29 Наурыз, 2016

Жасампаздық пен шынайы сезімнің әлемі

363 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

29-03-16-horeografia-1

Би – көлбеу тілектердің перпендикуляр тұрғыда көрініс беруі. Бернард Шоу. Қазақстанның елордасы – Астанада 2016-2017 оқу жылында Қазақ ұлттық хореография академиясы атты жаңа жоғарғы оқу орны ашылуда. Қазақ ұлттық хореография академиясы білім берудің барлық буындары – мектеп, колледж, ЖОО біріктірген үздіксіз кәсіби білім беру идеясы негізін қалайтын бірегей жоба болып табылады. Би – саз ырғағымен түрлі қозғалыстар жасап орындалатын, көңіл-күйге негізделе көрсетілетін көне өнер түрі. Қазақ би өнерiнiң түп тамыры ғасырлар қойнауынан нәр алатыны белгiлi. Бүгiнде бишiлер де, би ансамбльдерi де, би студиялары да жоқ емес баршылық. Бiрақ, кәсiби жеке бишiлерiмiз саусақпен санарлықтай. Жас ұрпақты тәрбиелеуде ата-аналардың бір-бірлерінің арасынан: «Менің балам билегенді жақсы көреді» деген сөздері де жиі кездеседі. Ал балалары үшін би деген – әдемі қимыл-қозғалысқа, сазды әуенге, жарқыраған бояуларға, жылтыраған киімдерге толы сиқырлы таңғажайып әлем. Бүгінгі таңда балалар биді жалпы білім беретін мектептен бөлек түрлі үйірмелерге қатысу арқылы үйреніп келуде. Олар бұған музыкалық, хореографиялық, хор, көркемөнер үйірмелеріне жазылу арқылы жол тапты. Үйірмелер көбінесе мектеп ғимараттарында емес, пионерлер немесе шығармашылық үйлерінде болатын. Балалар өздерінің икемділігіне әрі таңдауына қарай сондай бірнеше үйірмеге қатыса алушы еді. Технологияның қазіргі дамыған ғасырында халыққа қолжетімді компьютерлер, ұялы телефон, айпадтар, планшет сияқты түрлі заманауи дүниелердің ролі қоғамда жоғары орында тұрғаны барлығымызға аян. Осыған байланысты жас жеткіншектердің осындай құрылғыларға тәуелділігі артуда. Мұндай құрылғыларға жас адамның организміне тигізетін кері әсерінің септігіне де көз жеткізудеміз. Осындай құмарлылық жастардың көз жанарының нашарлауына, артық салмақтың пайда болуына, қант диабетіне алып келетініне және т.б. сияқты кері әсерлердің нәтижесі байқалуда. Бірақ уақыт өз дегеніне жетеді. Сондықтан мұның алдын алу үшін не істеу керек? Жас ұрпақты спортпен шұғылдануға жетелеу керек пе? Иә. Әйткенмен, бұл мәселенің бір жағы ғана. Ал дені сау, рухы берік ұрпақтың эстетикалық тәрбиесі үшін не істеген ләзім? Бұл жерде хореографияның алатын орны ерекше. Біз би туралы сөз еткенде, қимыл-тірек аппаратын іске қосуды ғана меңземейміз. Аристотель биді «Адамдардың мінез-құлқын, ішкі жан дүниесін, әрекетін көрсететін таза ырғақтың көрінісі деді, себебі би қимылдары туар кезде ырғақтық сурет әдетте оны туғызған сезім күйіне сәйкес келеді» деп әспеттеген екен. Би адамның ішкі дүниесін байытып, жанын тазартатын құдіретті өнер. «Өнер – өнегелі, ақылды адамдарды тәрбиелейтін құрал» - деп кеңес педагогы В.А.Сухомлинский айтып кеткендей, тәрбие үрдісінде өнерге аса көңіл аудару қажеттілігін атап көрсеткен болатын. Сол өнердің бірі – би өнері. Әр өнер адамзаттың қайғы-қасіретін, ойын, сезімін, неше түрлі — бүгінгі, кешегі, тарихи немесе фантастикалық окиғаларды адамдарға өзіне тән құралдарымен, амал-тәсілдерімен жеткізуге тырысады. Және әр өнер шартты болып келеді. Бидің барлық элементтері біртұтас ұлттық дүние болуы керек. Мұхтар Әуезовтің «Бiздiң қазақ халқы дарынды, өнерпаз халық, ән, күй деген мұрамызда шек жоқ. Ал бұл қазақ халқынан қалған биден мұра өте аз. Жаңа ұрпақ осы бидi қолға алғаны жөн» деген алаңының өзектілігі бүгінгі күн тәртібіндегі мәселеге шығуы тиіс секілді. Қазақстанда өнер мектебі, оқушылар сарайы, шығармашылық мектебі секілді тамаша білім ордалары ашыла бастады. Еліміздегі балалар би өнері жылдан-жылға мүмкіндігінше танымалдыққа ие болып келеді. Балаға эстетикалық тәрбие беретін бұл мектептерде би гармониялық жағынан дамыған тұлғаны қалыптастырушы нағыз белсенді факторлардың бірі ретінде саналады. Жүздеген бала би үйірмелеріне, балет студияларына барады, концерттік бағдарламаларға, конкурстар мен фестивальдарға қатысады. Осы арқылы өздігінен жеке тұлғалар үшін мәдени қауым құрылады. Би үйірмелері жетекшілерінің жұмыс ерекшелігі педагогикалық қызметтің кең ауқымды мүмкіндігін пайдалануға негізделген. Бұл – би өнерін мемлекеттік дәрежеде дамытудың жолдарын қарастыру, бишілердің беделін, мәртебесін көтеретін іс-шараларды қолға алу керектігін сезіну ғана. Би үйірмелерінің оқытушылары мен жетекшілері үнемі өздерінің кәсіби деңгейлерін өсіріп, өзін-өзі жетілдіріп отыруы тиіс. Бұл ретте олардың көркемдік талғамдары жоғары болуларының маңызы зор. Ол, айналып келгенде, шәкірттердің жас ерекшелігіне қарай репертуарларды, музыкалық материалдарды, сахна гримдерін таңдауларына, сондай-ақ көз мөлшерімен сахна костюмдерін белгілеп алуларына жол ашады. Би үйірмелерінің тәрбиелік жүйесі баланың тұлғалық қабілетін кешенді түрде дамытуға бағытталған. Сондықтан әлемнің жаңа педагогикасы мен психологиясындағы жаңалықтарды білуге ұмтылу мен ол туралы ойланудың маңызы зор, өйткені, әрқашан көркемөнер құндылықтарына ұқыптылықпен қарау, кеңесу әдістері мен ойшылдыққа жетелеу, сондай-ақ мәдени-адамгершілік бағдарлары оның негізге алатын басты принциптері болып табылады. Осы орайда Қазақстанның жетекші оқу орындарының елімізді хореография саласы бойынша сапалы мамандармен қамтамасыз етіп отырғанын атап өтуіміз керек. Сол еңбектің арқасында, қазір көптеген би үйірмелерінде, қажетті жерінде кәсіпқойлық тұрғыда әрі шын ынтасымен қызмет көрсететін білікті жетекшілер мен оқытушылар жұмыс жасауда. Осындай хореография ұжымынан тәлім алған бірнеше буын өкілдері бимен қатар, жалпы мәдени құндылықтарын терең қабылдайды. Біз өз тәжірибемізден мынаны байқадық – кейбір кәсіби балет мектептерінде оқып, артынан тастап кеткен немесе бітіріп, түрлі жағдайлармен мамандығы бойынша жұмыс істемей, басқа салаға ауысып кеткен білім алушылардың өзі де, киім кию сауаттылығы болсын, сонымен қатар көпшілік ортада өзін-өзі ұстау қасиеті жағынан болсын, мектептен бойларына дарыған мәдени сапасымен ерекшеленіп тұрады. Кәсіби балет мекемелеріндегі күнделікті жағдай билеуге, музыкалық бейімділікке, баланың жады мен қабілетін қалыптастыруға ғана емес, өмірдің түрлі сәттерін, қоршаған ортаның райын терең сезінуге де көмектеседі. Қоғамдағы шығармашылық адамы көркем талғамның қарапайым негіздері бойынша қалыптасады. Сондықтан жас балалардың дамуындағы қазіргі хореографияның ролін басқаша бағалау қиын. Болмысынан нәзіктікке құрылған өнер аясында тек би ғана емес, бала билей жүріп түрлі музыкалар тыңдайды, классикалық балет пен қойылымдарды да тамашалайды. Сабақ барысында бидің тарихымен танысады, халықтың өмір тарихымен байланысты мәдениет туралы ақпараттар алады, түрлі-түсті костюмдер мен поэтикалық образдарды қызықтайды және әуен ырғағының қабаттарына бойлайды. Осындай жолды жүріп өткен көптеген оқушы өнер училищесі мен колледждерге немесе хореографиялық академияға түскенде, негізінен «Балет артисі», «Би ансамблінің артисі» мамандықтарын таңдайды. Рухани кемелділік пен мәдениет кеңістігінде біртіндеп, шығармашылық үдеріске бейімделе отырып, орындаушылық өнердің ұзақ соқпағына қадам басады. Шығармашылық және күш-қайрат мүмкіндігін дамыту үшін, әсіресе, баланың мектепке дейінгі жасындағы хореографиялық сабақтардың маңызы зор. Өйткені, бұл уақытта оның денесі өте иілгіш келеді, сол себепті болашағы осы кезеңде айқындалады. Көп жылдық тәжірибе баланы үш-төрт жасында емес, бес жасында би үйірмелеріне берудің көңілге қонымды екенін көрсетіп отыр. Үш-төрт жастағы баланы мұндай сабақ тез жалықтырып, жалғасы табылмай аяқталуы мүмкін. Ал 5-6 жастан асқанда, оның музыка туралы түсінігі оянып, педагогтың қарапайым талаптары мен тапсырмаларын орындауға бейімделе бастайды. Алайда, педагогтың баламен қатынасы олардың әрбірінің өзіндік ерекшелігіне сай болуы тиіс. Бұлай болатыны, балалардың физиологиялық дамуы бір-біріне ұқсамайды, олардың біреулері төрт жасында-ақ бар зейіні мен түсінігін осы бағытқа аудара алуы мүмкін, ал кей балаға мұндай көрсеткішке жету 6 жасында да ауырлау соғады. Би сабақтары барысында баланың әр қадамды игерудегі қиындықпен бірге тұрақты ынтасы оянуы тиіс, әуелі жай белгілі бір қозғалыстарды меңгерсе, соңынан би билеуді үйреніп, көрермендердің алдында өнер көрсетеді, хореографиялық фестивальдер мен конкурстарға қатысады. Осылайша балалардың шығармашылық қабілеттері дамып қана қоймайды, олар хореографиялық өнердің, мәдениеттің, өз республикасы дәстүрінің насихаттаушысына айналады. Нағыз кәсіпқой ұстаз ғана балалар қойылымын кезең-кезеңімен дамуға бейімдеп, олардың балалық армандарының орындалуына көмектесе алады. Өнертанушылар қазақ биінің бірнеше дәуiрдi бастан кешкенін, қазақ би өнерiнiң түп-тамыры ғасырлар қойнауынан бастау алатынын айтады. Алайда, ол енді әлемнің салиқалы сахналық алаңдарында, дүние жүзіне өз Отаны Қазақстанның даңқын асыру дәрежесінде жүзеге асады. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев мәдениет саласына аса көңіл бөліп және оны алғашқы орынға кою керектігі жөнінде үнемі қадағалап қолдап келеді. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында Мемлекет басшысы әлемдегі озық 30 елдің қатарына қосылу міндетін жүктеп отыр. Мәдениет пен өнердің де алар асуы мен шығар биігі әлі алда екені анық. Өркениетті дамыту жолында болашақ жастардан күтер үмітіміз зор. Ақтоты Райымқұлова, Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер істері департаментінің директоры.