31 Наурыз, 2016

Әлеуметтік әріптестік әлсіремейді

286 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Еуразиялық топ 22 жылдан бері өңірдегі әлеуметтік игіліктердің жүзеге асуын қолдап, Қостанай облыстық әкімдігімен әлеуметтік әріптес болып келеді. Осы уақытқа дейін дүниежүзіндегі кен өндіретін қуатты кәсіпорындар қатарынан саналатын Еуразиялық топ басқармасы жақында облыс әкімі Архимед Мұ­хамбетовпен екі меморандумға қол қойды. Еуразиялық топтың басқарма төрағасы Алдияр Қазтаев пен облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қол қойған, оның алғашқысы Қостанай өңірінде инфрақұрылымдық мәселе­лердің шешімін табуына көмек береді. Биыл ERG меморандум шеңбе­рінде облысқа 1,3 миллиард теңге беретін болды. Бұл қаржы өткен жыл­дардағы секілді өңірдегі ма­ңызды әлеуметтік жобаларға жұм­салады. Мысалы, Рудный қаласында «Соколов» стансасынан Васильев булан­дырғышына дейінгі су насо­сының жөндеу жұмыстары, Арқалық, Қостанай қалаларындағы орталық стадиондарды қайта жаңғырту, Аман­гелді ауданындағы батыр музейін жөндеу жұмыстары осы қаржыны күтіп тұр. Екінші меморандумға республи­калық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов, Еуразиялық топтың менеджерлер кеңесінің төрағасы Александр Машкевич пен облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қол қойды. Бұл шара шеңберінде облыс өңірінде шағын және орта бизнесті дамыту үшін жобалар жүзеге асатын болады. Облыс әкімдігі мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірде халықты жұмыспен қамту мақсатында кәсіпкерлікті қаржыландыру үшін шағын несие ұйымын құруға бәтуа­ласты. Бұл ұйым кәсібін енді бастаған кәсіпкерлерді ынталандыру, олардың тәжірибесін толықтыру үшін ыңғайлы, жеңіл несиемен қаржыландыратын болады. Еуразиялық топ кәсіпкерлердің «Атамекен» ұлттық палатасына 300 миллион теңге қаржы бөледі, осындай көлемдегі қаржыны облыс әкімдігі де береді. Бұл қаржыға негізінен Рудный, Лисаков, Арқалық қалалары тұрғындарының шағын кәсіп­керлікпен айналысуына мүмкіндік жасалады. Облыс әкімі екі меморандумның өзара байланысты екенін айтқан болатын. Олардың екеуі де өңірдегі негізінен Еуразиялық топқа кіретін өндіріс орындарының тұрғындары тұратын Рудный, Арқалық, Лисаков қалалары мен Качар кентінің тұр­ғындарына арналған әлеуметтік және кәсіпкерлік жобаларды жүзеге асыруға арналады. Еуразиялық топтың құрамына Қостанай облысында орналасқан кен алыбы Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі, «Қазақстан алюминиінің» филиалдары болып саналатын Крас­нооктябрь және Торғай боксит кен өндіру басқармалары кіреді. Осы үш өндірісте 24 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Тек Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіндегі жұмысшылар саны 19700-ден асады. Облыс әкімі Архимед Мұхам­бетов меморандумға қол қою кезін­де өңірдегі Еуразиялық топқа кіретін өндірістегі жұмысшылар жала­қысының өсетіндігін, ол мақ­сатта Еуразиялық топпен келісіп отыр­ғандығын да айтып кетті. Әлеуметтік әріптестік барда дү­ние­ні теңселтіп отырған дағдарысқа өңір­дегі өндіріс пен әлеуметтік сала­ның қайығы қайырламайды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.