15 Қаңтар, 2016

Ұлы Дала ойшылы

788 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Әр дәуірдің, заманның, ұрпақтың өзіне тән проблемаларын айта алатын, ауыртпалықтарын көтере алатын алып тұлғалары болады. Көпшілік халық оларды тыңдайды, айтқанын басшылыққа алады, мақтанады. Біз­дің Әбіш аға да сондай, Қазақ елі сөзін тыңдайтын, мақтанатын нар тұлғалардың бірі еді. Мейлі сая­сатта болсын, әдебиетте болсын, мәде­ни­ет пен өнерде болсын Әбекеңнің өзінің ерекше орны бар еді. Қоғамды толғандырған мәселелер туралы ел Әбекең не айтар екен деп отыратын. Білгір саясаткер, тарихшы, атақты жа­зушы, көсемсөз шебері, ақыл-ой алы­бы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш ағамыз өзінің бүкіл саналы ғұмы­рын өз ұлтына, мемлекетке, халқына қыз­мет етуге арнады. Әбекең мінезге бай, өте байсалды, қарапайым, кішіпейіл, терең ойланып сөйлейтін, сөзге шешен, топ бастайтын көсем еді. Маған Әбіш ағамыз қа­зақ­­тың атақты билерінің біздің за­ма­ны­мыздағы абыз өкілі сияқты көрінетін. Ел тәуелсіздігінің қиын кезең­­дерінде Әбекеңнің те­рең толғанып, халыққа арнап жазылған публистикалық тол­ғаулары, сөздері, ұсы­ныстары, ұлы билердің көп­шілік – халыққа айтқан шешімдеріндей естілетін. Ата газетіміз – «Егемен Қазақстан» газеті арқылы Әбекеңнің толға­ныстарын оқыған қазақтың рухы, еңсесі көтеріліп, алға, жасампаз істерге ұмтылатын. Ұлы адамдар қарапайым келеді дейді. Әбекең де сондай қарапайым еді. Біз Әбекеңмен депутаттар үйінде көрші болып 8 жылдай тұрдық. Бәрімізге, келіндерге, балаларға, немерелерге кездесе қалып сәлемдессе «Ой, айналайындар!» дейтін. Әңгімелесіп отырып, бір ше­шілсе, сөзді терең тарихтан толғап, жер қойнауынан буыр­қанып, атқылап жатқан бұлақтай көсіліп сөйлеп, әңгіме тиегі ағытылатын еді. Осындай парасаты биік, періште адаммен қатар жүр­геніміз, сыйлас болғанымыз, аға-іні ретінде араласқанымыз, бірге Парламент Сенаты депутаты болып, бір үйде тұрғанымыз біз үшін бақыт деп есептеймін. Әбекең жүрген жерінің бәрінде Қазақ ұлтына, Қазақ тарихына байланысты із қал­дырып жүреді. 2002 жылы мен Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы әкімі қызметін атқарып жүрген кезімде Әбекең Сайрам ауданына іссапармен келді. Қасында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев және «Егемен Қа­зақ­стан» республикалық га­зеті» акционерлік қоға­мы­ның президенті Сауытбек Абдрахманов бар. Ол кезде Әбекең Мемлекеттік хатшы лауазымында болатын. Түскі ас кезінде Әбекең маған: «Қуаныш, Мәртөбенің жағдайы қалай, орнында ма? Өзбекстанда қалған Орта Шыршықтағы Күлтөбе сияқты өзбек ағайындар тегістеп, егін егіп жіберген жоқ па? Ол төбенің қазақ тарихында алатын орны ерекше ғой! Мәртөбені көрейік, басына шығып, рахаттанып бір демалайық», деді. Шымкент қаласының оң­түс­тік шығысындағы 10-15 шақырым жерде орналасқан ескі Сайрам шаһары мен сол маңдағы Мәртөбенің қазақ тарихында алатын орнының ерекше екендігі жөнінде Әбекең өзінің 1982 жылы жарық көрген «Үркер» романында жан-жақты тоқталған болатын. Алайда, өткен ғасырдың 80-ші жылдары салынған «Газли-Шым­кент-Алматы» газ құбырының осы Мәртөбенің жанынан өтуі және жерді жекешелендіру кезінде тарихи орындардың сақталуына мән бер­меудің салдарынан Мәртөбенің етек жағы кесіліп, Әбекең айтқандай өзбек ағайындар егін еге бастаған екен. Мен 1999 жылы ауданға әкім болып келген бетте Мәртөбені қоршатып, одан то­пырақ алуды, қазу жұмыстарын жүр­гізуді тоқтатып қойған болатынмын. Түскі шайдан соң Мәртөбеге келдік. Төбесіне шығып, жан-жаққа көз тастап тұрып Әбекең: «Мынау Мәртөбе, біздің ата-бабаларымыздың, Қазақ хандарының ХVІІ-ХVІІІ ғасырда жылына екі рет: көктемде, күзде бас қосып, ақыл-кеңес құратын, құрылтай өткізетін орны болған. Мұнда қазақ­тың хандары, билері, батырлары, көсемдері мен шешендері, рубасылары жиналып, қазақтың алдағы жылғы ішкі және сыртқы саясатын ақылдасып, шешімге келетін жері болған. «Қазақтың кім екенін білгің келсе, мамыр өте Мәртөбеге кел» деген сөз содан қалған, мынау төбенің солтүстігі Қаратаумен, шығысы мен оңтүстігі Алатаумен, Қазы­ғұрт тауымен қоршалған. Тек алды ғана, батыс жағы ғана ашық, ол Түркістан жағы. Ал, мына үлкен сай – Қызылсай! Мұның ұзындығы Шымқалаға дейін 30 шақырым, мұнда 200-300 мыңдай әскер тұрған, Мәртөбе үш жағынан таумен қоршалған. Ел басшыларының кездесіп, қауіпсіз кеңес құруына өте қолайлы жер болған». Біз Әбекеңнің сөзін таспаға басып, облыстық «Оңтүстік Қазақстан», аудандық «Сайрам ақшамы» телевизиясы арқылы бірнеше рет көрсеттік. 2002 жылы аудан тарихына арналған «Шежірелі Сайрам» кітабына Әбекеңнің сөзін толық бердік. Енді сол кітаптағы Әбекеңнің сөзінен үзінді келтірейін: «Мы­на төбе қазақ тарихының гауһары. Арғы Әбілқайыр қайтыс болғаннан кейін Қазақ хандығының дұрыстап бірігуі осы арада жүзеге асқан. Қа­зақ­тың алғашқы заңдық, құқықтық жосықтары осында қамтамасыз етілген. Мұнда ең соңғы құрылтай өткізген Тәуке хан. Ол үш тараптан келген барша жұртты біріктіріп, үш жүзін үш ұлыс қылып, әрқайсысына қоныс бөліп, барлығына елтаңбаны қайта таңбалап, әрқайсының жүретін жолын, баратын өрісін, сағалайтын суын, көші-қонын Мәртөбеде белгілеген. Қазақтар жылына екі мәрте құрылтай өткізген. Біреуін күзде, біреуін көктемде. Оларда өріске байланысты жер-судың, қонысқа байланысты әрбір рудың көшуін қайтадан пысықтап отырған. Мәселен, бір жерде қатты қуаңшылық болса, сол жердегі ағайын Ар­қаға кімдермен бір­ге көшуі керек. Бұл да маңызды жайт. Халықаралық жағдайға байланысты Шығыстан Жоңғар тарапынан үлкен қысымшылықтар болып тұрды. Соған байланысты қысымшылықтарға қарсы жасалатын қарекеттердің ұлы жобасы осы арада келісіліп, кесіліп-пішілген. Сондықтан бұл Мәртөбе. Арғы мағынасы мәртебе... Мәртөбе шын мәніндегі қазақтың тарихи Парламентінің, алғашқы Пар­ламентінің орны. Мәртөбені рухани сақтау керек. Осылай түсіну керек, осылай тарихта таңбалау керек. Мен тарихты жамауға қарсымын. Тарихты жөндеу жараспайды», деп, маған қарап: «Қуаныш, айналайын, мына Мәртөбенің қалған сұлбасына ештеңе қоспаңыздар, ештеңе әрлемеңіздер, осы қалпында қалсын. Мәртөбеге жан-жағынан келетін жол салып отыратын, әңгіме-дүкен құратын, жиын өткізетін орын әзірлеп, қасиетті жердің табиғатына тиіспеу керек», деді. Сонан соң облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа қарап: «Беке, бұл жерде көктемде және күзде жылына 2 мәрте ата-баба рухына бас иіп, үлкен мәслихаттар өткізіп тұрған жөн. Ұрпақтардың бас қосуы бола ма, ақсақалдардың тәрбие, заман барысы жөнінде ақылдасуы ма? Қатып қалған ешнәрсе жоқ, бірақ ол халықтың өзінің пәтуасы болуға тиіс. Үкімет араласар, араласпас, бірақ ол билік араласатын саясаттандырылған мәслихат болмауы тиіс. Айты­латын, талқыға салатын мәселе көп. Ол қазақтың тәрбиесі. Қазақ баласының келешегі. Кәсіпке үйрену. Заман болса былай болып жатыр. Біз неден тартынуымыз керек. Жас ұрпақты неге баулуымыз керек. Осындай пәтуаны осындай жерде өткізгеніміз дұрыс. Мәртөбе қасиетті, қазақ қадірлейтін төбе. Ол Тәуелсіз Қазақстанның бір тарихи жері болып келеді. Ұрпаққа қызмет істеуі керек. Тарихи орын есебінде мұн­да туристер келіп тұруы тиіс. Қалай қарайсыз?» – деді. Бекең: «Әбеке, айтқаныңыз өте орынды, басшылыққа аламыз. Мәртөбені Сіз айтқандай үлкен тарихи орынға айналдырамыз. Келетін жол салып, абаттандырамыз. Биылдың өзінде республика көлемінде ұрпақтар сабақтастығына байланысты өзіңіздің қатысуыңызбен үлкен жиын өткіземіз», деп маған қарап: «Мәртөбені абаттандыру туралы ұсыныспен маған келіңіз, қаржы бөлеміз, екі-үш айда бітіруіміз керек», деді. Бір аптадан соң облыс әкімі Б.Са­пар­­баевты Мәртөбені абаттандыру жөнінде 2-3 эскиз-жобамен таныс­ты­рып, талқылап, одан бір эскиз-жоба құ­рап, келісімін алған соң, жұмысқа қызу кірісіп кеттік. 2002 жыл­дың тамызында «Мәртөбе» тарихи-танымдық кешені дайын болып, сол жылы қыр­күйекте еңбек ардагерлері, зиялы қа­уым, Парламент депутаттары, облыс, қа­ла, аудан әкімдері болып бас қосып Мәр­­төбеде ұрпақтар сабақтастығына байланысты үлкен, салиқалы жиын өтті. Міне, Әбекең ағамыздың жүрген жері, айтқан сөзі, бүгінгі және келешек ұрпаққа мәңгі есте қалатындай тарихи орынға айналды. Осындай мысалдарды көптен келтіруге болады. Әбекеңнің 60 жасқа толу мерей­тойының қарсаңында өзінің досы Сайын Назарбекұлы Әбекеңнің өмірі туралы 60 қысқа әңгіме жазып, әбіштануды бастап жіберген болса, нағыз әбіштану әлемі енді бас­талмақ. Осыған байланысты менде бір шөкімдей болса да өз үлесімді қоссам деп, ағамызға деген үлкен құрметпен қолыма қалам алдым. Дүниеге әкесі мен анасының баласы болып келіп, дүниеден – қазақ да­ласының данасы болып өткен қайран аға, жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, жаның жәннатта шал­қысын. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қал­дырған», деп ұлы Абай айтқандай, бү­кіл саналы ғұмырын туған хал­қы­­ның, елінің игілігі жолында жан ая­май еңбек етіп, артында өшпес із қалдырған, ғұлама ойшыл, атақты жазушы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері – Әбекең ағамыздың есімі жадымызда мәңгі сақталады.  Қуаныш АЙТАХАНОВ, Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты.