29 Наурыз, 2016

Ұлыларды ұлықтаған

425 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Оралда Роллан Сейсенбаевпен кездесу (1)Ұлыстың ұлы күні қарсаңында осындай тақырыппен Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында «Абай және ХХІ ғасыр» халықаралық клубының президенті, танымал жазушы-баспагер, аудармашы-драматург Роллан Сейсенбаевпен кездесу кеші және Халықаралық Абай клубы мен Роллан Сейсенбаев «RS» Баспа үйінің Жидебай баспасынан «Ақ Жайық кітапханасы» сериясымен шыққан жергілікті ақын-жазушылардың кітаптарының таныстырылымы болып өтті. Кеш қонақтары әуелі орта­лықтың фойесінде Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапхана ұжымы жасақтаған «Дарынымен танылған тұлға» атты кітап көр­месімен танысты. Көрмеде жазушы Роллан Сейсенбаевтың шығармалары мен Халықаралық Абай клубы мен Роллан Сей­сенбаев «RS» Баспа үйінен шыққан кітаптар орын теуіпті. Ерекше атап өтерлігі, Роза Исатаева басшылық ететін аталмыш кітапхана ұжымы Роллан Сейсенбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған библиографиялық көрсеткіш кітап­шасын арнайы шығар­ған екен. Бұл кішкене тартуды кеш қонағы ерекше ілтипатпен қабыл алып, өз қолтаңбасын қал­дыр­ды. Бұдан кейін облыстық тарихи өлкетану музейі кеш иесінің баспасынан «Ақ Жайық кітапханасы» сериясымен кі­тап­­тары шығып, ел алдында тұсауы кесілгелі отырған ақын-жазу­шы­лардың жеке тұтынған заттары мен құнды жәдігерлерінен дайын­далған көрмемен де жинал­ған қауымды құлағдар етті. Му­зей жәдігерлерінің ішінен Жұбан Молдағалиевтің қалам­са­бы, Қай­рат Жұмағалиевтің баспа машинкасы мен Ақұштап Бақ­­ты­герееваның тырнақалды өлең­дері жазылған қойын дәп­тері жұртшылықтың ерекше қы­зы­ғушылығын оятты. Ұлыларды ұлықтап келе жат­қан тұлға Роллан Шәкенұлы өз сөзінде қазақ әдебиетінің алыптары жөнінде тебірене сөз қозғап, олар­дың мұраларын көздің қара­шығындай сақтап, кейінгі ұрпақ­қа жеткізудің, сонымен қатар таланттарды тірісінде қадірлеп, таң­­даулы шығармаларын тек Қа­зақ­станда ғана емес, сонымен қатар шетелдерде де шығарудың маңыздылығын атап көрсетті. – Біз ұлттық құндылық­тары­мыз­ды, өз тарихымызды, «Мәңгілік Ел» атанған мемлекетімізді, әсіресе өлмейтін сөздің алтын сандығы – кітап арқылы көбірек ұлықтай алмақпыз. Кітапты шығарып қана қоймай, оқи да алуымыз керек. Ұрпақтарымыз оқи алуы керек. Сонда ғана елі үшін бәріне дайын нағыз патриоттар қалыптасады. Ал біз ең көп оқи­тын елден ең аз оқитын елге айна­лып бара жат­қанымыз қынжылтады. Бұл келеңсіз үрдісті тоқтатып, жас­тар­ды кітап қазынасына қызық­тыруымыз керек. Кітап оқитын жас армандауды үйренеді, санасы оянады, жүрегінде өміршең от лапылдайды, адам болуға талпынып, ізгілікке бауыр басады, елдік қасиеттерді бойына сіңіреді. Сондықтан, адамзаттың көр­кем ойының жауһарлары сақ­талған кітаптарды мұқият оқып, білімді қазақ болуға ұмтылу менің жастарға артқан аманатым болсын деп едім, – деген Роллан Шә­кен­ұлы одан әрі сөзін Қадыр Мыр­за Әлінің өлең жолдарымен сабақтады. – Көр болғыр көзге жас алмай, Жас алмай қалар қай кісі?! Үлкен бе едің қашаннан, Кішкене жұрттың қайғысы?!   ... Қайсарлық жасап көрсек те, Көз жасы болмай құйылды. Көк аспан өзі бір сәтке Қаралы ту боп иілді... Қадыр Мырза Әлі ағамыз ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов дүние­ден өткенде сай-сүйегімізді сыр­қыратып осылай жырлаған болатын. Ал сол Қадыр Мырза Әлі ағамыздың өзі дүниеден өт­кен­де осылай айта алған адам болған жоқ... Қазасына жиналған халықтың қарасы да аз болды... Мұхтар Әуезов қандай ұлы жазушы болса, кешегі өткен Әбіш Кекілбаев та сондай деңгейдегі тұлға. Сол сияқты, Қадыр Мырза Әліні біз кеңінен насихаттап, құрметтей білуге тиістіміз. Осы орайда ақын атындағы орталық киелі орынға айналуы керек. Мұндай орталық әзірге республикамызда жоқ. Сондықтан, барды қадірлеп, озық дүниелерімізді көрсете білейік. Бұл орталықта облыстық деңгейдегі емес, халық­аралық деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылуы керек. Сонда ғана Қадыр ағамызды, қазақты әлем танитын, мойындайтын болады, – деді жазушы. Одан әрі Роллан Сейсенбаев пен облыс әкімінің орынбасары Нариман Төреғалиев Батыс Қазақстан облысы әкімінің қол­дауымен аталмыш баспадан «Ақ Жайық кітапханасы» серия­сымен жарық көрген Махамбет Өтемісұлының «Айналайын, Ақ Жайық», Жұбан Молдағалиевтің «Кісен ашқан», Қадыр Мырза Әлінің «Көкпар», Қайрат Жұма­ғалиевтің «Кие» және Ақұш­тап Бақтыгерееваның «Қайран, Қарлығаштар-ай» атты кітап­тары­ның салтанатты түрде лентасын қиып, оны кітап иелері мен ав­­т­ор­лары­ның отбасына тарту етті. Сондай-ақ, «АMANAT» журналының 2014 жылдың №1 Ақ Жайық өңіріне арналған саны да көрерменге таныстырылды. Жоғарыдағы аталмыш кітаптар облыстағы мәдени ошақтардың ұжымдары мен үздік ұстаздарға, талантты жастарға да салтанатты түрде табысталды. Кеш барысында «Ақ Жайық­тың ақ шағаласы» атанған ақын Ақұштап Бақтыгереева, «Ана­сы бар адамдар ешқашан қартай­майды» деген әнге айналған бір ғана өлеңімен аты аңызға ай­нал­ған Қайрат Жұмағалиевтің жары София Жұмағалиева, ақын Ғайсағали Сейтақ, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин және жас ақын Галина Самойловалар сөз алып, жылы лебіздерін жеткізді, жырларын оқып, көрермен қауымды бір серпілтіп тастады. Ақ Жайықта өткен кешке Ал­­матыдан арнайы келген Қа­зақ­станның халық әрті­сі Ті­лектес Мейрамов Р.Сей­сен­баевтың «Май­дан әндері» повесінің желісі бо­йынша қойылған моно­спектакльді бір өзі орындап шы­ғып, көрермен қауымға айрық­ша әсер қалдырды.  Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ, журналист.  ОРАЛ.