31 Наурыз, 2016

Пластик құбырлар шығарылмақшы

787 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Пластик құбырларПрезидент Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында индустриялық инфрақұрылымдарды дамы­туға көп көңіл бөлуіміз керек екенін атап өткен болатын. Осыған орай Елбасы тапсырмасын орындау мақ­сатында Семейде көптеген игі істер атқарылып, әсіресе, отандық өндірушілердің  тауарлары кеңінен насихатталуда. «Семейпластком» зауытындағы жұмыс уақыты бұл күндері екі ауысымға бөлінген. Себебі, бұл жерде қосымша жұмыс қолдары керек болған көрінеді. Уақыт өткен сайын жергілікті тауар өндірушілердің өніміне деген сұраныс артып келе­ді. Әсіресе, семейлік зауыт­тың түрлі өніміне деген қызы­ғушылық ерекше. «Семей­пластком» зауыты 2008 жылы «Семпластком» негізінде әуел баста құю цехы ретінде жұмысын бастаған болатын. Цех бар болғаны 90х18 шар­шы метр аумақты алып, қосымша сауда үйімен ғана ерекшеленді. 2012 жылы тұр­мыстық кешен салынып, пластмасса уатқыш цех пен 40 шақты техникаға арналған гараж қолдануға берілді. Сол жылы қуаттылығы 0,7 гигакалорий болатын су жылытқыш қазандықтарды дайындап шығаратын қазандық та іске қосылады. Пластик құбырларды жасап шығару үшін сапалы шикізат Оңтүстік Корея мен Ресей сияқты елдерден әкелінеді екен. Пластик құбырларды Қазақстанның барлық елді мекендерінде қолданады. Сондай-ақ, кәсіпорын электр құрал-жабдықтарын, темір жабдықтарды да шығарумен айналысып келеді. Жаңадан салынған ғимараттарда инже­нерлік жүйелерді құрып, ретке келтіретін мобильді топ жұмыс істейді. – Алғаш шаруашылықты қолға алған кезде отандық өнімдерді өндіруді ойладық, бұл ойымыз жүзеге асты, – дейді «Семейпластком» ЖШС директоры Александр Шматенко, – шаруамызды бір ізге келтіргеннен кейін инновациялық тың жоба ойластыра бастадық. Ол жобаны жүзеге асыру кезінде қомақты қаржы кетпейтін және бізбен ешкім бәсекеге түсе алмайтын болуы керек деген мақсатты алдымызға  қойдық. Нарықтық экономикадағы жағдайды сараптай отырып, елімізге қай жағынан да пайда әкелетін жобаны қолға алуды жөн санадық. Пластик құбырларды шығару арқылы коммуналдық шаруашылықтарға қажетті бұйымдар шығарсақ, ұтылмай­тынымызды білдік. Өйткені, қазір кез келген жерде пластик құбырларсыз тұрмысты елес­тету мүмкін емес. Бұл жердегі цехтарды біз жаңадан дерлік жасап, жаңадан тұрғыздық. Біз полиэтилен, полипропилендік, канализациялық су, жылу құ­бырларын шығарамыз.  Қа­зір мұнда 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.    Шыға­рылатын өнім құрылыс, ауыл шаруашылығы салалары мен күнделікті тұрмыста пай­далануға бағытталған. Бұл күн­дері еліміз ғана емес, күллі ТМД елдерінде ерек­ше орын алып тұрған пластикалық құрылыс материалдары үлкен сұранысқа ие. Соған орай алдағы уақытта «Семей­пласт­ком» зауытының өнім­дері сұ­ранысқа да, талапқа да сай болатынына сеніміміз мол. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.СЕМЕЙ.