ, мал тойымды. Оның үстіне қысқа қажетті мал азығын да жетерліктей етіп қора басына жинап алғанбыз, – дейді шаруа қожалығының төрағасы Мақсат Әбсадықұлы. Айтса айтқандай, ұжымда МТЗ-80, ДТ-75 тракторлары бар. Қажетті орақ, тырма, шөп тайлаушы секілді құрал-жабдықтары да жетерлік, тасымал көліктерінен қам жоқ. Шаруашылық малы үшін құнарлы мал азығын дайындайтын егістік алқаптары да күтімде. Қыстау басындағы мал күті­мінде Бақыт Төлеубеков, Аманқыз Нақыпбекова, олардың балалары Думан мен Ынтымақ аянбай еңбек етіп жүр. Ауызбірлікпен түсініссе еңбек еткен жерде береке де болады, молшылық та серік екендігі бесенеден белгілі. Айлық жалақылары уақтылы, азық-түлікпен қамтамасыз етіл­ген. Оның үстіне жастайынан мал шаруашылығымен көзін аш­қан жастар емес пе. Мал емдеу жұ­мыстарын мал дәрігерлері Пірман Ералиев пен Болат Биғазиев­тер­дің уақтылы әрі сапалы атқара­тындығына да ризалығын танытып жатты шаруашылық иелері. Еңбектің көзін тапқан – ба­қыт­тың өзін табады, Мақсаттың келін­шегі Бибігүл де бір тынбайды, ауыл маңындағы сауын сиырларды бір өзі сауып, айранын ұйытып, құрт жаяды. Есептей беріңіз, құрттың бір келісі 1500 теңге болғанда, айына 40-50 келі өнім өткізіп отырсаңыз қолың да майлы, ауыздың салымы болғаны емес пе. Міне, нарық талабын түсініп, пайдалы еңбек ету деген осы. – Қарағым, – дейді шаңырақ иесі Әбекең қария – Жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер, деп әкелеріміз айтып отырушы еді, сол сөзді өзіміз де айтатын болдық. Шүкіршілік, балалар істі жалғастырып алып кетті. Қолдағы перзенттеріме рахмет, оларға қаладағы балаларым Бақыт пен Марат, осындағы Бейсенбай бәрі де керек кезінде қолқабыс жасайды. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Біз кемпір екеуміз, жиын-тойлардан қалмай қыдырыстап, үйде болсақ теледидар мен газет оқимыз. Облыстық «Сыр бойы» келгенше асығып отырамыз. Елбасының «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласын оқып, оның мәнісін балаларыма айтып отырамын. Осы кезде жеңгемізде үн қосты: көкең қазір саяси насихатшыға айналды. Көрген-білгендерімен қоса, еліміздегі соңғы жаңалықтарды балалары мен немерелеріне ежіктеп түсіндіріп отырғаны... Иә, мал қыстатумен тың­ғылықты айналысып отырған «Әлібек» шаруа қожалығы ертеңге төл түсімінің де нәтижелі болуын ойластыруда. «Мал өсірсең – қой өсір, пайдасы оның көл көсір» демекші, еңбектің азабын тата білген, оның ғажабын да тата біледі деген емес пе. Нұрмахан ЕЛТАЙ. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қашқанкөл ауылы.