30 Наурыз, 2016

Жастарға жұмысшы мамандықтарын алған ұтымды

353 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Мен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың былтырғы 30 қа­раша күнгі «Қазақстан жаңа жа­һандық нақты ахуалда: өс­ім, реформалар, даму» атты Қа­зақ­стан халқына Жолдауын үл­кен қанағаттанғандық сезім­мен тыңдаған едім. Екі сағат­қа жуық созылған Президенттің сөзі әрбір көрерменнің санасын жау­лаған болар. Өзім ешнәрсеге алаңдамастан, Елбасының әрбір сөзіне мән бердім. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарымен тонның ішкі бауындай қабысып жатыр екен. Айтылған мәселелердің бәрі халық үшін, республиканың жаңа туған баласынан еңкейген кәрісіне дейінгі тұрғындардың қамын ой­лаған қамқорлыққа қалай тәнті болмассың. Жүрекке өте жақын, жан-жү­йеңді баурап айтылған сөздерге бүкіл болмысыммен ризашылық сезімінде болғаным күні кешегідей есімде. Президенттің соншама логикалық тереңдікпен баяндаған Жолдауы құлаққа жағымды жыр­дай естілгенін де ұмыта алар емес­пін. Елбасының шешендігінің өзі адамды еріксіз баурап алатынын қай­терсіз. Көп мәселе қам­тыл­ды. Мен өз пі­кірімді айтылған бір жайға ға­­на аудар­мақпын. Президенттің кәсіптік оқу жөніндегі ойлары өте тамаша. Кәсіптік-техникалық кол­ледждерді кө­бейтуді қозғағаны жұрт жүрегінде жүр­ген жайлар еді. Мұ­ны Нұрсұлтан Әбішұлы дөп басты. Мен өз басым педагог ретінде ой­лап-толғанып жүр­ген жайларым көп еді. Солардың бірі – бар­лық жоғары оқу орындарында қар­жыгерлер мен заңгерлердің барлық университеттерде, колледждерде жаппай оқытылып келе жат­қаны. Мыңдаған қаржыгер мен заңгер жұ­мысты қайдан табады, бә­ріне жұмыс жетпейді ғой. Ал жұ­мыс жетпеген соң, бос сал­пақтап жүреді. Президенттің айтқа­нындай, бәріне жоғары білім жетпейді. Оқуға түсе алмадың ба, бірден колледжге бару керектігі өте орынды айтылды. Оларға оқудың тегін болатындығы тіпті жақсы. Жоғары білімге ұмтылған жас­тарымыздың жұмысшы ма­мандығы болмағандықтан, әртүрлі жұмыстарды шетелдіктер атқаруда. Егер біздің жастарымыз кірпіш қалаушы, ағаш шебері, электрмен дәнекерлеуші, электрші, шофер, тракторшы, бұрғышы, бояушы-сырлаушы, радист, жол төсеуші, слесарь, токарь және т.б. мамандықтарды меңгерсе, мұрттарын балта шаппас еді. Өз­дерін материалдық қамтамасыз етуге, отбасын асырауға, қарт ата-ана­ларына көмектесуге зор мүм­кіндігі болар еді. Мәселенің осы жағына осы кезден баса мән бермесек болмайды. Мен жас­тарға мектепті 9-шы сы­ныппен тәмамдап, колледжге түсуді ұсыныс етер едім. Себебі, колледжде де орта білім алынады. Алған мамандығы өзіне олжа, жоғары оқу орнына ұмтылыс жасай беруге де болады. Түсе алмаса, алған мамандығы бойынша жұмыс істейді, далада қалмайды. Білімің, дайындығың болса, жоғары оқу ор­нына әрқашан есік ашық. Нұрсұлтан Әбішұлының ма­ман­­дықты иеленіп, жұмысшы болу ең құрметті, әрқашан абырой әкелетін еңбек екендігін айтқаны өте орынды. Өйткені, Елбасының өзі де еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастады емес пе?! Ендеше, кім-кімге де осылай іс­теуге болады. Әйтпесе, жұмысшы болып қалсаң несі айып.  КАДЫР ЖУСИПҚадыр ЖҮСІП, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік уни­верситетінің профессоры. Атырау.