30 Наурыз, 2016

Бюро мүшелерімен кеңес өткізді

270 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Парламент (2) ҮлкеніПарламент Сенатының Төра­ғасы Қасым-Жо­март Тоқаев бюро мүшелері­мен кеңес өткізді, онда Пар­ла­менттің V шақырылымы кезең­ін­дегі Сенат қызметі­нің нәтижелері қорытын­ды­ланды, сондай-ақ, палата жұмысының жоспары қарал­ды, деп хабарлады Сенат­тың баспасөз қызметі. Кеңесте бесінші шақы­рылымда Сенат 127 отырыс өткізгені, онда 508 заң жобасы мен Сенаттың ерекше және дербес қарауына жататын 50-ден астам мәселе қаралғаны атап өтілді. Шақырылым кезінде Парламент 7 кодекс, 59 дербес заң, кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 205 заң, халықаралық шарттар мен келісімдерді ратификациялау туралы 237 заң қабылдады. Олардың ішінде 30 заң Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленді. Бес институттық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары аясында Парламент 2015 жылғы күзде 59 заң қабылдады. Шақырылым кезінде 484 депутаттық сауал жария етіліп, жоғарғы палатаның тұрақты комитеттері 120-дан астам шара өткізді. 2016 жылғы 21 қаңтар мен 24 наурыз аралығындағы Парламенттің қызметін атқарған кезеңде Сенат 57 заңды қарап, қабылдады. Бұл уақытта заң жобаларын қараған кезде сенаторлар 1490 түзету енгізді. Қ.Тоқаев құжаттармен жұмыс барысындағы жемісті жұмысы үшін комитет төрағалары мен барлық депутатқа алғыс айтты. Заң шығару қызметінің жос­пары жайында айта келіп, Сенат Төрағасы 25 наурызда Парламенттің VI ша­қы­рылымындағы бірінші сессияны ашарда Президент Н.Назарбаев алға қойған міндеттерді еске салды. Бірыңғай салық және кеден кодекстерін, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану­шылар туралы» кодексті қабыл­дау, электр энергетикасы, бәсе­келестік мәселелері туралы заңнамаға өзгерістер енгізу, сон­дай-ақ, бәсекелестік ортаға мем­лекеттік міндеттерді одан әрі беру бөлігіндегі заңнаманы жетілдіру қажеттігі туралы айтылды. «Мемлекет басшысы жаңа жағдайда тұтастай Парламенттің және оның палаталарының жалпы саяси рөлі мен жауапкершілігі арта түсетінін ерекше атады және заң шығару үдерістерінде өзара сындарлы іс-қимыл дәстүрі жалғасатынына сенім білдірді», – деп атап өтті Қ.Тоқаев. Қазақстандық депутаттардың халықаралық парламентаралық қоғамдастыққа белсенді қатысуы да маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Кеңесте Сенаттың сәуірге жоспарланған шаралары да талқыланды. Бюроның тапсырмасы бойынша Сенат «ЕАЭО және ДСҰ жағдайында отандық аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыру – заңна­малық реттеу және оны іс жүзіне асыру» тақырыбы бойынша пар­ламенттік тыңдауға әзірлік жұ­мыстарын жүргізеді. Сенаттағы тыңдау 29 сәуірге жос­парланды. Кеңесті қорытындылай келіп, Сенат Төрағасы жаңа парламенттік маусымда депутаттардың үйле­сімді әрі өнімді жұмыстары жалға­са­тынына сенім білдірді.