15 Қаңтар, 2016

Жаңару жасампаз жобаларға жол ашады

307 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMG_1295+Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов баспасөз мәслихатын өткізді. Ол бұрнағы күні Мәжіліс депутаттарының жариялаған үндеуіне қатысты отандық кәсіпкерлердің пікірін білдірді. Аптаның сәрсенбісі күні ел Парламентіндегі үш партиялық фракцияның жетекшілері көтеріп, ұсынған үндеуді қалған депутаттардың барлығы бірауыздан қолдағаны мәлім. Кәсіпкерлер палатасының басшысы мұндай ұсыныстың өз уақытында, орынды көтерілгенін айта келіп, соңғы уақытта Парламент депутаттары бизнес-қауымдастықтармен тығыз байланыста жұмыс істегені жөнінде әңгімеледі. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы атынан күні кеше ғана өздеріңіз куә болған Мәжіліс депутаттарының, соның қатарында, парламенттік партия фракциялары басшыларының бастамасын қолдап, елімізде мерзімінен бұрын Мәжіліс сайлауын және оған барлық деңгейдегі мәслихат сайлауын қоса өткізу бастамасын қолдайтынымызды жеткізгім келеді. Қазіргі әлемде орын алып отырған экономикалық қиындықтар біздің елге де өз әсерін тигізуде. Сондықтан, депутаттардың бұл бастамасы өте орынды деп санаймыз. Баршаға мәлім, өткен жылы Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары аясында үлкен жұмыстар атқарылды. Нақты айтқанда, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы да барлық 82 заң жобасын дайындауға атсалысып, сол заңдарды Парламент депутаттарымен бірге екшеп, өздерінің тиісті ұсыныстары мен тілектерін енгізді. Ұлттық палата Мәжіліс депутаттарымен осылай қоян-қолтық жұмыс істеді. Әңгімені осы мақсатқа ойыстырсақ, енді Ұлт Жоспары аясында нақты жұмыстар атқарылуы қажет. Осындай үлкен шаралар қарсаңында Мәжiлiс депутаттарының, партиялардың сайлауға түсiп, елдiң ой-пiкiрiн бiлуi, мандатын алуы бiздiң ойымызша, игi бастама және бiз бұл бастаманы қолдаймыз», деген палата басшысы, әлемдiк сын-қатерлерге төтеп беру үшiн аталған сайлауды жыл соңына дейiн созбау ләзім екеніне назар аудартты. Еліміздегі экономикалық ахуал мен оны оңалту шаралары да палата басшысының тіліне тиек болды. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 50 қадамнан астамы экономика, соның iшiнде, кәсiпкерлердi қолдауға бағытталған. Сондықтан, кәсiпкерлер Елбасы жариялаған Ұлт Жоспарының нақты орындалуына, оның оң нәтижелерге қол жеткiзуiне мүдделiмiз. Тағы бір айтарлығы, айтулы жоспардың арқасында Кәсiпкерлер кодексi қабылданды, кәсiпкерлер құқығын қорғайтын Бизнес-омбудсмен институты бар. Оған қоса, индустрияны дамыту, шағын және орта бизнестi қолдау, шетелден инвестициялар тарту, Үкiмет пен кәсiпкерлiктiң бiрлескен жұмыстарын дамыту секiлдi ауқымды шаралар жоспарланды. Осы игіліктің бәрін ескере келіп, Мәжiлiстiң жаңаланып, жаңа мандатпен аталған жұмыстарға кiрiсуiн қоғам болып қолдағанымыз абзал деп білеміз. Сол себептi, түрлі қоғамдық күштердi, барлық азаматтарды депутаттар бастамасын қолдауға шақырамыз», деді А.Мырзахметов. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».