31 Наурыз, 2016

Электронды денсаулық жүйесі қазақстандықтардың игілігінде

1206 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
электронды денсаулық сақтауАқпараттық-коммуникативтік технологиялардың адамзат үшін күннен-күнге маңызы артып келеді. Бүгінде гаджет, смартфон, интернетсіз қоғамды елес­тету мүмкін емес. Электронды байланыс құралдары адамдардың тұрмыс деңгейін көтеруге, өмір сапасын арттыруға зор ықпал етіп отыр. Қазақстанда соңғы он жыл ішінде электронды үкімет жүйесі енгізіліп, жұмыс істеуде. Оның мақсаты – азаматтар мен мемлекеттік органдар ара­сындағы қарым-қатынасты барынша қолайлы, қолжетімді ету. Денсаулық сақтау саласын пациенттердің қажеттілігіне қарай бағыттау мақсатында елімізде Электронды денсаулық сақтауды дамыту концепциясы қабылданды. Электронды денсаулық сақтау жүйесі ақпа­раттық-коммуникациялық технологияларды денсаулық сақтау жүйесінің барлық салаларында, соның ішінде амбулаторлық-емханалық, стационарлық, жедел шұғыл көмек, менеджментте қолданып, олардың үйлесімді қызметін қамтамасыз етеді. Жеке тоқталатын болсақ, қа­зіргі таңда еліміздің денсаулық сақтау саласында бірнеше ақпа­рат­тық жүйелер енгізілген. Мысалы, «Бекітілген тұрғындар регистрі» бүгінде бастапқы меди­циналық-санитарлық көмек көрсететін әрбір медициналық мекемеде жұмыс істейді. Онда еліміздегі 17 миллионнан астам тұрғындардың әрқайсысы қай емханаға бекі­тілгені туралы ақ­парат бар. Бұл жүйе бір жағынан, емханалардағы кезек мәселесін шешуге ықпал етсе, екінші жағынан, денсаулық сақтау саласындағы басшыларға әрбір учаскелік дәрігердің, әрбір емхананың жұмыс ауқымын қада­ғалап, олардың қызметін оңтайлы жоспарлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, аталмыш жүйе бойынша учаскенің алты базалық көрсеткіштері – ана мен бала өліміне жол бермеу, онкологиялық ауруларды, туберкулезді ерте кезеңде анықтау, арыз-шағымдар мен инсульт, инфаркт сияқты аурулардың көрсеткіштерін автоматты түрде алуға болады. «Госпитализация бюросы» атты ақпараттық жүйе науқас­тардың жергілікті, аймақаралық немесе республикалық клини­каларға өз таңдауы бойын­ша тіркелуіне арналған. Мыса­лы, стационарларда бұрын негізінен сол аймақта тұра­тын науқастар емделетін де, ал ауыл тұрғындарының емдеу мекемесін таңдауға мүм­кіндігі шектеулі болатын. Нау­қасты мамандандырылған рес­пуб­ликалық деңгейдегі ауру­ханаларға жіберу мәселесін стационардың басшылары немесе бөлім жетекшілері шешетін. Жаңа жүйе науқастарға қай облыс, қай аудан, қай ауылда тұрғанына қарамастан, егер ауруханаға жатуға көрсетілімі болған жағдайда, кез келген аймақтағы стационарды таң­дауына жол ашты. Бұл порталдан қай стационарда қанша төсек орны бос екендігін біліп, кезекті қадағалап отыруға болады. Госпи­тальдау бюросының тағы бір артықшылығы – бұл жүйе бір елді мекендегі емдеу мекемелері арасындағы ақпарат алмасуды қамтамасыз етті. Мысалы, аурухана кез келген емханаға түнгі уақытта немесе жұмыстан тыс уақытта өз бетінше медициналық көмекке жүгінген науқастар туралы ақпаратты автоматты түрде жіберіп отыруға мүмкіндік береді. Әрі аталмыш жүйе кепілді меди­циналық қызмет көрсету саласына жеке мекемелерді тартып, бәсе­кені арттыруға оң ықпал етіп отыр. Медициналық қызмет сапасын арттыру жүйесі медициналық көмектің қаншалықты толық­қанды, сапалы көрсетілгенін қада­ғалауға арналған. Мысалы, қандай да бір ауруды емдеу барысында бекітілген стандарттардан ауытқу болса, жүйе оны анықтап, медициналық ұйымға экономикалық ықпал ету әдістерін көрсетіп береді. Бұл дәрігерлерді өзінің кәсіби біліктілігін жүйелі түрде көтеріп отыруға түрткі болатыны сөзсіз. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі арқылы дәріханадағы фармацевт рецеп­тердің шынайылығын тексере алады. Электронды денсаулық сақ­тау­дың ең басты құрамы – ден­саулықтың электронды төл­құжатын енгізу. Бұл шара елімізде 2020 жылға дейін іске асырылмақ. Аталмыш электронды құжатта әрбір қазақстандық туралы негізгі мәліметтер мен оның денсаулық жағдайы туралы бүкіл ақпарат жинақталады. Яғни, дәрігерлер әрбір мәліметті қағазға толтырып, уақыт шығын­даудан арылады. Ал ең бастысы, адам дүниеге келген сәттен бастап оған жасалған ем-дом, оның зертханалық сараптама қорытындылары, қандай дәрі-дәрмекке аллергиясы бар деген сияқты ақпараттарды пайдалану арқылы науқасқа қолданылатын ем-дом сапасы көтеріледі. Сайып келгенде, электронды денсаулық сақтау бұл саланы жаңа сапалық деңгейге көтеріп, шалғай елді мекендердегі тұрғындардың, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен егде жастағы қарттардың қашықтықта отырып көмек алуына жол ашады. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы адамдарға өздерінің уақытын үнемдеп, көңілінен шыққан маманға қолайлы кезде көрінуге мүмкіндік береді. Сондықтан да, электронды денсаулық сақтау жүйесін дамыту 2016-2019 жылдарға арналған «Ден­саулық» мемлекеттік бағдар­ламасында ерекше көрі­ніс тауып, оны жүзеге асыру жолдары нақты белгіленген. Оған сәйкес, аталмыш кезең аралы­ғында еліміздегі барлық емдеу мекемелері жылдамдығы және қорғанысы өте жоғары интернетпен қамтамасыз етіліп, қажетті ақпаратты уақытылы, толыққанды түрде алып отыратын болады. Әрі бұл жүйелер барынша автоматтандырылып, медициналық мекемелердің бір-бірімен мүлтіксіз байланыс орнатуына мүмкіндік беруі тиіс. Жания НҰРҒАЛИЕВА, Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы электронды денсаулық сақтауды стандарттау бөлімінің жетекшісі.