15 Қаңтар, 2016

11 миллиард теңге

243 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
_DSC0016инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған инвестиция Еуропа қайта құру және даму банкі шығыс өңірінде құны 11 млрд. теңгені құрайтын жобаларды жүзеге асырады. Облыс орталығында өткен екіжақты кездесу барысында өңір басшысы Даниал Ахметов пен Еуропа қайта құру және даму банкінің Орта­лық Азия және Ресей инфра­­құ­рылымы бойынша дирек­торы Екатерина Мирош­ник аталған несиелік келісімге қол қойды. Қол жеткізілген келісімшарт­тарға сәйкес, Еуропа қайта құру және даму банкі Семей қала­­сын­дағы «Семей су арнасы» және «Жы­лу­коммунэнерго» кәсіп­­орын­­да­рының жобаларын қаржы­­ландыр­мақ. Яғни, Семей қаласын­­дағы орта­лық жылу және су құбыр­лары жүйелері жаңғыртылады. Бұл жобалар бойынша Қазақ­стан Респуб­ликасының Үкіме­ті де өз кезе­гін­де «Нұрлы Жол» инфра­құры­лым­ды дамыту мемлекеттік бағдар­ла­масы аясында жеңіл­детілген қар­жыландыру қаражатын бөледі. Ұсынылған инвестициялар кәсіп­орындарға әбден тозығы жет­кен жылу және су құбырлары желі­лерін қайта жөндеуге, сорғы­ стансаларын жаңғыртуға бағыттал­ған жұмыстарды жүргізуге мүмкін­­дік береді. Сондай-ақ, заманауи­ құ­рал-жабдықтарды, автомат­тан­дырылған басқару жүйесін сатып алуға, орнатуға және жылу мен суды тұтыну есебін жүргізе­тін құрал­дарды орнату бағдарлама­сын жалғастыруға да жол ашады. Осы арқылы энергияны тиімді пайдалануды арттыру, экологиялық талаптарды жақсарту, ресурстарды тұтынуды оңтайландыру мен шығындарды азайтуға қолайлы жағдай қалып­тастыру көзделіп отыр. – Еуропа қайта құру және даму банкінің негізгі басымдықтарының бірі табиғат ресурстары мен энергия қуатын тиімді пайдалануға бағытталған. Осы орайда біз Қазақстанмен «жасыл экономика» жобасын дамытуда, сол сияқты, Семей қаласында суды үнемдеу мен энергия тұтынудағы шығындарды азайтуға ықпал ететін жаңғырту жобаларын жүзеге асыруда тығыз жұмыс істейміз, – деді банк өкілі Екатерина Мирошник. Ал облыс әкімі Даниал Ахме­тов Президент Жолдауында мін­деттелген межелерді жүзеге асыру барысында мемлекет-жекеменшік әріптестігін ұйымдастыруға, қаржы институттарын тартуға басымдық берілетінін жеткізді. Қазіргі кезде облыс әкімдігі Еуропа қайта құру және даму банкінен жалпы көлемі 171,1 млрд. теңгені құрайтын қаражатты өңірдегі маңызды жобаларға тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Оның ішінде Өскемен мен Семей қалаларына тиесілі 5 жобаға үлкен назар аударылып отыр. Бұл жобалардың жалпы құны 16,9 млрд. теңгеге тең. Сонымен бірге, 2016 жылдың алғашқы жартыжылдығында Өскемен мен Семей қалаларында энергия үнемдеу үшін көше шамдарын ауыстыруға арналған және Өскемен қаласында сумен қамту жүйесін жаңғырту, су тартуға бағытталған жалпы құны 5,9 млрд. теңгені құрайтын тағы 3 несиелік келісімге қол қойылады. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы.