15 Қаңтар, 2016

Таразда грек-рим және еркін күрестен Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр (фото)

560 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
15.01.2016 TAR ТАРАЗ. 15 қаңтар. «Тараз – Арена» спорт кешенінде ерлер және әйелдер арасында грек-рим және еркін күрестен Қазақстан чемпионаты жалауын көтерді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Айтулы бәсекеге еліміздің барлық аймағынан 600-ге жуық балуан қатысып жатыр. Алғашқы күні грек-рим күресі бойынша бес салмақтың үздіктері анықталды. 59 килода жамбылдық Дастан Үскембеков финалда ақмолалық Мейірбек Дөненбековты ұтып, Жамбыл облысы құрамасының қоржынына алғашқы алтын медальді салды. Осы салмақта тағы бір жамбылдық Жансерік Сәрсенбиев үшінші орын үшін таласта ақмолалық Сағдат Тұрбаевтан шеберлігін асырып, қола жүлдені иеленді. 71 кило салмақта шешуі белдесуге алқынбай жеткен жамбылдық Әбунәсір Өмірзақ алтын жүлде жолында сәтті өнерін жалғастыра алмады. Ол финалда шығыс қазақстандық Дархан Баяхметовке жол беріп, күміс жүлдені қанағат тұтты. 75 килода Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, Алматы қаласының балуаны Данил Гаджиев бұл жолы да білгенінен   жаңылмады. Ол шешуі белдесуде қостанайлық қарсыласы Темірлан Садукаевты айқын ұтып, бұл салмақтың №1 спортшысы екенін тағы бір дәлелдеді. 80 кило салмақта Алматы облысының өкілі Асхат Ділмұхамбетов астаналық Сұлтанбек Шалабаевты ұтып, чемпион атанды. 98 кило салмақта да Алматы облысының балуаны Марғұлан Әсембеков алтын тұғырға көтерілді. Ол осымен 12-рет ел чемпионы атанып отыр. Сенбі күні түс қайта боз кілемге еркін күрес шеберлері шығады. Бұл күні 74 килода Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, ел чемпионы Мейіржан Әшіров боз кілемге көтерілетін болады. Оралхан Дәуіт. Дерек: egemen.kz Сурет: Ақәділ Рысмахан. 15.01.2016 TAR-1 15.01.2016 TAR-2 15.01.2016 TAR-3 15.01.2016 TAR-4 15.01.2016 TAR-5 15.01.2016 TAR-6 15.01.2016 TAR-7 15.01.2016 TAR-8