30 Наурыз, 2016

Ұлыбритания және Гренада

4800 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
100-851Астана ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көр­месіне қатысуға белсенді құлшыныс танытып отырған елдер қа­та­рында Ұлыбритания мен Гренаданы атауға болады. Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы орнады. Содан бері еуропалық ірі державалар қатарындағы бұл елмен біздің байланысымыз жылдан-жылға нығайып келеді. Ал Қазақстан мен Гренада арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 2012 жылы 15 қарашада орнаған болатын. Ұлыбритания – толық атауы Ұлы­­­британия мен Солтүстік Ирлан­дияның Біріккен Корольдігі – Еуропаның солтүстік-батысында Британ аралдарында (ең ірісі Ұлыбритания), Ирландия аралының солтүстік бөлігі мен бірқатар  шағын аралдарда орналасқан мемле­кет. Құрлықтан бұл елді Ла-Манш жә­не Па-де-Кале бұғаздары бөліп тұр. Ұлы­бри­та­­нияның жер көлемі 244, 11 мың шаршы шақырымды құрайды. Хал­­қының саны 63 миллионнан астам. Астанасы – Лон­дон. Халқының 80 па­йызына жуығын ағылшындар, 15 па­й­ызын шотландтар, уэльстіктер мен ир­ландтар, 5 пайызға жуы­ғын Британ дос­тас­тығы елдерінен келген иммигранттар құрайды. Ағылшындар англикан мем­лекеттік шіркеуі діни-на­нымдарын ұстанса, шотландтар пресвитериандар, ирландықтар негізінен католик дінін ұс­танады. Мемлекеттік тілі – ағылшын тілі. Ұлыбритания 4 әкімшілік-саяси бөліктен құралған: Англия, Уэльс, Шот­ландия, Солтүстік Ирландия. Бұған қоса, Ұлыбританияның иеліктеріне Гибралтар, Ангилья, Бермуд, Британдық Виргин, Кайман аралдары Монтесеррат, Теркс пен Кайкос, Фолкленд (Мальвин), Әу­лие Елена, Питкэрн аралдары кіреді. Ұлыбритания Біріккен Корольдігі атауы­на қарамастан федерация емес, унитар­лық мемлекет – парламенттік монархия болып табылады. Ұлыбритания заң­дары көпғасырлық конституциялық дәс­түрлер мен жоғары сот органдарының шешімдеріне негізделген, елдің жеке конституциясы жоқ. Мемлекет басшысы – монарх, сот жүйесінің басшысы, жо­­­­­ғарғы бас қолбасшы болып табылады. Қа­зіргі монарх (королева)  – Елизавета ІІ Ұлыбританияда 1952 жылдан бері билік құрып келеді. Жоғары заң шығарушы органы екі палатадан (қауымдар және лордтар палатасынан) тұратын парламент болып табылады. Атқарушы билік премьер-министрдің қолында. Ақша бірлігі – фунт-стерлинг.

БританияЛондон

гренадаГренада

Ұлыбритания су ресурстарына бай. Бұл өңірге жауын-шашын шектен тыс көп түседі. Сондықтан мұнда аумағы үл­кен суы мол өзендер баршылық. Олардың ішінде ең ірілері – Северн (310 шақырым) және Темза (334 шақырым) өзендері болып табылады. Темза өзенінің ел экономикасы үшін маңызы орасан зор. Бұл өзеннің жағалауында бүкіл ел халқының бестен бір бөлігі орналасқан. Ірі өзендердің көпшілігі бір-бірімен каналдар арқылы жалғасады. Солтүстік батыс Шотландия мен Уэльстің суы мол өзендері электр қуатын өндіруге пайдаланылады. Мұнда 60-тан астам су электр стансалары жұмыс істейді. Біздің заманымыздың 60-шы жылдарында Британия Рим империясының ең шеткі провинцияларының біріне айналды. Үшінші ғасырдың соңында Британияға солтүстік герман тайпа­ларының (англдар, сакстер, юталар, фриздер) шап­қын­шылығы басталды. Бесінші ғасырдың бас кезінде Рим үстемдігі жойылып, Британия қайтадан тәуелсіз кельт аймақтарына айналды. Сегізінші ғасырда Даниядан келген нормандар елдің солтүстік батыс бөлігін басып алды. Тоғызыншы ғасырда Король Эгберт елдің бірқатар бөлігін біріктіріп, бірыңғай мемлекет құрды. Ол Англия деп аталды. 1066 жы­лы Британия­ның ұсақ корольдіктерін нормандық қол­­­бас­шы Вильгельм басып алып, біртұтас мемлекетке біріктірді. 1265 жылы ағылшын парламенті құрылды. 1603 жылы Шотландия королі Яков ағылшын тағына отырып, Шотландия мен Англия бір мемлекетке бірікті. 1651 жылы Ирландия басып алынды. 1707 жылы Ұлыбритания корольдігіне бірігу жөніндегі актіге қол қойылып, Лондон біртұтас мемлекеттің астанасына айналды. Он сегізінші ғасырда британдық отарлық жүйе қалыптасты. Ұлыбритания экономикасы жоғары дамыған өнеркәсіпті ел болып табылады. Қазіргі заманда Ұлыбританияның жаһандық экономикадағы рөлі тек өнеркәсіп саласында ғана емес, сон­дай-ақ, банктік, сақтандыру және кемелерді жалға беру саласында ерекше жоғары орынды иеленеді. Ұлттық жалпы өнімнің 30 пайызы өңдеуші өнеркәсіптік, 40 пайызы көлік, байланыс, сақтандыру және банктердің үлесіне тиесілі. Өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі бойынша Ұлыбритания дүниежүзінде бесінші орынды иеленеді. Ұлыбритания өнеркәсібі негізінен сырттан әкелінетін шикізатпен жұмыс істейді. Ұлыбритания өнеркәсібінде өндіріс пен еңбекті ұйымдастырудың озық технологиясы дұрыс жолға қойылған. Ауыл шаруашылығы ел аумағының 24,8 па­йы­зында қолданылады. Елдің табиғи жағдайлары мал шаруашылығының дамуы үшін аса қолайлы. Ұлыбритания аралдық мемлекет болғандықтан шетелдерден тауарлар тасу теңіз көлігіне тікелей байланысты. Жалпы, жүк айна­лы­мының 90 пайызға жуығы теңіз көлігінің үлесіне тиеді. Мұнда халық­аралық маңызға ие ірі порттар жұмыс істейді. Лондон қаласы жаһандық қаржы орталығы болып саналады. 1994 жылғы наурызда Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания ара­сын­да достық пен ынтымақтастық, экономикалық қарым-қатынас тура­лы бірлескен декларацияға, білім, ғы­­лым және мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Ұлыбританияның Петро­леум, Шелл және Бритиш Газ сияқты трансконтинентальдық компаниялары солтүстік-шығыс Каспий аймағында кен барлау және оны игеру жұмыстарына 1999 жылдан бастап араласып келеді. Екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі Еуропа елдерінің арасында ең жоғары деңгейге көтерілген. Қазір Қазақстанда британиялық инвес­тор­лардың қатысуымен 300-ге тарта кәсіп­орын жұмыс істейді. Британиялық энергетикалық өндіріс саласы және бизнес өкілдері Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне белсене қатысып, жаңа заманауи технологияларын паш етпек. Гренада – Вест-Индиядағы мемлекет. Ол Кариб теңізі мен Атлант мұ­хи­тының арасындағы Кіші Антиль арал­дарының архипелагында орналасқан. Желді аралдар тобының оңтүстігіндегі бір аралда және Гренадина аралдарының оңтүстік бөлігіндегі – Карриаку және Литл-Мартиника аралдарында қоныс тепкен. Жалпы, жер көлемі 344 шаршы шақырымды құрайды. Гренада ара­лының (көлемі 311 шаршы шақырым) оңтүстік-батысында мемлекеттің астанасы Сент-Джорджес қаласы орналасқан. Мұнда қала маңындағы елді мекендердің тұрғындарын қосқанда 40 мыңнан астам адам тұрады. Гренада аралы жанартаулық атқы­лаулардан қалыптасқан. Аралдың ортасында қалың орман, сол орманның ішін­де елдің ең биік нүктесі Сент-Ка­терин (840 метр) тауы көз тартады. Бұл таудың етегінен көптеген бұлақтар ағып шығады. Дегенмен, аралда өзендер өте аз. Аралдың теңіз жағалаулары негізінен жанартаулар әсерінен пайда болған қоңыр құмдардан құралған. Соңғы санақ бойынша бұл елде 90 мыңға тарта халық тұрады. Тұрғындарының 35 пайызы 15 жасқа дейінгі жеткіншектер болса, халықтың орташа жасы 20-дан аспайды. Халықтың этникалық құрамы XVIII-XIX ғасырларда аралға әкелінген құлдардың ұрпақтары афроамерикалықтардан (82 пайыз) тұрады. Тұрғындардың қалған 18 пайызы еуропалықтардың және жергілікті үнді тайпаларының өкілдері болып табылады. Гренадалықтардың басым көпшілігі католик дінін (53 па­йыз), англикан (14 пайыз) және басқа протестанттық конфессияларды (33 па­йыз) ұстанады. Мемлекеттің ресми тілі – ағылшын тілі, ақша бірлігі – шығыс-кариб доллары болып табылады. Еуропалықтар келгенге дейін Гренада аралдарының негізгі тұрғындары үнділер еді. 1498 жылы Христофор Колумб Гренада аралын алғаш рет ашты. Алайда, тек 1650 жылы ғана Мартиникадағы француз колониясының губернаторы мұнда алғашқы еуропалықтарды қоныстандырды. 1665-1674 жылдары Арал француздың Вест-Индиялық компаниясының иелігінде болса, 1674-1762 жылдары француз тәжінің ота­рына айналды. Ал 1762 жылдан бас­тап арал Ұлыбританияның иелігіне көшті. Отарлаушылар Гренадада қант тростнигінің плантациясын дамытты. Мұнда африкалық құлдардың еңбегін пайдаланды. 1795 жылы негрлер Джулиан Федонның басшылығымен құлдар көтерілісін ашты. XVIII ғасырдың аяғында қант тростнигінің плантациясы табиғи апат салдарынан толығымен жойылып кетті. 1834 жылы құлдықтың жойылуына байланысты мұнда ауыл шаруашылығы саласындағы жұмысты Үндістаннан келген иммигранттар атқара бастады. Гренада аралы 1974 жылы азаттығын алып, Гренада мемлекетін құрды. Бүгінде Гренада мемлекеті эконо­микасының негізін ауыл шаруашылығы және туристік бизнес құрайды. 1985 жылы аралда халықаралық әуежайдың ашылуы­на байланысты туризм барынша дами бастады. Мұнда ауыл шаруашылығы саласының негізін мускат жаңғақтарын өндіру құрайды. Қазіргі кезде Гренада әлемдік рынокқа мускат жаңғақтарын шығаруда Индонезиядан кейінгі екінші орынды иеленеді. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы саласы банан және какао өндірісін дамытуды жолға қойған. 2012 жылы 15 қарашада Нью-Йорк қала­сында БҰҰ-дағы Қазақстан мен Гренаданың өкілдері Бірғаным Әйтімова мен Дессима Уильямс екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас ор­на­тылғандығы жөніндегі бірлескен коммюникеге қол қойды. Осыдан бас­тап, екі ел арасындағы достық қарым-қатынастар басталды. Гренада мемлекеті алғашқылардың бірі болып «Болашақтың энергиясы» тақырыбында ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесін өткізу жөніндегі Астананың бастамасын қол­дады. Бүгінде Гренада мемлекетінің өкілдері Астана ЭКСПО-2017 көрмесіне белсене қатысу мақсатындағы әзір­ліктерін жандандыру үстінде. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».