31 Наурыз, 2016

Кәсіпкерлікті дамытуға ықпалды қолдау

348 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Әділбек ЖақсыбековАстана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Қаныш Төлеушин шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасын іске асыруда ынтымақтастық орнату туралы меморандумға қол қойды. Меморандум аясында әкімдік пен «Даму» қоры шағын және орта бизнес (ШОБ) саласында стартап-жобаларды қолдау жөніндегі жаңа бағдарламаны жүзеге асыруға 2 млрд. теңге (әрқайсысы 1 млрд. теңгеден) бөлетін болды. Қаржы екінші деңгейлі банктер арқылы берілмек. Кәсіпкерліктің жоғары әлеуеті кез келген қаланың экономикасының ілгерілеуінің басты қозғаушы күші болып табылады. Сондықтан Астана қаласы әкімдігі қызметінің басты міндеттерінің бірі шағын және орта бизнесті дамыту мен қолдау болып отыр. Бұл Меморандумға Астана қаласы әкімдігінің және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының елордалық шағын және орта бизнесті қаржыландыру туралы алдын ала келісімі аясында қол жеткізілді. Қалада кәсіпкерлік ортаны жетілдіру бойынша барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік принциптерімен бизнес-ахуалды жақсарту бойынша тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні Астананың ЖӨӨ-дегі ШОБ-тың үлесі 61 пайызға жеткен. Бұл – жалпыреспубликалық көрсеткіштен үш есеге артық. Астана несиелерді кепілдендіру бойынша рес­публика бойынша бірінші орында, субсидиялау бойынша екінші орында тұр. Сонымен қатар, кәсіпкерлік секторында салықтар есебінен түсетін түсімдер де оң нәтижесін беруде. Қазіргі кезде қалалық бюджетке түсетін салықтың 65 пайызы елордалық шағын және орта бизнестің үлесінде. ШОБ саласында стартап-жобаларды қолдау идеясын Астана қаласының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өткізген дәстүрлі конференциясында елорда басшысы ұсынған болатын. Жаңа бағдарламаға қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін қызметі экономиканың басымды салаларының тізіміне енбеген кәсіпкерлер қатыса алады. Несиенің ең көп сомасы –50 млн. теңгеге дейін. Сыйақы мөлшерлемесі – жыл­дық 7,9 пайыз, несие мерзімі – 7 жыл­ға дейін. Жобаларды іріктеуді өңірлік Кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырады. Осы орайда айта кететін мәселе, қазіргі кезде елордада шағын және орта бизнеске қосымша қолдау көрсету және дамыту мақсатында «Даму» қорымен бірлесіп 29 жасқа дейінгі тұлғалар қатыса алатын жас­тар кәсіпкерлігін дамы­ту бағдарламасы мен сауда саласын мақсатты несиелеу бойынша бағ­дарламалар жүзеге асырылуда. Аталған бағдарламалар бойынша қаржыны игеру 100 пайызды құрады, оларды жүзеге асыру жұмыстары одан әрі жалғасады. Ұлан САНЖАР.