15 Қаңтар, 2016

Арқада әк зауыты тұрғызылмақ

483 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Аким-6Қарағанды облысында өндіріс саласына инвестор тарту ісі сәтімен жүргізіліп келеді. Мұның жарқын мысалы өңір басшысы Нұрмұхамбет Әбдібековтің бельгиялық аса ірі «Carmeuse» компаниясының басшысы Рудольф Коллинетпен кездесуі барысында көрініс тапты. Кездесу барысында облыстың Осакаров ауданында жоғары сапалы әк өндіретін зауыт салу жобасы жан-жақты талқыланды. Жоба металлургиялық, химия­лық және тағам өнеркәсібі кәсіп­орындарының қажеттілігін қамтамасыз ететін бірінші сұрыпты әк өндіру бойынша өндірістік кешен құрылысын салуды көздейді. Кешен құрылысына 8 млрд. теңге көлеміндегі инвестицияны Carmeuse Group компаниясы салмақшы. Өңірлік индустрияландыру картасына енетін бұл жоба іске асқанда 105 адам жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілетін болады. Жобаның инновациялық мәні мынада: қолданылатын технология реакциялық қабілеті жоғары және тұтынушының техникалық талаптарына бейімделе алатын бірінші сұрыпты жеңіл және қатты күйдірілген әк өндіруге мүмкіндік береді. Жалпы, Carmeuse Group тобы дүниежүзі бойынша ондаған зауыттары бар, әк өндіру саласында әлемдегі көшбасшылардың бірінен саналатын трансұлттық корпорация. Дәл қазіргі жағдай тұрғысынан алып қарағанда, шетелдік мұндай іргелі кәсіпорынның облысқа инвес­тиция құймақ ниеті бек қуан­тарлық жайт. Мұның өзі облыс бас­шылығының өңірге инвес­торлар тарту саясатын тиімді жүр­гізіп отырғанын көрсетсе керек.  Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.