15 Қаңтар, 2016

Ұлы арманға жетелейді

362 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
direktorЕлбасының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламалық мақаласын еліміздегі барша халықты бір мақсат жолында жұдырықтай жұмылдырып, ортақ іске, ортақ болашаққа бастайтын бастама ретінде қабылдап отырмыз. Былтыр 26 сәуір күні Қазақ­стан халқы өзінің жарқын бола­шағы үшін аса маңызды, тари­хи таңдау жасап, Қазақстан Рес­публикасы­ның Президенті етіп заманның да, уақыттың да, халық­тың да таң­дауы түскен тұлға Нұрсұлтан Назарбаевты сайлаған болатын. Сайлау өткен бойдан Елбасы 5 институттық реформа жасауды көздейтін «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын ұсынған еді. Мемлекет басшысы Ұлт Жоспарында Тәуелсіз Қазақстанның болашаққа іл­герілейтін 100 қадамын нақты белгілеп, еліміздегі жаңғырту үдерісінің жаңа парадигмасын ұсынды. Ал биылғы 1 қаңтардан бастап «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды. Парламент мемлекет, экономика және қоғамды дамытуға арналған 59 заң қабылдап, ұлттық заңнамаға тарихымызда бұрын-соңды болма­ған өзгерістер енгізілді. Мұның барлығы біздің қазақстандық арманымыз – ХХІ ғасырда көшбасшы отыз ұлттың бірі болуға қол жеткізуге бағытталған. Ең бастысы, бес реформаның әрқайсысы бойынша іс-қимылдың жол картасы жасалынып, оларды дәйектілікпен жүзеге асыру жоспарланған. Мемлекетімізде жүргізілетін осы институттық рефор­малардың басты мазмұны – елді біріктіруші құндылықтарды негіз еткен «Мәңгілік Ел» идеясы. «Мәңгілік Ел» идеясы аясында қоғамда жаңаша идеологиялық сана қалыптастыру қажеттілігі туындауда. Елді біріктіруші құндылықтар дегеніміз – әділдікке негізделген азаматтық қоғам құру, білім алу, еңбексүйгіштік, зайырлылық пен төзімділік, адамшылық, иман­ды­лық. Елбасы «Елді біріктіруші ортақ құндылықтарды этностық мінез-құлық модель­дерінен жоғары қоюға қол жеткізуіміз керек» деген болатын. Азамат­тық қоғам да осындай ортақ адам­заттық құндылықтарға сүйе­не құрылуы қажет. Осы ретте «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген данышпан хакім Абайды тыңдағанымыз жөн. Мұндағы басты идея – еліміз­дегі ұлттарды біріктіретін ортақ, біртұтас болашаққа қадам басу. Қазақ халқы мемлекетті құраушы ұлт ретінде «Біртұтас болашақ» идеясы аясында өз айналасына өзге ұлт өкілдерін топтастырып, бірлікке шақыруы, болашаққа бірге жоспар құруды үйлестіруі қажет. Реформаның тағы бір бағыты – ашық, транспаренттік мемлекет құру. Яғни, мемлекеттік ұйымдар мен құрылымдарды қарапайым халықпен жақындастыру. Халық­қа есеп беруші, халықтың алдында тікелей жауапты мемлекет қалыптастыру. Бұл бағыттағы жоспарлар орындалғанда әрбір азамат қоғамдағы барлық іс­терге араласып, мемлекеттегі өзінің рөлін нақты сезінетін болады. Сондықтан, Елбасының азаматтық қоғам өкілдерінің бюджет қаржысын бөлуге қаты­суын, қоғамның өзін-өзі реттеуін енгізуді, азаматтық қоғам институттарына билік өкілеттіліктерін бере отырып, мемлекеттік орган­­дар­дың араласу аймағын қысқарту туралы айтқандарының маңызы зор. Елбасы «Ұлт Жоспары – қазақ­стандық арманға бастайтын жол» бағдарламалық мақаласында «Біз көптеген сынақтарға абыройлы төтеп бердік, шынықтық, рухымызды күшейттік. Біз жаңа Қазақстанды – Ұлы Дала елін құрдық. Ұлт Жоспарын орындай отырып, біз өзіміздің Ұлттың Өрлеу Дәуірінің көкжиектерін кеңейтеміз, өзіміз Тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген және бізге жаһандық даму берген барлық мүмкіндіктерді пайдаланамыз... Біз Қазақстанның осынау тарихи тағдырына сенеміз. Біз өзіміздің қазақстандық арма­нымыздың орындалуына және Қазақстанның өркендеуіне сенімді түрде қол жеткізетін боламыз!», – деп айқындай түскен. Сондықтан жүзеге асырылатын Ұлттық Жоспарды ел ырысын еселеп арттыруға, эко­номикамыздың даму қарқынын өсіріп, халықтың әл-ауқат дең­­­гейін көтеруге, басқару жүйесінің әділеттілігі мен заңның үстемдігін қалыптастыруға, бі­лім мен ғылымның дамуына, еліміздің ынтымағының, бір­­тектілігінің, Отансүйгіштік рухының кемелденуіне бастайтын бағдарлама ретінде қабылдап, оны жүзеге асыруға жұмыла кірісуіміз қажет. Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкер­лердің біліктілігін арттыру институтының директоры, профессор. ҚЫЗЫЛОРДА.