15 Қаңтар, 2016

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары тағайындалды

259 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
15.01.2016 OSM ӨСКЕМЕН. 15 қаңтар. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары болып Қуат Тұмабаев тағайындалды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Ол бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы қызметін атқарған болатын. «Қуат Мұхитұлы Қазақстан Республикасының экономика министрлігінде 12 жылдан астам жұмыс істеді. Қатардағы маманнан лауазымды қызметтерге дейін өсті. Өңіріміздің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына басшылық жасай жүріп, өзінің кәсіби деңгейінің жоғарылығын көрсетті», деді жаңа орынбасарын таныстырған облыс әкімі Даниал Ахметов. Қуат Тұмабаев 1980 жылы 30 қазанда Семей қаласында дүниеге келген. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген. 2001 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша бітірді. 2003 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын 2001 жылы банк қызметкері болудан бастады. 2003 жылдан бастап бас маман, 2005 жылдың сәуірінен Қазақстан Республикасы экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің қарыз алу және несиелеуді мемлекеттік жоспарлау департаментінің бөлім бастығы болды, қыркүйек айынан департамент басшысының орынбасары болды. Келер жылы аталған министрліктің бюджеттік инвестицияларды жоспарлау басқармасының жетекшісі болып тағайындалса, 2008 жылы инвестициялық саясат департаменті директорының орынбасары болып ауысты. 2011 жылы Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігінің өңірлік даму комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. 2012 жылдың сәуір айынан бастап аталған министрліктің инвестициялық саясат департаментінің директоры болды. Ал 2015 жылдың наурыз айынан осы қызметіне дейін Шығыс Қазақстан облысының экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы болып еңбек етті. Думан Анаш. Дерек, сурет: egemen.kz